Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға бағамы тұрақты

Баға бағамы тұрақты

Сырдария ауданы өзінің тың бастамаларымен өзге өңірге үлгі болған ауданның қатарында. 2015 жылы Тереңөзек кенті орталығынан ашылған әлеуметтік дүкен аз қамтамасыз етілген отбасылардың қамы үшін ашылса, 2013 жылы елімізде тұңғыш болып Қоғамдық кеңес жұмысын үйлестірген аудан болғанынан ел-жұрт хабардар.
Осыдан бес жыл бұрын басталған бас­тама – әлеуметтік дүкен жұмысы жыл өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ең бастысы, мұнда тұтынушыларға нарық бағасынан 30-50 процентке төмен сатылатын азық-түліктің ең қажетті түрінің барлығы бар.
Әлеуметтік дүкенді ашудағы басты мақсат – халықтың осал тобын, көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Азық-түлікті арзандатылған бағамен тарату, көмектесу. Негізінен бес түрлі азық-түлікті, атап айтқанда күріш, қант, ет, ұн, өсімдік майын ай сайын комиссия мүшелері бекітіп берген отбасылар алады. Дүкен ашылғаннан бері жұмысын үйлестіріп, халықтың алғысын алып жүрген дүкеннің меңгерушісі Мәрия Сейпулова. Ол өзінің жұмысы туралы:
– Әлеуметтік дүкенге азық-түлік көбіне мұнай компаниялардың демеушілігімен, қайырымды аза­мат­тардың көмегімен келеді. Егін жинау науқанында аудандағы шар­уашылықтар бау-бақша өнім­дерін әкеліп өткізеді. Көкөністерді кеусен ретінде таратамыз. Сонымен қатар аудан тұрғындары отбасынан артылған киім-кешекті әкеліп береді. Киімдерді тегін қажет еткендерге таратамыз. Бұл бастаманы «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева бастағанын айту керек. Содан бері тозығы жетпеген, өздерінен артылған таза, бүтін киімдерді дүкенге әкелетіндер қатары көбейді. Бұл да болса қажет еткендер үшін жақсы көмек, – дейді.
Әлеуметтік дүкен қызметін пайдаланатын тұтынушының ті­зімін жоғарыда айтып өткендей, кент әкімі жанынан құрылған комиссия қа­­­­­­лыптастырады. Комиссия құрамындағы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ау­дан­­дық газеттің бас редакторы, аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы ай сайын тізімді қарап, зерттеп, қажеттілігіне қарай жаңартып отырады. Осы күнге дейін дүкеннен 90 отбасы – 411 адам азық-түлік алса, қазіргі елдегі төтенше жағдайға байланысты тізімдегі отбасы саны артқан. Яғни 110 отбасынан 500-ге жуық тұрғын жеңілдетілген бағамен ең қажетті деген азық-түлікті тұтынуға мүмкіндігі бар.
– Дүкендегі заттарды белгіленген көлем мөлшерінде жан басына есептеп береміз. Мысалы, ай сайын ұн – 5,5 келіден, күріш – 3 келіден, шекер – 1 келіден, өсімдік майы – 0,5 литрден, ет – 1 келіден отбасындағы жан басына босатылады. Кейде тұтынушылар қолында бар қаржысына қарай азық-түлікті ала береді. Дүкен аптасына екі күн, сейсенбі және бейсенбі күні сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Жұмыс кестесінен барлық отбасы хабардар, байланыс телефондары арқылы азық-түлік келгенде хабар беріп, алып кетулерін сұраймыз, – дейді дүкен меңгерушісі.
Былтырғы жылы облыс бойынша кент­тегі әлеуметтік дүкен «Қазақстандағы үздік әлеуметтік жобалар» байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» ҮІІ республикалық конкурсының қорытынды марапаттау рәсімінде министрдің Алғыс хатымен марапатталды.
Әл-ауқаты төмен отбасыларына әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізіп отырған әлеуметтік дүкеннің халық үшін игілігі мол. Көпке көмек көрсетіп отырған жоба қызметі өзгелерге үлгі болатынына сеніміміз мол.
Жұлдызай Аяғанова, көпбалалы ана:
– Әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұ­тынушысымын. Ел ағалары ұйым­­дастырып, халықтың қамы үшін жасалған бастамаға қуан­ғандардың бірімін. Қазір азық-түліктің бағасы қымбаттап барады. Дегенмен нарықтан 30 процентке төмен азық-түлік сатылатын дүкеннің тұтынушысы ре­­тінде мұндағы баға отбасыма өте қолайлы екенін айтқым келеді. Қайырымды жандардың арқасында кейде тегін азық-түлікті де аламыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұргүл Жаншыбаева, көпбалалы ана:
– Әлеуметтік дүкеннен тұрақты түрде ай сайын азық-түлік алып оты­рамын. Бөлінетін мөлшер көлемі де жеткілікті. Бағасы да әлдеқайда төмен. Адамның өмір сүруіне қажетті ең негізгі азық-түлік қорының жеткілікті болуын қалаймыз. Дүкеннен ай сайын май, қант, ұн алуға мүмкіндік бар. Көпбалалы ана ретінде демеушілерге ризашылығымды білдіремін.

Бибісара ЖАНӘЛІ
28 сәуір 2020 ж. 408 0