Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекем бірлікпен бұл кезеңді де еңсереміз

Бекем бірлікпен бұл кезеңді де еңсереміз

Қазір әлемді қауіпті дерт алаңдатып отыр. Індеттің таралуы күннен-күннен артып келеді. Күнделікті дертпен күресте әлем елдері бірқатар ауқымды шараны жүзеге асыруда. Осы ретте еліміз бойынша төтенше жағдай енгізіліп, бір айға жуық мерзімде санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтіліп, қауіпсіздікке басымдық берілуде. Бүгінде қауіпті індеттен сақтанып, ел азаматтарын қорғау маңызды факторға айналып отыр.
Әрине мұндайда бейғамдыққа салынбай, үрейге бой алдырмай, прагматикалық шешім қабылдау нәтижесін береді. «Сақтансаң, сақтайды» деген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескерткендей, вирустың таралуын күтпей ерте әрекет еткен жөн. Осы орайда Президенттің елімізде төтенше жағдай жариялау жөніндегі Жарлығы – құптарлық шешім. Өйткені дәл қазіргі сәтте мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шешімдерге құлақ түріп, ауырмаудың алдын алу қажет. Және де байбалам салмай, сабырлықпен, бекем бірлікпен бұл сынақтанда сүрінбей өту бәрімізге міндет. Барлығымыз сақтық шарасын күшейтіп, денсаулығымызға немқұрайлылық танытпауымыз керек. Медицина мамандары тарапынан көрсетілген індеттен қорғану жолдарын мұқият орындау өзімізге жақсы.
Көпшілік алаңдатушылық білдірген індетпен күресте жұдырықтай жұмыла білсек, бірлігіміздің бекем екенін көрсетеміз. Тарихтан белгілі талай қиындықта бір-бірімізге демеу болған халықпыз. Ұлттың береке-бірлігінің арқасында күрделі кезеңді еңсеретінімізге сенім мол.

Марат ОМАРОВ,
Сырдария аудандық қоғамдық кеңес төрағасы
17 наурыз 2020 ж. 1 004 0