Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 39 газет

26 мамыр 2020 ж.

№ 38 газет

23 мамыр 2020 ж.

№ 37 газет

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Бюллетень

Бюллетень

Түтіні будақтап, жүйткіте өткен трактордың ізінен көтерілген шаң бірте-бірте сейіліп келеді. Ақырындап басылуға беттеген сол қою шаңның арасынан ер адамның сұлбасы бозаңытып көріне бастады. Тұрпаты жас жі­гітке келетін сияқты. Трактордың да­рылдаған дауысы алыстап кеткен. Шаң да бұл кезде толық басылған. Үсті-басын шаң көмген адамның кірпік-қасына дейін май топырақтың тозаңы аямай қонақтағаны көрініп тұр.
Оны елең қылар пендең ол емес. Осы сәт үйінің алдында ашыған көжеге салатын жүгеріні уатып, келі түйіп тұрған көрші Ғанидың қатыны Бекзаттың шаңқылдаған дауысы шықты. Үнемі ешіріп жүретін тракторист Бекболатты сыбап жатыр. Дәл бір қою шаңның астында өзі ғана қалғандай, бар білетін қарғысын жаудырып жіберді. Сосын трактордың дауысы алыстап, естілмей кеткен кезде Бекзаттың да сабыры қайта оралған болу керек, тыншыды. Тракторист Бекболаттың әдейі шаңға көміп ұйтқытып өтіп бара жатқанын да, келі түйіп тұрған әйелдің ащы дауысын да елең қылмаған қалпы, бозала шаңға малынған ертегінің батыры секілді манағы қапсағай тұрпатты жігіт жақындап келеді.
Бұл кезде Пахрадин қожа үй сыр­тындағы арықтан есік алдындағы бақ­шалыққа су апаратын тұрбаның тығынын ағытып, суды ашып жі­бергелі жатқан. Шаң арасынан шығып, өзіне қарай беттеп келе жатқан тірі аруақтың сықпытынан кім екенін ажырата алмай тұр. Ол жақындап келеді. Пахрадин қожа оның біреуді есіне салатын жүрісіне қарап, шырамытып, топшылады.
– Саумаекем! – дегенде барып бұл пақырдың кім екенін таныды.
– Уалейкүмассалам!
Жүрелеп отырған Пахрадин қожа, бұл бір шаруамен келе жатыр ғой шамасы, деп түрегеліп, жөн сұрасуға бетін бұрып жатқан. Аяғын алшаң басқан күйі Жәпек оның тұсынан өтіп кетті. Аялдамастан өте шыққан оған таңырқап, артынан қарап тұрды. Тұлғасы, жүрісі, бір қолын серпіп лақтырып жүретін әдеті әкесінен аумай қалыпты. Әкесі Пахрадин қожаның түйдей құрдасы, Сапарбек деген соғыс ардагері еді. Соғысқа қатысқанын айтып, мақтанған кезде масаттанып, бір ерекше паңдығы ұстап қалатын.
Құрдасының осы ба­ласы әкесінің қасынан қалмайтын. Соғыс көрген, сұсымен ауылдың бүкіл баласын бір шыбықпен айдайтын ұстаз өзінің осы ұлына келгенде жібіп, елжіреп қалатын. Бұл ұлына жақын жүрген балалар ардагер ұстаздың мейіріміне бөленбесе де, осының айналасында жүргеннің өзінен бір қорғаныш сезінетін. Сондықтан көрші-қолаңның балалары да осы Жәпекпен бірге ойнап, бірге жүруге тырысатын. Ардагер ұстаздың қаһарынан қаймыққан балалар ауылдың сыртына шыққан кездерінде Жәпектің жанын шүберекке түйгізіп қоятын. Оған себеп те бар, ол – әкесін арқаланып, арасында бұларға тісін батыратын қылықтары еді. Дегенмен, өзі қопал да. Сонысын біліп, қорыққанынан ауыл сыртына шығуға да, әкесіне шағымдануға да қаймығатын. Мұның орынсыз еркелігін тыйып жүрген осы ауылдың тентектері еді.
Бұрын осы баланың жүріс-тұрысы мығым, ісі ширақ, жөн білетін сияқты көрінетін.
Осындай ойдың жетегінде тұрған Пахрадин қожа ой тұңғиығына бойлап, осы ауылдың мектебіне мұғалім болып келген жылы орын алған оқиғаны көз алдынан өткізді.
Ол кезде жас Пахрадин Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институтты бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып, елге оралған. Соғыстан кейінгі «халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары» аталған уақытта мектеп шәкірттеріне «білім» атты ғажайып дүниенің сырын ашуға жан-тәнімен кірісіп кеткен ол өз әулетінен шыққан алғашқы ұстаз болды. Әкесі Бейімбет қожа – Орынбет ишанның Балымбет, Арзымбет, Имам мағзұм, Исламнан кейінгі кенже баласы.  Шыққан тегі – халықты имандылыққа ұйытып, қалың кішкененің ішінде Асан аталығының пірі болған қожалар. Имам мағзұм көзі тірісінде діндарлығымен батырлығы, батылдығы қатар жүретін қайсар мінезді, тақуа жан болған.   
Үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы Әзіздің Қосым атты баласынан тарайтын бұл әулет ұрпағының жүрегінде иманы, тілінде кәлимасы бар, қолынан кітабы түспеген, әрдайым халықпен бірге, қиын-қыстау шақтарда белінен қылышты қынабы шешілмеген. Тәуке ханның тұсында мұқым қазаққа пір болып сайланған Мүсірәлі сопы Әзіз атамыз Түркістанға жүрер сапарының алдында жұртын жинап, тілеулес ағайынға келелі кеңесін айтыпты. Ризалықпен қайыр-қош айтып тұрған сопы Әзізге:
– Бойыңдағы Алла берген қа­сиетіңмен жүректерге иманды­лықтың дәнегін енгізіп, бізге қалқан болып келген піріміз едіңіз! Қоныс аударып барасыз. Жұртта жетімсіреп біз қалдық. Орыныңызда кім пір болады бізге? – деген екен бір қария.
– Қосыныма Қосымымды қал­ды­рамын, – деп Мүсірәлі сопы Әзіз бабамыз орнына баласы Қосымды пір етіп, жариялап, батасын беріп кетіпті.
Қосым қожа бабамыздың тарихи тұлғасын деректермен сабақтастыра кетейік. Жаугершілік кезде Қосым қожаның төртқара Дәулетбақсымен, жақайым Сартай батырмен дос болып, талай жорықты бірге өткізіп, ел шетіне келген жауға тізе қоса тойтарыс бергені тарихи шындық. Оған дәлел –  үш достың мәңгілік мекендері қатар жатыр.
Хош, сонымен Пахрадин қожа жас маман ретінде Арал теңізінің балық шаруашылығы (кеңшар) болған Қасқақұлан ауылдық мектебінде қызмет жолын бастайды. Балықшы ауылдың балаларын сауаттандыру ісімен қатар, өзі соғыстан кейінгі ел еңсесі көтеріле қоймаған жылдар арасында балықшыларға көмектесуге де уақыт тауып жүреді. Қасқақұланның ел-жұртымен сыйласып, балық­шы­­­лармен де, оқушылармен де бір ту­ғандай бауыр басып кеткен. Алла­ның қалауымен, әкесінің бата­ласқан жерінен келіншек алып, осы ауылда тағы бір-екі жыл жұмыс істейді. Сол аралықта Қасқақұландағы жетіжылдық мектеп жабылатын болып, Пахрадин қожаға өзі туып-өскен Мақпал болы­сының орнына құрылған Бозкөл колхозының мектебіне ауысудың сәті түседі. Бұл қазіргі Қазалы ауданындағы Үрмаш Түктібаев ауылы болатын.
Сауатты, іскер маман ретінде әрі балықшы ауылдағы жиған тәжірибесі бар, өз ауылында да білек сыбанып, балалардың оқуға, білімге деген ынтасын арттыруға кіріседі. Сабақты шебер өткізетін, оқушыларды баурап алған Орынбет ишанның баласына ата-аналардың да ықыласы ауады.
Бұл кезең – соғыстан кейін елдің тұрмысы түзеле қоймаған, халықтың жүдеу кезі. Мемлекеттік құрылымдар да қайта жасақталып, жаңа заман жаңа талаптар әкеліп жатқан уақыт. Бұл өлкеде де егіс алқаптарын дайындау, егінге су жеткізу үшін арық қазу жұмыстары қарқын алған. Жұмысшы еңбеккерлердің құқықтарына назар аударылып, халықтың қоғамдық-саяси сауатын көтеру сияқты бастамалардың іс жүзінде қолға алынып жатқан тұсы.
Сол жылы СССР Жоғарғы Кеңе­сінің 4-шақырылымына өңір­лерден депутат сайлау науқаны өтетін болып, жер-жерде дайындық жүргізіле бас­тайды. Бұрын-соңды сайлау өт­кізу тәжірибесі жоқ ауылда бұл істі ұйымдастырудың жауапкершілігі са­уатты деген мамандардың ішінен Пахрадин Бейімбетұлына артылады.
Ақыл-кеңес сұрайтын адам бұл маңайға жақын ауылдарда да жоқ. Жауапты кезеңді абыроймен өткізуді нысана етіп, аудан орталығындағы осы істе тәжірибесі бар азаматтармен танысып, олардан білмегенін сұрап, біраз нәрсе үйренеді. Бұл науқанның маңыздылығын алдымен өзі жете түсініп, зерделеп, сосын білгенін өзінің ауылдастарына түсіндірумен болды.
Аудан орталығына барып-келуі жиілеп,  үкімет ісіне араласа бастаған өзі жас, өзі жаңадан келген мұғалімнің белсенділігі, тап-тұйнақтай іс-әрекеті ауыл мектебіндегі басқа мұғалімдерге ұнай қоймады. Іштерін қызғаныштың қызыл иті тырнағандар сыпсың-сыпсың әңгімеге тамызық қойып,  ауыл арасындағы өрбіген өсекті жоғары жаққа да жеткізе бастаған. «Партия орнамай тұрғанда халыққа дін таратқан қожа-молданың ұрпағы қудалаудан аман қалғанымен қоймай, жаңа заманға бейімделіп, мемлекетке қарсы астыртын әрекеттер жүргізіп жүр» деген арандатушылық сыңайдағы әңгімелер толастамай қойды.
Үкімет пен партия тапсырмасына қанша адалдық танытқанымен, шала бықсыған өсек қыр ізінен қалмай қойды. Соған қарамастан, мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды мінсіз орындап, өзінің негізгі қызметімен қатар түрлі қоғамдық-саяси мәселе­лермен айналысуға да уақыт та­уып, үлгеріп жүрген жаңадан келген ұстаздың алғырлығы мен зеректігіне ауылдағы, аудандағы басшылар сенім­мен қарап, сырттай бақылап жүреді. Күдік туғызатын дәнеңе байқалмайды. Ауыл арасындағы өсек-аяң қамысқа тиген оттай лап етіп барып, басылады. Оған іштері күйген көреалмастар дәл жауапты сәтте сүріндіру үшін жаңа жос­пар құра бастайды.
…Көктемгі дала жұмыстарымен қатар келген сайлауға дайындық пысықталып, сайлау бюллетеньдері ауылдарға, ондағы тұрғындар санына сәйкес  таратылды. Әкелінген бюллетеньдер саналып, бекітілген бумасымен сайлау учаскесі орналасқан кеңседегі темір жәшікке салынды. Сайлау өтуге бір күн қалғанда Пахрадиннің жүрегі қобалжып, бір жамандықты сезгендей дегбірі қашты. Маңызды шаруаға жауапты болғасын ертеңгі сайлау өтетін орынды сырт көзбен тағы бір шолып,  дайындық жұмыстарын пысықтап,  кеш түсе үйіне қайтты. Үйге барып шай ішіп, тынығып, ерте тұрып келейін деген ішкі есебі де бар. Кешкі асын ішкеннен кейін де көңілі алаңдап, тыншымай қойды. Бойында бабаларынан жалғасып келе жатқан, жұртшылықты имандылық жолына ұйытатын қасиеті  болса да, заманына қарай тиесілі қызметін алып жүрген қожаның ұр­пағы Аллаға сыйынып, адамға зәбір көрсетпейтін. Ата-бабаларының қам­шысы тиді ме, алаңдаған көңілі байыз таппағасын қайта киініп алып, мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келеді. Ауыл халқының асарлатуымен салынған шағын тоқал тамның кіреберісіндегі желқағар қос пен соның маңдайына қадалған қызыл ту ғана білім ордасын өзге тәпене  үйлерден ерекшелеп тұратын. Мектептің есігі екі қарыс арқанның үзігімен байланатын. Бағана кетерде өзі жауып, байлап кеткен. Байлауы өзгерген сияқты. Соған көзі түскен бойда күдігі ұлғайып, есікті сермей ашып, сайлау өткізуге арнайы дайындалған бөлмеге жылдамдата басып кірді. Білте шамды жағу түгілі оны іздеу де қаперіне кірген жоқ. Бөлмеге кіргенде бірден аңғарғаны,  айдың жарығы түскен терезені көлегейлей қойылған темір жәшіктің есігі айқара ашық тұр. Сонда да үміті үзілмей жәшіктің ішіне дереу қолын салып, сипалап көрді. Қолға мөрден басқа еш нәрсе ілінбеді. Қолы қалтырап, аяғы дірілдеп сол жерде «не жаздым» күйге түсті. Әкелінген бюллетеньдердің қолды болғаны анық. Оны кім істегенін де іші сезіп тұр.
Ұсталмаған ұры емес. Қолға түс­пегесін оларға кінә да арта алмайды. Темір жәшік ішінен қолын сыртқа шығарып, самайынан ағып иегіне жеткен терді сыпырып, қолын үстіне сүрте салды да жандалбасалап далаға шықты.
Іші алай-түлей Пахрадин үйіне қарай екпіндей басты. Бағана ғана қарап, тексеріп кеткен сайлау бюлле­теньдерін әлде басқа жерге қойдым ба деген де ой келеді. Әлде түс көріп жатырмын ба деп те қалады. Түсі де емес, қателесіп те тұрған жоқ. Ашық жатқан темір жәшіктің  есігі алдынан ашылып тұрған темір қапастың есігі сияқты елестеді.
Алқымына тығылған ашу көзінен дәрменсіз жас болып шығып, үйіне қарай жүгіре басып келеді. Көңілінде жоғалған бюллетеньдер бір жерден табылатын сияқты көрініп, бір үміт, бір күдік алмасып жатты. Тәтті қиялмен жүретін уақыт емес, ақылмен амал қылмаса болмайтынын тез түйсінді. Аласұрған жас жігіттің ойы сан-саққа жүгіріп, бір мезетте сабыры жеңіп, ақылға салды. Болар іске бекініп, қандай амал қылу керектігін ойлады. Қиналғанда, торыққанда әрдайым сонау көз ұшынан сәуле болып көрінетін, зеңгір көктен жететін бір тылсым күш тығырықтан шығар жолды ұсынды. Дереу есін жиып, аудан орталығына барып келу ғана бұл қапастан құтқаратынын пайымдады.
Баруға 70 шақырым. Қайтуға 70 шақырым. Ертең сағат 7.00-де сайлау учаскесі ашылып, дауыс беру басталуы керек. Қысылтаяң уақыт, бітер іске ердің құнын сұрау – жаманның әрекеті.
Үйіне барып, қолына анасының шыт орамалын алды, ызадан көзіне келген жасты ешкімге білдірмей сүртті. Сосын әкесінің тұлыбын, сыр­мағын киіп, сыртқа беттеп бара жатып іргеде ілулі тұрған мылтықты ала шықты. Алған беті – жүйрік ат баптап, бәйгеге ат қосып жүретін сейіс Алданай ағасының үйі. Беймезгіл уақыт. Бірақ үй іші жатып қалмаған сияқты. Баласына кітап оқытып отыр ма, әлде аят үйретіп жатыр ма, анық естілмейді. Күбірлеген дауыс бар. Не күбір екеніне қарап, түйін жасайтын уақыт жоқ. Ішке кіріп, апыл-ғұпыл сәлем-сауқаттан кейін асығыс шаруасы бар екенін айтып, қалғанын ағасына оңаша шыққасын түсіндірді.
– Аудан орталығына барып келетін мініске ат керек. Ініңнің басына сынақ түсті. Бүгін бюллетеньдерді орнына қойып, таңертең сайлауды ойдағыдай өткізбесем, құрдымға кеткенім. Ініңді айдауылдардың алдына салып,  өз қолыңмен ит жеккенге шығарып саласың, – деп қолындағы шыт орамалды тістеніп, ызадан көмейіне келген өксікті сездірмеуге тырысты.
– Айналайын-ау, басың аман болып, абыройың ортаймасын, талабың мұқалмасын. Бір айғырдың сідігі, бір байталдың құлыны. Сенің жолыңда өлсе, құнын сұрамаймын. Мына Көк­аланы мін. Жолың оң болсын, – деп Алданай қожа інісінің көңілін орнықтырып, батасын берді.
Көкаланың ер-тұрманын салып, тартпасын тартып, ерге жайғасқасын үстіндегі әкесінің тұлыбы тоңдыр­майтынын сезді. Мылтықты ыңғайлап иығына асып алды. Көкала көрген көзге ғана емес, көңілге де дем беретін, басын бәйгеге тіккен ерге серік болатын текті жануардың тұяғы екенін бағамдады. Ағасының тілектес болып берген батасынан жұбаныш тапқандай, бір сәтте көңілінде үміт, артынша сенім тұтанды.  Аллаға сыйынып, ата-бабаларынан медет сұрап жолға шыққалы Көкала қам­шы салдырған жоқ. Өзі де қорада тықыр таппай, осы жолды күтіп тұрған сияқты. Сауырына  көтерілген қамшыны тигізбестен шаба жөнелді. Ауылдан ұзап кете қоймаған сияқты еді. Бір қараса, Жалпақтың түстігімен Нұралықты көлбей өтіп, Жаман қашыға келіп қалыпты. Бағанадан бері намыс пен наладан ызаға булығып, жанары мұнарланып, көзіне де еш нәрсе түспей келе жатқанын енді сезе бастады.
Аттың дайын тұрғаны, ағасының айтқан сөздері есіне түсіп, енді ғана тоңнан босап, бірақ ат тұяғының астында жентектеліп қалып жатқан топырақты, көктемнің түнгі ызғарын да сезетін емес. Өз ойымен өзі арпалысып келеді. Көз алдында да, ойында да күдігіндегі сол екі адам.
Сол азарланған күйімен дарияға жеткенше анасының шыт орамалымен өзінің де, Көкаланың да көзін кезек сүртіп келді. Ауылдан шыққалы төкпе шабыспен келеді. Барғанда қылар қарекетім қайсы, кімнен қайран болар екен деген жүйрік ойлары аудан орталығы Қазалыдағы аудандық атқару комитетінің өзі жақын білетін қызметкерлерінің үйін шарлап кетті.
Дариядағы өткелде Павел деген оралдық казак сыпа арғы бетке өткізіп ақы алатын. Бұл келгенде қайықшы «көлігін» жағаға қайырлатып байлап жатыр екен. Оған Қазалыға шұғыл шар­уамен келе жатқанын, 1-2 сағаттан кейін тағы кері өтетінін айтып, ұйықтап қалмауын өтініп сұрады. Қалтасына салып шыққан 10 сомды ұстатып, келісімін алды. Ауданға қатынаған сайын әңгімелесіп жүзтаныс болып қалған.
Дариядан сал өткелмен атымен бірге өткізіп жіберген Павел жағалауда қалды. Әкесінің тұлыбын Көкаланың кеуде тұсына жауып дариядан өтіп алғасын, аттың тері мұздамай тұрып одан әрі шаба жөнелді.
Түн ауып кеткен кез. «Қарумен жүргенім әбестік болар, көрген көзге үрей туғызар» деп ойлады. Мылтығын бір жерге жасырып кетудің ретін таппады. Қараңғыда көзге көріне қоймас деген оймен ат тақымының астынан ерге таңып, байлап тастады. Сол бетпен аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқаратын Мұстафаның үйіне тіке тартты. Мезгілсіз келгеніне кешірім сұрап, оған мән-жайды қысқа ғана баяндап шықты.
Қанша келіп жүргенде кісілігін емес, кішілігін көріп, шалғайдан келгендерге көмектесіп жүретін, ықыласы түзеу, иман жүзді осы Мұстафаға сүйсініп, онымен сыйласып жүрген.
– Қожеке,  қарап көрейін. Саған жететіндей болса, аямайын, – деп түн ішінде жұмыс орнына барып, ондағы бюллетеньдердің қалғанын ­санады. Жеткілікті екен. Оны естігенде Пахрадиннің жүрегі алып ұшып, Аллаға мың сан шүкіршілігін айтып, дұғасын қайырды.
– Мен де бір кәдеңе жарармын, Мұсеке! Таң атқанша ауылға жетейін. Әуелі Алла, сосын Алданай ағам мен өзіңіздің арқаңызда кәззаптардың кесапатына ұшырамай, бір опаттан басымды арашалап алғандаймын. Мұнан кейін жауапты шаруаға араласпаспын, – дегеніне, Мұстафа:
– Қожеке осы өмірдің өзі арпалыс емес пе? Меселің қайтпасын. Бұл жалғанда біріміз-бірімізге тілеулес, тілектес болып жүрсек болды. Жолың­нан қалма, – деп ақтарылды.
Аудан орталығынан қаланың сыртымен Қарлаңға, далалықпен төте салғысы келген. Бірақ бұған түнде жолдан қияс кетіп, шалшық-батпаққа ұрынып, Көкаланы шаршатып, терін қатырып алармын деген ойы тоқтам болды. Таңып байланған мылтығын шешіп, мойнынан асыра, арқасына батпайтындай, ыңғайлы етіп иығына іліп алды. Сөйтті де әуелі Сұлутамның шетіне шығып, одан әрі келген жолымен кері ауылға қарай шаба жөнелді.
Көкала Пахрадин қожаның ойын айтқызбай біліп, келген жолының ой-шұқырына дейін жаттап алғандай желіп отырды. Әлі де сол екеу есінен шықпайды. Неге сонша қастық қылғандарын түсіне алмайды. «Анау-мынау емес, мемлекеттік маңызы бар іске кедергі келтіргендері қалай? Қастық қылса, менің өзіме жасамайды ма? Бұл ұрлықтың арты ашылса, менімен бірге олар да абақтыға қамалады ғой» деп ойындағы бар сұрақты өзіне қойып, өзі жауабын таба алмай келеді. Олардың бұл  әрекеттерінің түпкі себеп-салдарын шамаласа да, соншалық қатыгез­дік­теріне ренжиді. Бағана келе жатқанда түнеріп тұрған аспан ашылып, ызғар­дың беті қайтып, Көкаланың да шабысы әдепкіден жылдам сияқты көрінді. Бірақ бүгінгі санасына түскен салмақтың реніші мен қуанышы қатар болғасын, не үшін күйзелгенін, не үшін кектеніп, не үшін қуанатынын да ұмытып кетеді арасында. 
Енді бірде ызадан булығып сол екеуіне қолы жетсе, желкелерін үзіп, кінәларын мойындатып, ел-жұрттың алдында масқара еткісі келеді. Мұста­фаның көмегімен жаңадан алған бюллетеньдер есіне түскенде жалма-жан дорбасына қол салып жіберіп тексеріп көрген. Орнында екен. Дорбаның аузын жауып, бауын мықтап байлады да, бір қолын дорбаны ұстаған күйі босатқан жоқ. Алқымына лықсып бір толқын келгендей, жылап жіберді, бұл қуаныштың көз жасы еді. Бұл жолы көңілі көрген азабынан арылып, Алланың құдіретімен шаруасының қиюласа кеткеніне қуанғаннан тол­қулы еді. Өзінің де, шауып келе жат­қан аттың да көзін сүртіп қояды.
Бұрынғы уақытта жұрттың көбі Сырдың бойын қыстап, жаз жайлауға қырға немесе Қызылға кететін. Кенет қасқырдың ұлыған дауысы естілгендей болып, аттың басын іркіді. Алдыңғы жақтан шығатын сияқты. Арқасындағы мылтығына қолын созып, дүмбісін ысқылап-ысқылап жі­­бе­ріп, оқшантайын тексеріп, оң иы­ғына асып алды. Тапталған қар мен аршылған жайылымның әр-әр жерінде қалған малдың жапасы жақын жерде қыстап отырған ауыл бар екенін аңғартады. Осы дария мен Жалпақтың арасында бұрын бірен-саран бақша салатындар болмаса, ел қыстамайтын. Өткенде теңіз беттен бір топ адам Жалғызтал жаққа келіп қоныстанып жатыр, Жалпақтың нұралық бетіне де қырдың алашалары көшіп келіпті дегенді естіген. Манағы қасқыр ұлыған тұсқа жақындағанда біресе ырылдап айбат шегіп, біресе қыңсылап қашқандай дыбыс келді құлағына. Жақындап келіп қараса, әдейілеп құрған үлкен қақпанды қасқыр қауып қалған екен. Одан қаймығып екі шибөрі айналшықтап жүр. Аттылы жолаушыны көрген шибөрілер жылыстап, әрірек барып тұрды. Түн қараңғылығы ыдырай бастаған кез. Шибөрілердің жылтыраған көздері ғана көрінеді. Ал қасқыр болса, қақпанды шынжыры жеткен жерге дейін сүйретіп келіп, бұған қарсы қарап ырылдап тұр. Артық қимыл жоқ. Пахрадин қожа қақпандағы қасқырдан өз тағдырын көріп, көзіне көзі түсті. «Е, арпалысқан тіршілік, тұрағы жоқ» деді ішінен. Қасқырдың маңдайын қарауылға ілді. Қасқыр ырылдағанын қойып, тағдырына мойынсұнғандай үнсіз қалды. Бостандықта кездеспей, темір құрсауда жатқанда, күшіңнің емес, қолыңдағы қарудың мықтылығын танытасың деп тұрғандай болды. Осы сәт есіне бағана ғана қастық қылған адам-шибөрілердің азары, жол азабын тартып келе жатқаны, темір жәшік, Алданай ағасы, Мұстафа түсті. Анау көздері жылтырап тұрған екі шибөрі ойындағы екеу сияқты елестеді. Мылтықты кішкене көтеріп, оң жаққа сәл бұрылды да жылтырап тұрған сол екі көздің ортасын көздеп, шүріппені басып қалды. Даланы жаңғыртып кеткен мылтық дауысы бұған қаймықпай қарап тұрған қасқырға әсер етпеді ме, қасқыр тіпті  селт еткен де жоқ. Екінші шибөрі сол заматта жоқ болып кетті. Қасқырдың қайсарлығын білсе де, дәл осы күні тағдырласын қақпаннан емес, анталаған шибөріден құтқарып, өз жолымен әрі қарай кетті. Мұның да қайсарлығын мойындаса керек, қасқыр қақпан қысқан аяғын ауырсынған күйі шегініп  отырды. Қақпанның иесі де көп ұзамай келіп қалар. Қақпан да, қасқыр да – сол кісінің несібесі.
Таң қылаң беріп қалғанда ауылға жетіп, бірден Алданай ағасының үйіне қарай тартты. Інісі жолға шыққаннан ұйқысы қашып, Алладан демеу сұрап, дұғасын оқумен болған Алданай қожа да аттың дүбірін алыстан сезіп, үйінен шығып келеді.
Қораға жақындағанда аттан түсіп, жақындап келген ағасын құшақ­тауға шамасы әрең жеткен сияқты. Иегі кемсеңдеп, ие бермеді. Сөйлеуге шамасы келмей тұрған інісін жігерлендіру үшін:
– Тәйт, тәйірі, қайдағы жаман әдетті бастап, – деп тыйып тастады. Сөйтті де Көкаланың жауырынын, сауырын сипалап, алдын ала дайындап қойған жабуын жауып, терін суытып, әрлі-берлі жүргізе бастады.
Пахрадин қожа қораның сыр­тын­дағы ақырда отырған күйі аз уақытта басынан өткен арпалысты көз алдынан өткізіп, бәрінің сәтімен болғанына көңілін бірлеп, бір сәт тоғайып отырды. Ұйқы қысып, маужырап кететін сияқты. Дорбасын қолына мықтап ұстаған күйі, бойын тіктеп, ағасына жақындады.
– Ағау, Алла қолдап, орталыққа барған шаруам реттелді. Уақыт таяп қалды, мен конторға барайын.
– Үйге кіріп, аяғыңды созып, демалып алмадың ба? Шай-суыңды ішіп алып-ақ барарсың.
– Су ішсем болды. Уақыт тығыз. Алла сізге екі дүниенің қызығын нәсіп етсін, – деп үйге кірді. Үйдің кіреберісіндегі үлкен ағаш астаудың қақпағының үстіндегі бақырашты алып, қақпақтың бір шетін көтеріп жарты ожау су алды да, мұздайына қарамастан сіміріп салды.
Шөлдеп қалыпты. Бойы сергіп, шаршағаны басылғандай болды. Сыртта Көкаланың терін суытып жүрген Алданай ағасына кеттім дегендей ишарат білдіріп, сайлау учаскесі орналасқан мектепке қарай беттеді. Бағана өзі жаппай кеткен мектептің есігі ашық тұр. Есікті байлайтын арқанның екі қарыс бөлегі жерде жатыр екен. Оны көтеріп есіктің сыртқы тұтқасына бір шалып байлай салды. Ішке кірсе, иесіз қалған темір жәшіктің есігі сол күйі ашық. Темір жәшікке бума бюллетеньді салып, комиссия мүшелері келгенше мылтығын қолынан тастамай күзетіп отырды.
Сайлау уақыты басталардан бұрын көңіліндегі екі күдікті бірінші болып жымыңдап кіріп келді. Ешқандай қиындық көрмегендей, ішкі күдігін сабырына жеңдіріп, оларды әдеттегідей қарсы алды. Беті домбығып, көзі қызарып тұрған Пахрадин қожаның сұсынан олар да секем алып, іштей қорқып қалған секілді. Комиссия мүшелері бюллетеньдерді қабылдап алып, дауыс беру басталған кезде ол екеу еңселері түсіп, сайлау үйіне қарай келе жатқан ауыл тұрғындарына қарсы жүріп, оқшау, ауылдың сырт жағына кетіп бара жатты.
Сол күнгі сайлау барлық заңды­лығымен, шашау шықпастан өтті. Бі­лім беру саласындағы еңбегі де жақ­сы нәтиже көрсетіп, шәкірттері білім озаттарының қатарын толық­тырды. Сол баяғы екі мұғалімнің біреуі бел­гі­сіз аурудан қайтыс болса, екіншісі дарияға ағып кетті. Бір-екі жылдың ішінде налаға ұшыраған екі мұғалімнің тағдыры да қасқырды торып жүрген екі шибөріге ұқсаған. Осы жылдан бастап Пахрадин қожа ұстаздығымен қатар мемлекеттік маңызы бар шараларды ұйымдастыру істеріне де жауапты етіп бекітіліп жүрді. Сайлау өткізу тәжірибесі басқаларға тәжірибе ретінде насихатталды. Көрші ауылдың мектебінде ширек ғасырға жуық директор болды.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін осы оқиға туралы есіне түсіріп сұрағанымызда Пахрадин қожа:
– Аттың да жүйрігі кетіп, шабаны қалды, ағайынның жақсысы кетіп, жаманы қалды, – дегені бар еді. Біреуге азар берген адамдардың өздерінің де тағдыры таразыға түседі. Артындағы ұрпағына да жақсы болмайды. Алла қалап, Көкаланың мықтылығы мен маған тілеулес жандардың пейілінің тазалығы мені сол бір кесапаттан құтқарды, – деп күрсініп еске алған.
Бағана Жәпектің жүрісіне қарап тұрып, бұл бала әлі есін білмейтін кезде оның әкесінің істеген қиянаты жүрегін тілгілеп өткен.

Талғат МАХАНОВ,
17 мамыр 2020 ж. 38 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам