Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтпелі кезеңді бірлікпен еңсереміз

Өтпелі кезеңді бірлікпен еңсереміз

Құрметті аудан тұрғындары!
Өздеріңізге белгілі, әлемде СОVID-19 корона­вирусының таралуына байланысты Мемлекет басшысы осы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуір күндері аралығында төтенше жағдай жариялады. Осыған орай, арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, барлық өңірде індеттің алдын алу мен оны болдырмау бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың тапсырмасына сәйкес сақтық шаралары Сырдария ауданында да күшейтілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирус індеті салдарынан тір­келген өлім-жітім саны күрт өсуде. Әлемнің дамыған мемлекеттері аталған індетпен күресуде әлі күнге нақты нәтижеге қол жеткізген жоқ. Сонымен бірге саясаткерлер бұл пандемияны екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауқымы мен зардабы жағынан үлкен індет деп бағалауда. Мұның бәрі әлемді алаңдатқан індеттің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін аңғартады.
Адамның денсаулығы – басты байлық болып саналатын елімізде індетпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған Үндеуінде талап пен тәртіпке бағынудың маңыздылығын айта келе, күрделі кезеңді тек бірлікпен ғана еңсеретінімізді атап өтті. Ол үшін Президенттің пәрменімен қабылданып жатқан шараларға әрбір қазақстандықтың түсіністікпен қарап, тазалықты мұқият сақтауы қажеттігіне назар аударды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында індеттің таралуын тоқтату үшін төтенше жағдай және карантин режимін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдату қажеттігі айтылды. Осыған орай облыс әкімі бізге бірқатар нақты міндет жүктеді. Аймақ басшысы тапсырмаларының Сырдария ауданында орындалуы менің жіті бақылауымда. Бүгінде аудан бойынша көпшілік көп шоғырланатын мекемелерде ұйымдастырылатын іс-шараларға уақытша шектеу қойылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн-қызмет көрсетуге көшті. Сауда нысандары мен мейрамханаларға тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлер ортақ талап бойынша жұмыс істеуде. Сондықтан көпшілік және қоғамдық орындарға бармай, отбасы мүшелерімен үйде болған жөн. Сондай-ақ жекелеген азаматтар жоспарланып қойған отбасылық іс-шараларын кейінге шегеруде. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері, Nur Otan партиясының аудандық филиалы, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері атсалысуда. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету де біздің басты назарымызда.
Сырдария ауданы бекем бірлік пен көркем тірлік үйлесім тапқан киелі мекен. Оның ішінде ауданда дәстүрге айналған қайырымдылық шараларының тұрақты түрде ұйымдастырылуын ерекше атап өтуге болады. Төтенше жағдай кезінде жомарт жүректі жергілікті кәсіпкерлер көмекті қажет ететін отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсетуде. Осы ретте аудан халқының атынан қайырымды азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі таңдағы біздің басты мақсатымыз – тазалық шараларын қатаң сақтау және тәртіпке бағыну. Өйткені, бұл – індетпен күрестің ең тиімді жолы. Сондықтан баршаңызды төтенше жағдай кезеңінде енгізілген шаралар мен шектеулерді орындауға, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарда үнемі санитарлық-дезинфекциялық тазалық жұмыстарын жүргізуге және медициналық мас­ка тағуға, антисептикалық құрылғыларды жиі пайдалануға шақырамын. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі елді дүрліктіретін түрлі жалған ақпараттарға сенбеу және таралуына жол бермеу, қалыптасқан жағдайға байланысты мәліметтерді тек ресми көздерден алу қажеттігін ескертемін.
Қазіргі жағдайға байланысты Үкімет барлық сақтық шараларын қолданып, мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс жасауда. Аудан әкімдігі де өз кезегінде заңда көзделген шараларды атқаруда. Індеттің таралуына байланысты бос үрейге бой алдырмай, сабырлық танытып, өтпелі кезеңді бірлескен іс-әрекеттерімізбен жеңе білуіміз керек. Осындай сындарлы шақта қауіпсіздік шараларын тиянақты орындап, бірге күресе білсек күрделі ахуалдан аман-есен өтеміз. Біз әрдайым барша ел тұрғындарымен біргеміз!

Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі,
Nur Otan партиясының
Сырдария аудандық
филиалының төрағасы
27 наурыз 2020 ж. 1 339 0