Есімдер сырына үңілсек...
Өзге елдерде қайдам, біздің халық балажан. Сәби дүниеге келгенде азан шақырып есімін қою, шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, тоқым қағар, сүндет той жасау халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасқан ежелгі дәстүрлерінің бірі. «Балаңның атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген даналық сөз бар. Демек, қазақ балаға ат қоюға ежелден ерекше мән берген. «Атына заты сай болсын» деген ниетпен бала өмірге келсе, оның атын ізгілік, даналық шақыратындай етіп қоюға тырысқан және оны көпке сыйлы, құрметті адамға қойдырған.
Сәбидің дүниеге келуі қуаныш, бақыт, шаттық болып табылады, себебі дүниеге ұрпақтың жалғасы келеді. Сондықтан сәбиге ат қою ата-ана, ата-әже, барлық туысқандар үшін үлкен мазмұнға ие шара болып табылады. Осындай ізденістен бір нәтиже шығып балаға бір есім бұйырады.
Адам баласы үшін оның есімінің мәні күрделі. Мағынасы жарасымды есімдер кісінің өзіне үйлесімді, қонымды киімдей өмір бойы жарасып тұрады емес пе? «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, адамның есімінің өзі-сөз. Есімдердің мән-мағынасын зертегене ғалымдар кісі есімінің оның өмір жолына тигізер әсерінің зор екенін, есімдер мәніне сай өмір сүретінін дәлелдеген. Өмірге келген ұрпағына мәнді, мағналы есімдерді қоя отырып әр ата-ана оған әлемдегі бар жақсылық атаулыны тілейді.
Сондай-ақ, адамға ат қоюда өзі өмір сүрген кездегі тарихи кезең де айтарлықтай ықпал ететін көрінеді. Бір сәт осы есімдерге байланысты тарихи кезеңдерге тоқтала кетейікші.
Қазақ сахарасында ислам діні дендеп ене бастағанда Мәжит, Ибрагим, Самат, Мұхаммед, Әли, Хариз, Әбдірахман, Ахат, Омар сиықты діни ұғымдарға байланысты ныспылар пайда болған.
Ал, 1725 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезінде дүниеге келген сәбилерге Жаукелді, Еламан, Тұяқ есімдері көптеп берілген. Сол кезеңде қазақтан шыққан хан Абылай үш жүздің басын қосып, ұзақ жылдарға созылған ұрыста жеңіске жеткенде ырымшыл қазақ жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге Бұхар, Ақтамберді, Абылай, Бөгенбай, Қазыбек, Төле есімдерін беруді лайық көрген.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ әдебиетінің алтын кезеңі дүбірлі оқиғаларға толы бұл кезең елге тұтқа боларлық, аузы дуалы жаңа есімдерімен жарқ еткен алаш зиялыларын тарих сахнасына шығарды. «Ер есімі – ел есінде» демекші, ерлерін қадірлеген халқымыз өз перзенттеріне Әлихан, Ахмет, Иса, Әміре, Күләш, Шара, Сәкен, Ілияс, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден, Бауыржан, Талғат, кейін тарих ақтаңдақтары ашылғанда халқымен қауышқан Мағжан, Мұстафа, Санжар есімдерін берді.
Айтпақшы, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесінің оқырманға әсер еткені соншалықты 60-шы жылдардан бастап Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Зере, Ұлпан есімдерін алған қыздарымыздың саны күрт өсті.
Ернтеректе Алдаберген, Құдайберген, Тәңірберген, Жасағанберген атты есімдер уытты сынның найзасына ілініп, күлкі шақыратын еді. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, Алланың ныспысын иеленген азаматтар шаруасын көп-көрім дөңгелетіп, ел қатарлы өмір сүруде. Дана халқымыз жаратқан иемізден ұл сұрағанда да, бірінің артынан бірі дүниеге келген қыздарға Ұлтуған, Ұлтуар, Ұлдаш, Ұлболсын деген аттарды қойып, ішкі тілегін астарлап жеткізген екен.
Ал балалары бірінен соң бірі шетіней бергесін кейінгі балалары тұрып қалсын деген оймен әдейі Жаманбала, Итжемес, Қарабала, Итбай, Бұзаубас, Жаманқұл, Бұқабай деген есімдерді беріп, тіл-сөзден сақтандырған. Мен білетін Тарақан есімді азаматтың анасы онан үлкен 8 құрсақ көтерген. Бәрі шетінеп кеткен. Ырымшыл ата-анасы үміті жүзеге асып, жалғыз тұяқ Тарақан бүгінде он баланың әкесі. Қызғыштай қорыған ұрпағына жасаған ием де шапағатына бөлеп, ұзақ ғұмыр берген көрінеді.
Зерттеулерге үңілсек, көптеген есімдер діни мағына береді. Рамазан, Оразкүл, Оразбек, Оразәлі, Айтбай деген есімдер – қасиетті рамазан (ораза) айына байланысты есімдер. Нұрпейіс-жәннет бақшасының, Мәлике-періштенің, Ләйла – түннің, Шәміл, Шәмша – күннің, Мәди, Мәдина, Дина – Пайғамбар қаласы Мәдиненің, Ислам – дініміз Исламның мағынасын білдіретін есімдер. Жалпы, балаға ат қою туралы Пайғамбарымыздың жеткен даналықта «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» делінген. Осы қасиетті аманатты орындау үшін әрбір ата-ана өз сәбиіне жақсы ат қоюмен қатар жақсы тәрбие беруге ұмтылады.
Қазақтың өнер саңлағы Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткеннің есімінің қойылуының тарихына тоқталайық. Отбасындағы сәбилері шетіней беріп қайғырып жүргенде дүниеге бір қыз келеді. Сол кезде үйге төрт кемпір, олардың артынан бір шал қонақ болады. Осы сәбидің өмірі ұзақ болсын деп ырымдап әжесі оны төрт кемпір мен шалдық астынан өткізіп, оған «Төрткемпірбіршал» деп ат қояды. Кейіннен бұл есімнің бірінші буыны және «кенен» сөзінің бірінші буыны алынып Төрткен деп өзгертіледі.
1970 жылдары киноэкраннан «Қыз жібек» кинофильмі көрсетілгенде Жібектің рөлін ойнаған Меруерт Өтекешованың сұлулығына, өнеріне елі тәнті болғандығы сондай, сол жылдары дүниеге келген қыз балалардың көпшілігі Меруерт атын еншіледі. Әнші, актриса Меруерт Түсіпбаеваның да есімі Меруерттің құрметіне қойылған. Белгілі әнші Мақпал Исабекова есімін «Мақпал Жүнісовадай болсын» деп ырымдап қойғанын мақтан тұтады.
Танымал журналист Жанарбек Әшімжан үлкен ұлына Ақтамбердінің, әйгілі әнші Роза Рымбаева ұлдарына Әлидің, Мәдидің, Меруерт Түсіпбаева ұлына атақты сазгер Нұрғисаның есімін беріпті. Мақпал Жүнісованың қызына мерейі үстем болсын деген ниетпен «Мерей» деген есімді қойғаны жарасып-ақ тұр.
Бүгінде Роза, Бибігүл есімді қыздар өнер саласында көзге түспесе де білікті, білімді мамандар ретінде қалыптасып, апаларының абыройын түсірмеуге тырысып жүргені анық.
1991 жылы еліміз аңсаған тәуелсіздікке қолы жетті. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетіндегілердің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қойылған есімдер жайлы қызықты мәліметтерге көз салайықшы. 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2016 жылдың 6 желтоқсанына дейін 31810 адамға Нұрсұлтан деген есім берілген. Ал, Қазақстанның бірінші ханымы Сара атты есім 3512 қызға қойылыпты. Сондай-ақ елімізде Қазақстан және Тәуелсіздік есімді балалар да бар екен. Ал Отан есімді 23 бала болса, Елбасы есімін 35 бала иемденген. Сонымен қатар тізімдердің ішінде Астана, Теңге, Нұрлыжол, Нұротан, Бәйтерек, Мәңгілік, Ақорда, Атазаң есімді адам аттарын да кездестіруге болады.
Осы әңгімеге байланысты бір жайт күнделікті өмірде жасөқспірімдер мен жастар арасында есімді бұрмалап айту көрінісі байқалады. Бұрын Айымка, Мадинка, Анарка, Панарка деп итті шақырғандай кә-кәлаған олар енді заман ауанына қарай әп-әдемі есімдер Ералы-Ереха, Гүлнар-Гулнара, Іңкір-Инкара, Асқар-Асик, Абылай-Абаха т.б. деп атауды сәнге айналдырды.
«Кім баласын жақсы көрмейді? Кім баласын үлде мен бүлдеге орайын демейді? Кім баласының арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Аплотондай ақылды, Жиреншедей ағынды болғанын қаламайды бейсің? Депті қазақтың талантты жазушысы Жүсіпбек Аймауытов, Әрине жарық дүниеге келген сәбидің естір құлаққа жағымды, мағыналы есімі оның күллі өміріне сәуле шашып тұруы қажет. Бүгінде маманлар «Адамның есімі оның келешек тағдырына әсер етеді» дегенді жиі ауызға алады. Ал дана қазақ болса, «жақсы сөз – жарым ырыс» деп әлдеқанаш түйінді пікір айтқан.
Қорыта айтқанда баламызға ат қояр кезде жан-жақты ой елегінен өткізіп, атына заты сай, ата-анасының арманы мен мақсатын жүзеге асыруға тырысатындай есімді қойғанымыз абзал.
Нағыман ӘЙТЕНОВ,
Шаған ауылы