Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәңірге шүкіршілік етті

Тәңірге шүкіршілік етті

Ерсін Ерғалиев

Жұмыстан шаршап келген Еркін тақтаға жата кетіп еді, қалғып кетіпті. Бір кезде құлағына еміс-еміс асқа шақырған әйелінің дауысы естілді. 
Дәлізге шыққаны сол еді, аяғына мысығы орала кетіп жүруіне кедергі жасаған соң, оны қолына алған. Бірақ мысығы бауырына жабысып, кеудесін тырналап ерсі қылық танытқанына таңғалып қалды. Дәліздің жарығы күңгірт болған соң ба, тарғыл мысығының түсі күлгін болып көрінді. Осы кезде әйелінің:
- Асқа неге келмей жатырсың? - деп ренжіген даусын естіп:
– Мысықты ойнатып отырмын, – деді Еркін.
– Сен не айтып тұрсың? Мысық кілемде пырылдап ұйықтап жатыр, - деді зайыбы.
– Айтады екенсің, мысық қолымда тұрса, ол қайдан кілемде жатады,- деп асханаға кірген Еркінге әйелі таңырқай қарап:
– Е, бәсе, мысығың әне жатыр, – деп кілемнің үстінде керіліп жатқан мысықты көрсетті. Еркін аң-таң болып біресе қолындағы, біресе кілемде жатқан мысығына қарайды «Бұл қалай, әлде қолымдағы мысық көрші үйдің мысығы болғаны ма?» деп ойланып қалған еді:
* Сен тағы елестерді көре бастағансың ба? - деген әйелінің даусын естіп селк етті түсті. Не дерін білмеген Еркін:
– Жо-жоқ! Бірақ қолыма күлгін түсті мысықты ұстап тұрмын, – деді күмілжіп.
– Әй, қолыңда мысық түгілі оның көлеңкесі де жоқ!? – деген әйелінің дауысы құмыға шықты.
– Ә, солай ма, ендеше уайымдама, – деп әйеліне басу айтып, далаға беттеген, осы кезде кілемде жатқан мысығы да жонын күдірейтіп Еркіннің қолында жатқан мысыққа айбат шегіп еді, «елес мысықта» жүндерін үрпитіп, тістерін ақситқаны ғой. Жүрегі өрекпіп кетті. Ол қолында жатқан мысықтың «тылсым дүниеден» келген «елес мысық» екеніне шүбәсі қалмады. Далаға шығысымен Еркін айбат шегіп тұрған мысыққа «Бар өз әлеміңе, енді мені мазалаушы болма» деп Құранның қасиетті дұғаларын оқи бастап еді «елес мысықтың» мысы басылып, көзден ғайып болғаны. Содан көңілі сабасына түскен Еркін «Үздіксіз құлшылығым, отбасымды жынның иектеп алмауына жол бермей жүр екен ғой» деп Тәңірге шүкіршілік етті.

29 наурыз 2019 ж. 925 0