Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкіл ата-ананың міндетін білесіз бе?

Өкіл ата-ананың міндетін білесіз бе?

Шын мәнінде өкіл ата-ана деген кім? Олардың міндеттері мен қызметтері қандай? Өкіл ата-ананы кім, қандай жағдайда таңдайды? Осы секілді сұрақтардың жауабын іздеп көрген едік. 
Дүние есігін ашқан кез келген сәбидің өкіл ата-анасы бар. Ол заман талабы сияқты. Бұрынғы кезде «кіндік шеше» деген қадір-қасиеті жоғары, жауапкершілікті арқалаған кісі болса, бүгінде олардың орнын өкіл ата-ана басқандай. Өкіл ата-ана көбінесе жақын достар арасынан таңдалынады. Кейбіреулер ырымдап қызметтік дәрежесі жоғары, абырой биігінен түспей жүрген ел азаматтарын таңдаса, енді біреулері «Біздегі қуаныш оларға да жұғысты болсын, сәбиге деген сағынышын біздің перзентімізді мәпелеп мауқын бассын» деген оймен перзент аңсап жүргендерге қолқа салады. "Шын мәнінде өкіл ата-ана деген кім?", "Олардың міндеттері мен қызметтері қандай?", "Өкіл ата-ананы кім және қандай жағдайда таңдайды?" деген секілді сұрақтардың жауабын іздеп көрген едік. 

✅ Жалпы, өкіл ата-ана сәбидің туған ата-анасының келісімімен, қалауымен таңдалатын жан. Жалпы қазақ жетімін жылатып, қаңғыртып, тастап кетуден алыс болған халық. Тағдырдың жазуымен ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалған баланы ата-анасының туысқандары немесе дос-жарандарының бірі өкілдік жасап, қамқорлығына алған. Міне, осы кісіге баланың өкіл әкесі деген атау берілген. Ол балаға өкіл болғанымен, өз ата-анасындай қамқор қорғаушы, мейірім шапағатқа бөлеуші, бауырына басып, мейірім көрсетуші болған. Оны өз перзенттерінен кем көрмей, бағып-қағып, қарнын тоқ, киімін бүтіндеп жетілдірген. Жағдайы келсе жоғары оқу орнына түсіріп, диплом алып берген. Қызметке орналастырып, өкіл әкелік міндетін мінсіз атқарған. Осы дәстүрді бүгінгі кезде қимас достар жалғап келе жатқаны қуантады. Екі достың балалары тең өсіп, бір үйдің балаларындай бауыр басады. Бауырмалдылық артып, көкжиектері кеңейеді. Қиын жағдайда да, қызықшылықта да бір-бірінің жанынан табылып, демеу болады. Перзентінің дүниеге келуінің құрметіне дастарқан жайып, ата-аналарын, ет-жақындарын, туыс-бауырларын, дос-жарандарын шақырып, ас береді. Осы қуанышты кеште отбасы мүшелері өз перзенттеріне ниеттеніп, жақындарының арасынан өкіл ата-ана таңдайды. Өкіл ата-ана мәртебесін арқалаған отбасылардың міндеттері еселенеді. Өкілдікке алған ұл немесе қызы үшін отқа да, суға да түсіп, қамқорлық жасайды. Ортақ перзенттерінің өскеніне қуанып, шалыс кетсе, демеп, қолдау көрсетеді. Өкіл ата-ана аталған күннен бастап бала еңбектегенде, тәй-тәй басып балабақшаға барғанда, алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, жоғары оқу орнына түсіп, диплом алған кез келген қуанышты сәтті мүлт жібермейді. Тек қана қамқорлық көрсетіп, мейіріміне бөлегеннен басқа, қаржылай да қолдау жасап отырады. Сыйлық әперіп қуантады. Реті келсе кейбір қуаныштарына той жасап береді. Кей өкіл ата-аналар қызды ұзатуды өз міндеттеріне алса, енді бірі қыздың барлық жасауын дайындайды. Бұл бір жағынан қарасаң, айтарлықтай көмек. 

✅ Ата-анасы өкіл ата-ананың құрметі жайлы жас өскіннің санасына сіңіріп отырады. Ол өкіл ата-анасын өз ата-анасынан кем көрмеуі тиіс. Оларға деген құрметі мен ізеті тең болуы керек. Кейбір қыздар бойжете бастағанда өз анасына айтуға ұялатын құпияларын өкіл анасымен бөліседі. Құрбыларымен арасындағы келіспеушіліктер мен түсініспеушілік кезінде кеңес алады. Ал жігіттер жағы да әкесіне айта алмаған арманын өкіл әкесі арқылы жеткізіп отырады. Жалпы алғанда өкіл ата-ананың болғаны туған ата-ана үшін де, ұл-қыз үшін де өте қажет. «Өкіл ата-ана» – өскелең ұрпақтың бір-біріне бауырмалдылығын, мейірімділігін, жанашырлығын оятып, жауапкершілікті арттыратын керемет атау әрі үлгі тұтарлық дүние. Әрбір сәбидің қиын кезде жанұшыра жүгіріп келетін, қуанышында жүрегі жарылардай қуанатын адал өкіл ата-анасы болғай!
02 тамыз 2019 ж. 538 0