Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқақ армандарымыздың темірқазығы

Асқақ армандарымыздың темірқазығы

Өзі оқыған мектебін ой елегінен өткізген кез келген адамның санасына «Алтын ұя», «Ұшқан ұя», «Киелі мекен» деген тіркестер оралады. Мен де өзім оқыған, қияға қанат қаққан мектебім туралы ойлай қалсам, арманымның бас­тауы болған құтты мекенге тағзым етемін. Иә, біз оқыған мектеп балалық балдәуреніміздің куәгері, жас күнгі мақсатымыздың темірқазығы, жас маман ретінде толысқан кезіміздегі тірегіміз еді.
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 100 жылдық мерейтойы – ұстаздар қауымының ғана емес, бірнеше буынның ортақ қуанышы. Сондықтан былтыр басталған мерейтой дүбірі бүгінде облысымыздан асып, Нұр-Сұлтан, Алматы секілді үлкен қалаларға жетті. Алыс-жақын шетелдердегі шәкірттеріміз, мектептің түлектері хабарласып, мерейі үстем мектеп туралы жылы лебіздерін білдіруде. Әлеуметтік желі арқылы да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Бұл мектептің ардагері ретінде мен үшін зор қуаныш. Сондықтан алтын ұя мектебімнің менің өмірімдегі алатын орны жөнінде оқырман қауыммен ой бөліспекпін.
Баланың бас ұстазы – ана-ана екені белгілі. Ал мектептегі ұстазы – ата-анадан кейінгі ең жақын қамқоршысы. Біздің жақсы азамат болып қалыптасуымызға ата-анамыз қалай еңбек сіңірсе, мектептегі ұстаздарымыз да аянбай тер төкті. Бізге әріп үйретіп, қолға қалам ұстатып, жазу-сызуды меңгерткен олардың алдында мәңгілікке қарыздармыз. Қамқорлығы, мейірімі ешқашан ұмы­тылмайды. Ұлағатты ұстаздардың есімі көңілі­міздің төрінде сақтаулы.
1962 жылы мектепті 32 оқушы бітірдік. Бәріміздің арманымыз асқақ болатын. Ата-ана сенімін, ұстаздар үмітін арқалап үлкен өмірге қанат қақтық. 5-7 сыныпта сынып жетекшіміз Төлеген Әбілдаев ағай болса, 8-10 сыныпта бізге Нұрылда Әбдірәсілов ағай жетекшілік етті. Нұрылда ағайымыз білікті ұстаз ғана емес, өнерлі болатын. Шәкірттерін өнерге бау­­лып, қосымша үйірмелерге қатысқанымызды жөн көретін. Ибадулла Байдәулетов ағай екеуі көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыратын. Оған сыныптағы ән мен биге ынталы оқушылар белсене қатысатынбыз. Ағайлардың алдында ән шырқау, өнер көрсету біз үшін зор жетістік еді. Кейде Тереңөзек кентіне жақын ауылдарға барып концерт қоятынбыз. С.Сейфулин, А.Тоқмағамбетов елді мекендеріндегі ардагерлер бізді қуанышпен қарсы алатын. Оқушы ретінде біздің көңіліміз көтеріліп, сол күні ата-анамызға сүйінші хабармен келетін едік. Мұның бәрі бізге сабақ берген ағай-апайлардың біздің бос уақытымызды тиімді пайдалануы,  өнерге, жақсы істерге бағыттауы еді.
Біз өнер үйірмелерінен бөлек қоғамдық жұмыс­тарға да белсенді қатыстық. Еңбектен қашқан, жалтарған сәтіміз болған емес. Сыныптың ер балалары мен қыздары жүгерішілер бригадасын құрып, жүгері де ектік. Жазда күріш отауға, күзде күріш оруға баратынбыз. Мұндай жұмыстарды атқарғанымызға ата-анамыз қарсы болмайтын. «Мектептегі ұстаздар не айтса да орындау керек, олар сендерге жамандық тілемейді» деп бізді мектепке жіпсіз байлап қоятын. Қазіргі балаларға бұл ертегі секілді. Кейде бүгінгі оқушыларды сенбілікке де шақыруға болмайды дегенді естісем, ойға батамын. «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейді дана халық. Біз еңбекке ерте араласқаннан ешқандай жамандық көрген жоқпыз. Қайта үйрендік, шынықтық, тәжірибе жинадық. Қиындықты бірге еңсеруге болатынын сезіндік. Сондай-ақ сабағымызды да ұмыт қалдырмай, жақсы оқыдық. Соның негізінде біздің арамыздан екі ғылым кандидаты шықты. Мекеме басқарғандар қаншама?! Қарапайым өмірде адал еңбек еткендер де көп. Алты сыныптасымыз медицина саласында жемісті жұмыс істеді. Ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттердің жүрегіне жол тапқан білім саласының майталмандары да бар. Өзім де мектебіме тағзым ретінде «Тарихы терең мектебім» атты кітап шығардым. Қысқасы, біздің сыныптан барлық мамандық иелері шықты, біз ұстаздарымыздың еңбегін ақтауға тырыстық.
Қазір ойланып отырсам, мектеп қабырғасында өткен кезеңіміз ең бақытты сәттеріміз екен. Сыңғырлаған қоңырау үні, асыр салып ойнаған шақтарымыз, бір-бірімізге арман-мақсаттарымызды айтып, ой бөліскеніміз өмірдің қызықты да, қымбат бөлігі екен. Өткенді ой елегінен өткізсем, ұстаздарым еске түседі. Олардың қатарында Қ.Ыс­майылов, С.Усабаев, Б.Бо­ран­құлова, Қ.Байсалбаев, А.Қор­жынбаев, М.Мәмбетов, А.Айт­мағанбетова, К.Асқаров, Б.Ермахановтарды құрметпен еске аламыз. Мен өзім еңбек еткен жылдарда мектеп директоры болған Сақыбек Алданазаров, Ажар Әзхожаевалардан ұстаздық еңбектің қыр-сы­рын үйреніп, мол тәжірибе жинақтадым. Ұстаздық деген ұлы есімді жоғары асқақтатып ұстай білген Сақыбек ағай мен Ажар апай туған тілі мен әдебиетінің қадір қасиетін ұр­пағына жеткізуге аянбай еңбек етумен бірге, көп жылдар білім ордасының мәртебесін көтерген білікті басшы бола білді. Қаншама жылдар өтсе де ойымыздан кетпейтін өзіміз оқыған, еңбек еткен алтын ұя мектебім мен үшін өте қымбат, әркез мақтан тұтамын.
Жақында аудандық газетте Қазыбай Құдайбер­геновтың «Ұшқан ұя ұмытылмайды» деген мақаласы жарияланды. Сол мақалада «Иса Тоқтыбаев атын­дағы мектептің ғасырлық тойының жоғары рухани ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне шүбәм жоқ. Себебі іргелі аудан басшыларының барлығы да руханиятқа жақын азаматтар. Мектептің атын иемденген Иса Тоқтыбаев ел тарихындағы есімі еленген ерекше тарихи тұлға» делінген. Осы пікірді қолдай отырып, мектебіміздің ғасырлық тойына шашу ретінде демеушілік көрсетіп жатқан түлектерге ризашылығымды білдіремін. Бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынына сенімім мол. Абырой бәрімізге ортақ. Жүз жылдық тарихы бар мектебіміздің білімді, бәсекеге қабілетті шәкірттері көп болсын! Тарихы терең, үлгісі ерен мектебіміздің мерейі үстем болғай!

Анар ІЗБАСАРОВА,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»

25 сәуір 2020 ж. 615 0