Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық үшін таптырмас мамандар

Халық үшін таптырмас мамандар

Банк саласы баспасөзде көп көрінбейді. Бәлкім жұмыс тәсілі ашықтықты көтермейтіндіктен болар. Банктің бар екені жалақы, несие алатын кезде білінеді. Бұдан он шақты жыл бұрын аудандағы «Халық» банкінің ғимараты ескі болып, халыққа қызмет көрсетуде кедергі келтіретін жағдайлар да ұшырасты. Қазір оның бірі де жоқ. Халыққа қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Жаңа ғимарат, онда білікті мамандар еңбек етеді. Банкир жастар да жалындап тұр.
Бірде Сырдария аудандық «Халық» банкі басқармасының басшысы А.Палымбеттен ұжымда еңбек ететін жастар туралы сұрадық.
– Өзіңіз білесіз, банк саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз бос орынға жұмысқа қабылдағанда жастарды сынақтан өткізіп, екшеп барып аламыз. Келушілермен жұмыс жасау дағдысы ескеріледі, содан кейін барып орталыққа біліктілігі жөнінде тест тапсырады. Осындай талаптардан сүрінбей өткендер жұмысқа қабылданады, – дейді Асылбек Әуезханұлы.
«Жас келсе – іске» дейді халық даналығы. Төрт-бес жыл аудандық «Халық» банкінің, сонша уақыт ауданның қаржы саласында біліктілігін шыңдаған Ғани Жанбаев бүгінде «Халық» банкі облыстық филиалының бас бөлімшесінде бас менеджер. Бұл білімді, білікті жасқа банк саласында да қызмет баспалдағымен өсудің мүмкіндігі зор деген сөз.
Қазіргі аудандық банкте аға менеджер болып еңбек ететін Дәулет Парзу де болашағынан мол үміт күттіретін жастың бірі. Келушімен мәдениетті сөйлесіп, менеджерге қатысты мәселені өз деңгейде шеше біледі. Дәулет мемлекеттік және ресми тілді жақсы меңгерген. Компьютерге жетік, қаржылық сауаты жоғары. Аудандық банк басқармасының кеңесшілік қызметіне конкурс арқылы орналасқан Нұрдос Сәрсенғалиев та өзінің еңбек жолын сәтті бас­тап келеді. Ол мекемеге жұмыс бабымен келген әрбір келушіні жылы қабылдап, қай орында қандай қызмет көрсететінінен хабардар етіп, келушінің мәселесінің оң шешілуіне қызмет жасайды.
Бір мезгіл осы мекемеде болып, қарап отырсаңыз, банкіге келушілердің аяғы бір сиремейді. Олардың өтініштерін тәжірибелі аға-апаларымен қатар, жас мамандардың қанағаттандырып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
17 қыркүйек 2019 ж. 505 0