Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Патронат тәрбиеші

Патронат тәрбиеші

Адам тағдырын таңдамайды. Әу баста пенденің басына оның өмірі жазылып қойылады дейді көз көргендер...
Кішкентай шақалақтың маңдайына ата-анасынан ерте айырылу жазылған екен. Ең ауыры, туған анасынан небәрі 8 айлық кезінен көз жазып, арада бірнеше ай өткенде бөпесіне пана болған қамқоршы әкеден айырылу қандай қорқынышты еді. Дүние есігін ашқан сәбидің айналасындағы ең жақындары оның әжесі мен нағашылары болды. Қайран өмірдің қатал сынағына төтеп беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен «Уақыт – емші» деп бекер айтылмаса керек. Ол күндер қазір ұмыт бола бастады.
Өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 41 жыл бойы Нағи Ілиясов ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Малике Алматова тағдырдың сынына төтеп бергеніне осы күні  шүкірлік етеді. Өзінің туған төрт перзентінің ең кенжесі Гүлнараның айықпас дертке шалдығуы ананың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, қайта одан сайын ширата түсті десек артық айтқандық болмас. Өмірлік серігі шаруашылықта абыройлы еңбек етіп, күн-түн демей егіс басында жүргенімен, уақыт тауып, аяулы жарына сенімді серік бола білді. Ақыры бас аяғы 3-4 жылда Гүлнараны алып тынды ауыр дерт. Ол көз жұмғанда, оның артында жұбайы мен бір жасқа да толмаған қызы Гүлфара қалды. Қимастықпен қош айтысқан жас ана жүрегі мәңгіге тоқтағанда Марал аға мен Малике апа күйеу балаларына демеу болып, оның қолында қалған сәбиінің күтіміне күш салды.
– Күйеу балам Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан болатын. Туған жерінен жырақта жүріп, Қызылорда қаласының іргесіндегі әскери бөлімшеде қызмет етті. Қызмет бабында кенеттен келген ажалға құшқан азаматтың қайғысы да біздерге ауыр тиді. Ағайыны алыста болғандықтан, күйеу баламыз көзі тірісінде кішкентай қызына күтім жасауды бізге тапсырған болатын. Енді қайтеміз. Тағдырдың жазуына көнеміз ғой. Гүлфараның алғашқы қадамы, былдырлап шыққан тілі мен барлық іс-қимылы көз алдымызда. Қазір жасы он беске келді. Әжесі ретінде немеремнен ештеңені жасырған емеспін. Туысқандарының өте алыста екендігін айтып отырамын. Реті келсе, туысқандарына апарып келуге тырысамын. Денім сау болып тұрса, қызымның аяғынан тұрып кетуіне күш саламын. Жақсы тәрбие беріп, сабағын оқуына жағдайын жасап отырамын. Үлкен нағашысы, әпкелері Гүлфараның болашағына зор үміт артады. Оның көңіліне кірбің түскенін қаламайды, – дейді ана орнына ана болған нағашы әжесі Малике апа.
Малике апаның бірнеше жылдан бері патронат тәрбиеші деген аты бар. Балаға деген қамқорлықты өз міндетіне алған. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Материалдық жағынан қамтамасыз етілуі үнемі ескеріліп, басқа да әлеуметтік қолдау да алдымен Гүлфараны тәрбиелеп отырған қамқоршысына беріледі. Аудандық білім бөлімі тарапынан да көмек көрсетілуде.
Білімге құмар, өскенде әжесі сияқты мұғалім болуды мақсат еткен Гүлфара Құрманғалиева №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте оқиды. Сабақ үлгірімі жақсы. Оның тіл білуге деген құштарлығы артып, ағылшын тілін меңгеру үшін бірнеше жылдан бері арнайы курсқа қатысып, оны бітірді. Ендігі арманы ұлағатты ұстаз болу. Ол үшін Гүлфара сабағын жақсы оқып, мұғалімдердің берген тапсырмасын мұқият орындап жүр.
Жақында Гүлфараның әжесімен хабарлас­қанымызда немересінің жаңа оқу тоқсанының басталуына дайындалып жатқанын айтты. Оқулықтары мен мектеп құралдарын әзірлеп, компьютердің көмегімен ізденіп, сабақтың басталуын асыға күтіп отырған қызының талабына сүйсініп отырған жайын да жасырмады.
– Гүлфара – өте сезімтал қыз. Оның арманы да бар. Менімен ол арманын бөліседі, сырласады. Ата-анасының қандай адам болғанын біледі. Ол өте мейірімді. Үйдегі бауырларына қамқоршы. Өте тиянақты. Үйдің тірлігіне, ас дайындағанда қасымызда жүреді. Біз үлкен отбасымыз. Сондықтан қызымның болашағына үлкен үмітпен қараймын. Гүлфара үмітті ақтайды деген сенімдемін. Басқаша болу мүмкін емес, – дейді ана жүрегі тебіреніп.
Иә, шын мәнінде баланың бақытын аялап, өз уақытын аямаған ананың пейілі қандай таза, десеңізші? Ананың алақаны қандай жұмсақ болса, көңілі де сондай пәк. Алла сізге ұзақ өмір берсін!

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 сәуір 2020 ж. 592 0