Арнайы қонақ
Арнайы қонақ – қазақтар той жасағанда, соғым сойғанда, не келелі, маңызды іс бастағанда, той-тілеу жасарда, ырым өткізерде, ас, нәзір бергенде, не алыс сапар алдында т.б. жағдайда үйіне арнайы қонақ шақырады. Туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдарының басын қосады, ақ сарыбас қой, не көк қасқа тай сояды. Арнайы қонағын емен-жарқын күтеді, малдың басын тартады, бата жасатады. Мол да бай төбе дастарқан жаяды. Мұны қазақ кәдесінде «арнайы қонақ» деп атайды.
Ата қазақта «Ауыл үйдің қонағы айында, жылында болады» деген аталы сөз бар. Қазақ дастарқанға дән толса, үйге қонақ толады, үйге қонақ толса, өмір мәнге толады деп, шаңырағын қастерлеп қонақ шақыруды ежелден-ақ жақсы салтқа, тамаша дәстүрге айналдыра білген ғой.
Арнайы шақырылған қонақтар «қуыс үйге құр кірме» деп, лайықты сыйлықтар ала келеді. Ал алқа-қотан қонақ болып аттанған қонақтарына «қуыс үйден құр шықпайды» деп үй иесі шама-шарқына қарай әр алуан сыйлық сыбаға беріп аттандырады.
Қазақтар «шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деп, шақырған жерден қалмай, қуана-қуана барады. Қонақтың мәнісі алым-берім, ішіп-жеуде емес, қарақан бастарын сыйласуда, көңіл тауып, берекемен жарасып жақындасуда жатыр. Ол ғана емес, «Көрші қақысы – тәңір қақысы», «Туыс тұтастығы тәңір парызы» деген тәңір қақылы адамгершілік сый-сияпатында жатыр, үзілмес достық, арылмас тұтастық түсінігінде жатыр. Дәммен дәнекерлескен қонақжай, жақсы дәстүр, моральға бай, қайырымды, қаймақты қасиетінде жатыр.
Болат Бопайұлы Жота Қажы
«Қамшы» сілтейді