Сақтық шаралары қолға алынды

Елімізде төтенше жағдай жариялануымен барлық әлеуметтік нысандар қауіпсіздік шараларын іске асыру мақсатында арнайы жұмыс істеу режиміне көшті. Ең бірінші болып білім беру саласы арнайы шара қабылдап, мектеп оқушыларының мерзімінен бұрын көктемгі каникулға шығуын қамтамасыз етті. Ал студенттердің білім алуын қашықтықтан оқыту әдісіне көшірді.
Үйінде бала бақша жасындағы немесе мектеп оқушысы бар ата-аналарға неғұрлым баланы көшеге жібермеуге, үйден шығармауға байланысты ақпарат таратылды. Әрине, мұндай жағдайда барынша сабырлық танытып, тек қана ресми мәлімдемеге сену, үрейге бой алдырмау маңызды.
Аталған жағдайға байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Каникул аяқталған соң, қажет болған жағдайда, оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда арнайы топ ақпараттық жүйені контентпен қамтамасыз ету, педагогтерді үйрету, сервистерді тестілеу және т.б. бағыттар бойынша жұмыс атқаруда. Ұйымдастыру жұмыстарын 5 сәуірге дейін аяқтауымыз қажет. Бізде бірнеше электронды платформа бар, қарқынды жұмыс жүргізілуде", – деген болатын. Сондықтан педагогтер қауымы оқушыларға білім беруді қашықтықтан оқыту әдісін жүргізуге осы бастан дайын болуы керек.
Иә, бұл уақытша жағдай. Дегенмен, қол қусырып отыруға болмайды. Сақтық шараларын күшейтіп, жеке бас гигиенасын сақтау ең негізгі міндет. Сондықтан болып жатқан жағдайды күрделендіріп алмау үшін өз-өзімізді сақтандыруымыз қажет.
Бақытжан БАҚБЕРГЕНОВА,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры