Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді

Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді

Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Жарлыққа ҚР Президенті қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында  2020  жылғы  16  наурыздағы   08  сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін.
2. Төтенше жағдайдың кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда құрылсын және оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктер берілсін.
3. Төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілсін:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және  ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;
3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын;
4) карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын;
5) ойын-сауық,  спорттық  және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ  отбасылық,  салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын;
6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.
4. Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері айқындалсын.
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін;
2) медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауаптылығының шаралары күшейтілсін;
3) орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау мақсатында осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 
Қазақстан Республикасының
            Президенті                                                                                                           Қ.Тоқаев
 
15 наурыз 2020 ж. 1 111 0