Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерге дайындық қалай?

Әскерге дайындық қалай?

Отан. Патриоттық сезім. Әскери өмір. Бұл – қасиетті ұғымдар. Азаматтық парызы мен Отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастар үшін айтылған ұғымдардың мәні бөлек. Сөзімізді статистикамен сабақтайтын болсақ, ел аумағындағы әскерге шақырылған ер азаматтардың 80 проценті азаматтық борышын атқаруға дайын екенін мәлім еткен болса, 20 проценті барғысы келмейтінін айтыпты. Дегенмен, бұл көрсеткіштер жас буынның әскер өміріне қызығушылығы басым екенін аңғартады.
Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан бастау алды. Тиісінше алдағы төрт ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. Осы орайда, Қорғаныс істері жөніндегі Департаменттің аудандық бөлімінде нақ осы күндері қызу қарбаласты байқауға болады. Мұнда өңірдегі ауылдардан жолданған жастардың денсаулық әлеуетін тиісті медициналық тексерістен өткізіп жатыр. «Отан алдындағы парызымды өтесем» деген жігіттердің медициналық тексеріспен қоса психологиялық дайындығы қаралады. Қобалжулы. Оларды түсінуге де болады. Өйткені денсаулықтарынан сәл кінәрат табылса, әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Жастардың денсаулық жағдайын анықтауда қажетті жабдықтар мен тиісті сала мамандары толық қамтамасыз етілген. Күзгі әскери науқанға Отан алдындағы борышын өтеуге аудан бойынша 55 сарбаз шақыртылып отыр. Оның екеуі бүгінде қасиетті парызды өтеуге аттанып үлгеріпті.
– ҚР Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті­нің Сырдария аудандық бөлімі мамандары тарапынан күзгі әскери науқанға шақыру контингентін зерделеу, шақырушылармен олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жатқан оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни, жастардың әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, – дейді сала мамандары.
Айта кетерлігі, әскерге шақырылғандар үшін жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына бүгінде көз аурулары қосылған. «Әскери қызметке жарамайтындар арасында басқа ауру түрлерінің ішінен көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді дәрігерлер. Жастардың арасында соңғы жылдарда көздің нашар көруі сырқаты жиілеп барады. Оның себебі, жастардың бала кезінен бастап, компьютер, смартфондармен тым әуестенулерінен болса керек. Бұрыннан келе жатқан сырқат түрі ретінде әлі де болса майтабан жастардың қатары қалың. Салмақ жетіспеушілік, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп екен.
Әскери қызметші, келешегің қандай?
3 күн уақыт мерзімінде медициналық комис­сияның бақылауынан өтетін болашақ сарбаздар тиісті әскери бөлімдерге бөлінетін болады. Айта кетейік, бүгінде Қорғаныс министрлігі үш мыңға жуық жас буынды Қарулы Күштер қатарына шақырса, қалғандары Ішкі әскерлер мен Шекара қызметі, Республикалық Ұлттық Ұлан және Мемлекеттік күзет бөлімдеріне жіберіледі екен. Мамандар бұл қатарда әскери бөлімдерге қабылданатын сарбаздардың басым көпшілігі біздің өңірге тиесілі екенін айтады. Өткен жылы күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде республика бойынша еліміздің шекара шебіне 2 мың қазақстандық аттанған. Ал Ұлттық Ұлан 6,5 мың және Мемлекеттік күзет қызметі 300 сарбазбен толыққан болатын. Бүгінде жалпы саны 30 мыңға жуық қазақстандық әскерге шақырылатындар қатарында тұр.
Шекара қорғауға барғысы келетін жастар­дың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап ҚР Мемлекеттік күзет қызме­тінде борышын өтеуден үміткерлерге де қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстайтын болуы тиіс. Яғни, келбеті келіскен, денсаулығы мықты, сымбатты жастар алынады. Сонымен қатар білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң Үкімет оларды сол Мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім-шарт әрі қарай офицер болып қызметтерін жалғастырады. Сондықтан Мемлекеттік күзет қызметіне алынатындардың саны да шектеулі. Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етеді. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті азаматтарға басымдық бері­леді. Ал Ұлттық Ұлан ішкі істер әскери бөлім­шелері үшін алынатын сарбаздардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені, бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колония­­ларын қарауылдайды. Әлбетте, бұлар­дың барлы­ғында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.
Заң бойынша әскерден үйленгендер, соттал­ғандар, денсаулығы жарамсыздар мен студенттер босатылады. Сондай-ақ әскер қатарына шақырылушы жалғыз бас­ты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы мүгедек болған жағдайда асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы осыны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы қажет. Жалпы түрлі жағдайларға байланысты әскерден босатылғандар жергілікті комиссариатқа жыл сайын анықтама қағазын тапсырып отыруы тиіс. Ал түрлі жағдайларға байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру азматтарға тек бір рет жасалады. Әскерде болған сарбаздар мен сержанттар және запастағы офицерлер келісім шартпен әскери қызметке қабылданып, өздерінің қалауы бойынша ел аумағындағы әскери бөлімдерге қызметке баруына толық мүмкіндік бар. Келісім шарт бойынша әскери қызметке алынуы үшін ниет білдіруші міндетті түрде ҚР азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 19-дан төмен және 35-тен жоғары болмауы керек. Үшіншіден, мұндай қызметке тек әскери міндетін өтеген адамдар мен әскери кафедра немесе әскери оқыту резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Төртіншіден, азаматтың денсау­лығы жақ­сы және бұрын сотталмаған болуы керек. 10 жыл және одан да көп уақыт әскери қызметте болғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй берілсе, аталған мерзімге толмағандар үшін тұрғын үй жалдау үшін арнайы өтемақы төленеді.
«Әскерге барғым келеді». Осылай деп жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі Департамент бөліміне келушілер көбейген. Тіпті, жігіттер медициналық тексеріс кезінде ауруын жасыратын көрінеді екен. Дегенмен, Қорғаныс министрлігінің өкілдері тыңғылықты іріктеуден сүрінбей өткендерді ғана Қарулы күштердің қатарына алмақ.

Майя ҚОЖАБАЙ
17 қыркүйек 2019 ж. 1 067 0