Ісі мен сөзі нық, қолы "Алтын"
Тапсырылған жұмысты тиянақты орындайтын, бос сөз, арзан күлкіден аулақ жүретін Асылбек Әкімжанов аудандық газет редакциясында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кісінің ісі мен сөзі нық, қолы "алтын". Өйткені, бұған дейін түрлі салада еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған.
"Жігітке жеті өнер де аз" деген мәтел Асылбек Аңшаұлына айтылғандай. Еңбегі адал азамат – құрышқол құрылысшы, білікті электрик, сауатты сантехник, тәжірибелі архитектор. Жүргізушілік қырын айтпасақ та болады. Ол кісі сондай-ақ оперторлық қызметтің де қыр-сырын жетік меңгерген. Себебі, өткен ғасырдың 80-жылдары оператор болып қызмет істеген. Әскери білімі тағы бар.
Асылбек ағаның маған ұнайтын тағы бір қыры – кітапты көп оқитыны. Мерзімді басылымдардың да әрбір нөмірін үзбей оқуды әдетке айналдырған. Керек жерін түртіп қояды, қажетті тұсын бізге айтып, ой бөліседі. Жұмысқа келсем, үнемі кітап оқып отырады. Қызыға қараймын...
Абзал азамат үлкен кісілердің тағылымды әңгімелерін көп тыңдаған. Ел-жұрт "Ауылдың айтқышы" деп ат қойып, айдар таныған азаматтардың қызықты өмірлерінен сыр шертсе, тыңдай бергіңіз келеді. Қал-ағаңның зілі жоқ қалжыңдарынан мысал келтіріп, сөйлегенде білімімен, пайым-парасатымен таңғалдырады. Қысқасы, рухани тұрғыда бай.
Асылбек ағаның туан күні халықаралық әйелдер мерекесімен тұспа-тұс келеді. Өзінің де нәзік жандыларға құрметі, ізеті ерекше. Жұмыстағы қарындастарына қолдан келсе көмектесіп, ағалық, әкелік ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Сондықтан ардақты да асыл ағаны бәрі "Асыл аға" деп атайды.
Ұжымда үлкен-кішіге сыйлы азамат өмірлік жары Лиза апаймен бірге 3 бала тәрбиелеп, немерелер сүйіп отыр. Ұл-қыздары да әке үмітін ақтап, атақты Әкімжановтар әулетінің атына кір келтірмей, түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Лайым, ұрпақтары ұлықты болып, Асылбек ағаның шаңырағы шаттыққа толсын. Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ