Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үрейден гөрі үміт басым

Үрейден гөрі үміт басым

Кәдімгі тұмаудан қатерлі болып тұрған коронавирус адам өліміне әкеліп жатқаны ақпарат құралдары арқылы естіп, білудеміз. Күллі әлем жұртын дүрліктірген вирус шекара таңдамай біздің елге де келді. Бұл жұқпалы инфекция ең алдымен жануардан адамға жұқса, енді адамнан адамға жұғып жатқаны айтылып, дабыл қағылуда.

Сондықтан сақтық шараларын күшейту мақсатында елде төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай кезіндегі тұрғындардың сақтауға тиісті шаралары да түсіндіріліп, көпшілік келетін орындардың жұмысы шектеліп, білім беру мекемелері қызметін тоқтатты. Бұл әрине, мемлекет тарапынан қолға алынған ауқымды шаралардың бірі.

Сонымен қатар бірқатар мекемелер қашықтықтан қызмет көрсету режиміне көшіп, қауіпті дертке шалдықпаудың амалы жасалуда. Коронавирусқа қатысты барлық ақпараттар күн сайын тұрғындар құлағына жетуде. Соның бірі – ғалымдардың аталған вирустың емін табуда түрлі сынақ жүргізгенімен, бұл инфекцияға тосқауыл қоятын вакцина әлі жасалған жоқ деген дерек. Демек аурудың тек қана алдын алуға барынша тырысып, оған шалдықпаудың әрекетін күшейту керек. Ол әрине, адамдардың өзіне байланысты. Санитарлық талаптарды сақтап, жеке бас гигиенаға аса мән берсек, жұқпалы инфекциядан сақтанамыз.

Иә, талай қиын кезеңді бастан өткерген халқымыз бұл сынақтан да аман-есен өтеді. Бұған сеніммен қараймыз. Себебі ұлт болып ұйысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла көтерген жүкті жеңілдетуге бір кісідей атсалыссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бастысы отбасындағы әңгіме үрейге емес, жарқын келешекке, жақсы ойға негізделуі керек. Ұрпақты төтеннен келген бәле-жәледен қорғау – аға ұрпақтың қолында екенін естен шығармайық.
Ұлмекен ЖАНӘЛИЕВА,
"Сырдария ауданы әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы
26 наурыз 2020 ж. 632 0