Кенеден қорғану амалы қандай болмақ?
Республика көлемінде жыл сайын тіркеліп отырған конго-қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошағы бар аурулардың қатарына жатады. Ауруды қоздырушы вирустың табиғатта жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан табиғи ошақтары бар елді мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы жоғары.
Белсенді табиғи ошақтары бар аймақ қатарына 2019 жылы аудан бойынша 11 елді-мекен яғни, Іңкәрдария, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Шаған, Айдарлы, Н.Ілиясов, Жетікөл, Ақжарма, Бесарық, О.Мәлібаев және Қоғалыкөл аймағы қолайсыз болып анықталған. Көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 26 сәуірінде басталып, мамыр айының соңына дейін жалғасты. Ақтөбе қаласынан келген сала мамандары екі реттен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Аса қауіпті аурудың алдын алу мақсатында «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық бөлімшесі ауылдық округтерден 2907 дана кене зертханаға жолданған. Соның нәтижесінде Ақжарма, Іңкәрдария, Шіркейлі ауылдық округінен жиналған кенелерден оң нәтижелі кенелер анықталып, аталған елді мекендерде өңдеу жұмыстары қайта жүргізілді.
Осы жылы аудан бойынша көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары барысында 25 361 бас уақ мал тоғытылса, 5466 бас уақ малға ветеринариялық препараттар қолданылды. 2018 жылдың 6 айында кенеден жарақат алған азаматтардың жүгінуінің саны 74 жағдай тіркелсе, ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін жарақат алған азаматтар саны 34 болды. Қазіргі таңда конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу бойынша күзгі залалсыздандыру жұмыстарының кестесі бекітіліп, аудан бойынша қыркүйек айының 3 мен 22-сі аралығында жүргізілуде.
Бұрнағы күні облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы А.Шаменов, аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров және аталған сала мамандары бірлесіп залалсыздандыру жұмыстарын бастады.
– Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, ауруды дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктің жұмысы ғана емес, оған осындай аймақта тұратын тұрғындар да атсалысуы тиіс. Белсенді табиғи ошақтары бар аймақтарда жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Зинадинұлы.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз елді мекендер болып есепке алынған ауылдық округ әкімдеріне күзгі залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін ауыл тұрғындарының қораларына санитарлық-тазалау жұмыстарының уақытылы, сапалы жүргізілуін ұйымдастыруды тапсырды.
Майя ҚОЖАБАЙ