КЕНЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС БАСТАЛДЫ
Облыс аумағы конго-қырым қызбасына қатысты қолайсыз аймаққа жатады. Сол себепті де жыл сайын көктемде зиянды жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүреді. Ауданда қырым қанды безгегінің алдын алу жұмыстары өткен аптада бастау алды. Бұл шаралардың сапалы жүргізілуі өте қажет. Өйткені, кенеге қарсы залалсыздандыру дер уақытында жүргізілмесе, адамдарға қауіп төнуі мүмкін. Осыған байланысты жақында кентке кіреберіс саябақ алдында жиын болып, дайындық барысы пысықталды.
Жылдағыдай биылғы жоспар да ауқымды. Әрбір үйдің қорасын залалсыздандырып, аудан ветеринарлары мен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мекеме сапаға мән беру керек. Оның ұйымдастырылуына ауыл әкімдері жауапты. Алғыс сөзде аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров осыны айтып, тиісті тапсырмаларды берді. Ал облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаев облыста залалсыздандыру бойынша мердігер мекеме нақтыланып, жоспарлы істі атқаруға дайын екендігін жеткізді.
– Конго-қырым қызбасы адам өміріне қауіп тудыруда. Оны тасымалдаушы ірі қара мал болып отыр. Сондықтан алдын алу шараларын жүргізуге қаржы бөлініп, осыған кіріскелі отырмыз. Негізі, облыста 123 елді мекен қолайсыз аймаққа кіріп отыр. Оның ішінде, Сырдария ауданында 11 елді мекен бар. Осы жұмысты жауаптылықпен атқарып, зиянды жәндіктерден келетін қауіптің алдын алуға тиістіміз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Мұнан соң меймандар мердігер мекеменің құрал-жабдықтарымен танысып, аралап көрді. «Здоровое поколение» мекемесінің директоры Г.Бектілеуова биыл залалсыздандыруға «Креолин Х» сұйық дәрісі қолданылатынын айтты. Бұл дәрінің кенеге қарсы белсенділігі күшті. Ауданда залалсыздандыру жұмыстарына 6 автокөлік жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды 18 адам жүзеге асырады. Залалсыздандыру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілмек.
Жиын барысында аталған жұмыстарда қауіпсіздікті қатаң сақтау ескертілді. Сондай-ақ, кенеге қарсы залалсыздандыру шараларын еш кедергісіз жұмыла атқару керектігі айтылды.
Е.БЕРКІНБАЕВ