Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемісті еңбекке – жоғары марапат

Жемісті еңбекке – жоғары марапат

Бексейітовтер шаңырығынан үш бірдей полицей шыққан. Асылбек әкесі Серік пен ағасы Алтынбек секілді құқық қорғаушы болуды мектеп қабырғасында жүргеннен армандайды. Күнделікті полиция подполковнигінің қатаң тәртібіне қаныққан ол әке үмітін ақтауға барын салады. Қазіргі таңда ол Қызылорда қалалық полиция басқармасында аға тергеуші болып қызмет атқарады.
Отбасында бес баланың кенжесі Асылбек Серікұлы ғасырлық тарихы бар №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Жоғары бі­лім­ді жас маман ең алдымен ҚР Іш­кі істер министрлігінің Алматы ака­демиясына оқуға түседі. Оқуды бітір­геннен кейін Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында 3 жыл тер­геу­ші қызметінде жүріп, мол тәжіри­бе жинайды. Білімін жетілдіру мақса­тында магистратураға түсіп, Заң ғылым­дарының магистрі атанады. Өз саласының үздігі атануға бекінген жас полицей міндетін абыройлы атқаруда. Бала кезінен әкесі айт­қан ақылды санасына сіңірген ол бүгінде білік­ті маман. «Әке балаға сыншы» дегенді өмірлік қағида ретінде ұстанатын Асылбек ізгі жолды жалғастыруды перзенттік парыз санайды.
Аға тергеушінің жұмысы ұқыпты­лықты қажет етеді. Адамның логикасы мен психологиялық ойын тереңнен зерттеу капитанның кәсіби шеберлігіне байланысты. Қылмыстық істің тарихына үңіліп, ақиқатына көз жеткізу арқылы адам тағдырына тікелей араласады. Өз қызметіне адал, уақытпен санаспайтын полиция капитаны әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау абыройлы іс екендігін біледі.
Құқық қорғау саласынан бөлек Асылбек Бексейітов бірнеше республикалық ән байқауында жеңімпаз атанған. «Парасатты полицей» республикалық байқауына қатысып, марапат биігінен көрінді. Сонымен қатар биылғы жылы облыстық Еңбек әулетінің ІV форумында Бексейітовтер әулеті «Ата кәсіп – алтын мұра» номинациясын жеңіп алды. Бүгінде кәсіби маман ретінде толағай табысқа жетіп жүрген сырдариялық жас капитан құқық қорғау саласы бойынша Қызылорда облысы жастарының «Сыр үміті» сыйлығына ие болды. Сыр үмітінің 20 үздігі қатарынан табылған Асылбек Бексейітовке облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қаржылай сертификаты мен естелік сыйлығы табысталды.
Аудан мерейін асқақтатып, үздіктер қатарынан көрінген полиция капитаны Асылбек Бексейітовке толағай табыс тілейміз. Жауапкершілігі мол қызметте абырой биігінен көріне берсін демекпіз.

Б.ОРДАБЕКОВ
07 желтоқсан 2019 ж. 1 053 0