Талап барлығына бірдей
Қазіргі таңда бүкіл әлем күрделі ахуалды бастан кешіруде. Бүгінде жаһан жұртын коронавирустың таралуы алаңдатып отырғаны мәлім. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық Үндеуі жарияланды. Бір ай мерзімге ел көлемінде төтенше жағдай енгізілді. Сондайақ Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы коронавирус дертін алдын алуға байланысты үндеу жариялап, мешіттерде ел азаматтарының құлшылық етуіне уақытша шектеу қойды. Осыған байланысты мешіттерде бұқара халықтың көп жиналмауы басты назарда. Жұма намазы жамағатсыз оқылуда.
Мұндай сындарлы кезеңде ұлттық дәстүрімізге сай шараларды кейінге шегергеніміз абзал. Той, ас, қонақ асы беруге шариғат еш уақытта тыйым салмайды. Дегенмен елімізде коронавирус індеті өршуіне барынша тосқауыл болуды әр азамат қолға алу керек. Осы ретте аудан көлемінде үйлену тойын, ас беруді кейінге шегеріп жатқан азаматтар бар. Бұл осындай сындарлы сәттегі аудан халқының мызғымас ауызбірлігін, ынтымағын көрсетеді.
«Отан – отбасынан бастады» демекші, дастархан басында әр азамат ұрпағына бүгінгі ахуалды түсіндіруі міндет. Әр мұсылман әлемде болып жатқан ахуалға сабыр сақтап, дүрбелеңге салынбағаны жөн. Мейлінше көпшілік талапқа сай тәртіпке бағынуы тиіс. Ең алдымен Алладан отбасыға, бауырға, ортақ Отанымызға тілек тілейік. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Асхат АСҚАРОВ,
ауданның бас имамы
ауданның бас имамы