Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас зияткер «алтын медальмен» марапатталды

Жас зияткер «алтын медальмен» марапатталды


Ғылым мен білімді интеграциялау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын өткізеді.
Биылғы жылы Конкурс Алматы қаласында 13-16 ақпан күндері оқушылар сарайында ұйымдастырылды. Әр қаладан келген білімділердің байрақты бәсекесінде жүзден жүйрік шыққандар ақтық кезеңге жолдама алды. Сайыстың соңғы кезеңі 747 оқушының 592 ғылыми жұмысын қамтыды. Аталған конкурста Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Бақытжан Даниярбек «Дүние жүзі тарихы, адам және қоғам» секциясы бойынша «Қазақстанның интеграциялық мүмкіндіктері» тақырыбында өзінің ғылыми жобасын қорғады. Тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Абджалиев жетекшілік еткен оқушымыздың бұл жобасы әділ-қазылар алқасының шын ықыласын аудартты.
Талабы мен ережесі қатал сайыста, қатысушыларға көптеген ситуациялық сұрақтар қойылып, академиялық білімдер мен дағдылар талқыға түсті. Еліміздің әр түкпірінен жиылған білімділер бәсекесінде оқушымыз бен жетекші-ұстаздың еңбегі еленіп, конкурстың қорытындысы бойынша Бақытжан Даниярбек І дәрежелі Дипломмен және алтын медальмен марапатталды. Ерекше көзге түскен еңбек авторының жетекшісі Нұркен Абджалиевте «Білім беруге қосқан үлесі үшін» төс белгісін иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген жас зияткер мұнымен тоқтап қалмай, Қостанай қаласында Құқық негіздері пәнінен өтетін пәндік олимпиадаға дайықты бастап кетті.
19 ақпан 2018 ж. 1 916 0