Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛУЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ АНА СҮТІ

ЖЫЛУЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ АНА СҮТІ

Ана құрсағында тоғыз ай тоғыз күн жатып, жарық дүниеге келген сәбидің ең бірінші қажет ететіні – жылулық пен мейірімге толы ана сүті. Осы екеуінен нәр алған сәбидің нәзік жүрегі күн сайын өсіп жетіледі. Отбасын, қоршаған ортаны танып білудің алғашқы сатысы осылайша басталады. Айналаға қызыға да таңдана қарап, барлығын «жаңалық» деп қабылдайтын перзент көңілі алдымен ата-анасынан тарайтын жылы шырайға бағытталады. Сондықтан ананың аялы алақанынан сәби сезінетін шуақтың сондай жылы, әрі жұмсақ екенін дүниеге келген алқашқы күннен бастап-ақ сезінуі бұлжымас қағида. Мейірімге бөленген бала тәрбиені өз отбасынан алады. Отбасында қалыптасқан дәстүр мен жақсы өнегені көзімен көріп, бойына сіңіретін баланың бірінші тәрбиешісі отбасы екеніне ешкім талас тудырмас. Алдымен ата-анасы, сонан соң отбасындағы басқа мүшелері беретін тәрбие ең негізгі құрал болып саналады. Әке қамқорлығын көріп, ана махаббатын сезініп өскен бала өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, азамат болып қалыптаса бастайды.
Қазақта «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Бұл даналық әкенің баласын еңбекке үйретіп, адамгершілік қасиеттерді қаншалықты қалыптастыратыны туралы меңзейді. Бұрынғының адамдары ата-баба дәстүрін сақтап, оны ұрпағына аманат ретінде жеткізіп отырған. Әкенің мектебінен өткен бала жақсы қасиетті сіңіріп, жаманнан аулақ болуды үйренеді. Анасының «әкең келе жатыр, әкеңнің қас-қабағына қара, шырағым» деген бір ауыз сөзін үлкен мектеп деуге болады. Күн ұзағына жұмыс істеп, отбасына шаршап оралған әкенің жағдайын жасау қыз баланың ғана міндеті емес, ұл баланың да парызы. Таза киімдерін дайындап, жуынатын жылы суын, дастархан әзірлеу бүкіл отбасы мүшелерін ауызбірлікке үйретеді. Осындай жақсы қасиетті көріп өскен ұрпақ бойына оны дарытып, өзі де оны дәстүрге айналдырады.
Әрине әкеге тән қаталдық әкеге деген махабатты жоққа шығармайды. Ал үнемі қатал болу да баланы жасқаншақтыққа әкеледі. Айтар сөзін, өз ойын, пікірін жеткізуге кедергі болатын қасиеттер де отбасы тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, ата-ана баланың пікірін, оның қалауын да ескеріп, білгені дұрыс деп ойлаймын. Себебі баланың өз ортасында мұндай мінез бірден байқалып, айналысындағы достарының азаюына немесе мүлдем болмауына әкеп соқтырады. Құрбы-құрдастан қисынсыз мінезінің кесірінен алшақтап кету де үлкендердің дұрыс тәрбие бермеуінен болатынын ескерген жөн. Отбасы – ошақ қасында айтылатын әңгіменің де дұрыс, әрі жөнімен болғанын алдымен анасы қадағалауы қажет. Уақытының көбісін анасының жанында өткізетін бала айтылған әрбір сөзге мән беріп, соған қалыптасқанын да байқамай қалады. Негізінен «аз сөйлеп, көп тыңдаудың» да орны бөлек. Үлкеннің сөзін бөлмеу, алдын кесіп өтпеу, сөзге құлақ салу сияқты ұлттық тәрбиемізге тән қасиеттер өз өміршеңдігін жоймақ емес. Былапыт сөз бен бос сөзден бойын аулақ ұстау әсіресе, қыз бала тәрбиесіне қатысты көп айтылады. Қызды болашақ ана, өзге шаңырақтың берекесін келтіретін келін деп тәрбиелеу ең негізгі ерекшелік. Қыз баланы ас дайындауға, үй тірлігіне үйрету арқылы үнемді болуға, тазалыққа үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отыру да анасының міндеті.
Отбасындағы тәрбие салт-дәстүрге беріктікпен де өлшенеді. Салт дәстүрді ұстанған отбасында әдептілік іспетті ерекше қасиет баланың санасында қалыптасады. Қарапайым ғана тыйым сөздерден басталатын әдептілік өмірдің үлкен мектебінен кедергісіз өтуіне септігін тигізеді.
Соңғы жылдары рухани жаңғырудың кемелденуіне әкелетін түрлі бағдарламалар халық арасында кең тарауда. Ұмыт болған дәстүрлер қайта жаңғырып, ұрпақтың жадына қайта сіңірілуде. Ғылыми тұрғыда дәлелденіп, өміршеңдігін жоймаған қаншама әдет-ғұрыптар жаңаша сипат алуда. Мұның барлығы да отбасындағы тәрбиенің осал тұстарын қалпына келтіруге таптырмайтын құралдар.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп аталарымыз бекерге айтпаған. Әкенің ұлағатымен, ананың сүтімен баланың бойына сіңетін қасиет алдағы өмірге жарық шамдай бағдар береді. Ақылды, тәрбиелі баланы өсіп-жетілдіруді армандайтын ата-ана алдымен өзінің бойына жақсы қасиеттерді сіңірсе, нұр үстіне нұр болады. Өмірдің қатаң заңы қыңырлықты, қисық кеткенді кешірмейді. Санасы мөлдір, жүрегі тұнық ұрпақты қолдан бұзып алмаудың жолы алдымен өзіңді тәрбиелеу. Әке атану мен ана махабатын беруге дайын болу әркімнің бойындағы қалыптасқан қасиетінде жатыр. Ұлттық тәрбиені бәрінен де жоғары қойып, саналы ұрпақ өсіруге күш салсақ, сол игі. Сөзіміз басқа, ісіміз мүлдем бөлек болудан сақтанайық. Ибалы қыз, арлы да намысты ұл тәрбиелеуде алдымызға жан салмай, бақытты отбасы болуға ұйытқы болатын ата-әжелеріміздің ақыл парасатын жадымыздан шығармайық. Дәстүр мен тәрбие арасындағы алтын көпірді жалғайтын отбасы құндылығы ұлттық тәрбиеде екенін ұмытпайық.

Б.ЖАНӘЛІ
20 тамыз 2019 ж. 949 0