Өмір жолы өнеге
Дәрігер – халық қызметшісі. Біз бұл мақалада сексеннің сеңгіріне шыққан абзал жан, білікті басшы болған, өмір жолы өнеге Рүстем Садықовты кейінгі жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұттық.
Абзал аға Шіркейлі ауылының тумасы. Ол осы құтты қоныста 1940 жылдың 18 наурызында дүниеге келген. Бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін қазіргі Ақжарма ауылында білім алды. Ауылда жетіжылдықты бітіргеннен кейін талай жақсы мен жайсаң дәріс алған облыс орталығындағы 1 Мамыр атындағы мектепте оқыды. Орта мектептен соң жүрек қалауымен Ақтөбе медицина институтына емдеу факультетіне оқуға түсті. Өзі тәрізді ауданның медицина саласында айшықты қолтаңба қалдырған Дина Айсина, Марат Тастанбеков, Сейітхан Дәужанов, Кенжебек Бәйімбетов, Айсұлу Палымова бәрі бір курста оқыды. Олар дәрігерлер дайындайтын осы жоғарғы оқу орнын бітірген екінші түлектер болғанын күні бүгінге дейін мақтан етеді.
Р.Садықов институтты ойдағыдай тәмамдаған соң жолдамамен Жалағаш ауданының Калинин атындағы кеңшардың ауылдық ауруханасына жұмысқа тұрды. Қатардағы дәрігердің, меңгерушінің міндетін бір өзі атқарды. Өйткені ол кезде жоғары білімді дәрігер ауыл түгіл ауданда тапшы болатын. Р.Садықов бір ғана Калинин кеңшары емес, Еңбек, Таң, Жаңадария ауылының тұрғындарына қызмет көрсетті. Ол кезде асфальт жоқ. Шаңы бұрқыраған қара жол. Бір ауылдан екінші ауылға барып, дәрігерлік көмек көрсету үлкен қиыншылықтармен атқарылды. Учаскелік дәрігер жаяу, кейде атқа мініп, ауылдарды аралады. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Сақы Қалыбаев учаскелік дәрігер Рүстем Садықовтың еңбекқорлығын, елгезектігін бағалап, облыстан «Волга» жедел-жәрдем автокөлігін алып беріпті. Жас дәрігер төрт ауылда науқастармен жүргізген жұмыстарының есебін аудан орталығына апарып, тапсырып жүргенде, Жалағаш аудандық ауруханасында медбике болып еңбек ететін, болашақ жары Күміскүл апамен танысады. Жас жұбайлар отау көтергеннен кейін шаруашылық басшылары жас маман дәрігерлерге үй салып беріпті. Ұл-қыздарының барлығы сол ауылда дүниеге келген. Мінезге бай, өз ісінің білгір маманы Р.Садықов өзіне бекітілген төрт ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін танып, біліп, қызмет көрсетті. Науқастардың ауруын асқындырмай Калинин атындағы ауылдық ауруханаға әкеліп, жатқызып емдеді.
Ауыл дәрігері деген атқа лайық болып, абыройлы жұмыс жасады. Калинин ауылы орталығынан бұрынғы 25 орындық аурухана орнына жаңа 35 орындық аурухана салуға белсенді атсалысты. 1964 жылы еңбек жолын бастаған ауылда 11 жыл мінсіз қызмет етті. Кім болса да ауылын аңсайды. Туған ауданына оралғысы келді. Іскер азаматты төрт ауылдың тұрғындары аудан басшыларына дейін қимай, әзер дегенде құрметпен шығарып салды.
Білікті, тәжірибелі дәрігер Р.Садықов 1975 жылы Тереңөзек аудандық денсаулық сақтау бөліміне бас дәрігердің орынбасары болып тағайындалды. 10 жылдай екі бас дәрігермен жұмыс жасады. 1985 жылдан бастап бас дәрігерлікке бекітілді.
– Қарамағымдағы орынбасарларым мен бөлім басшылары мықты дәрігерлер еді. Бір мақсат жолында жұмыла жұмыс істедік. Денсаулық сақтау саласында ең бастысы дәрігердің біліктілігі болса, жоғары білімді мамандарды тәжірибе жинақтау үшін Мәскеу, Ленинград, Новосибирскі, тағы басқа қалаларға жіберіп тұрдым. Сонан кейін жаңа заманауи медициналық қондырғылар алуға жұмыс жасадық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Омаров пен аудан басшысы Ж.Ердешбаев менің ұсынысыма жанашырлықпен қарап, үнемі қолдап отырды. Соның нәтижесінде аудандардың арасынан ең бірінші көшпелі флюро машинасы бізге келді. Облыс орталығынан Удз (Узи) аппаратын алу үшін бірнеше рет аудан басшысымен бірге баруға тура келді. Сөйтіп заманауи қондырғыға да қол жетті. Қазіргі аудандық аурухананың ғимаратын салуға да сол кезде үлкен күш-жігер жұмсалды. Нарықтық қатынастар қоғамға дендеп еніп, аурухана құрылысының бітпей қалу қаупі туды. Сондай уақытта ата-бабадан келе жатқан халықтық асар әдісін қолданып, бөлім-бөлім болып, құрылысшыларға түскі ас ұйымдастырдық, – дейді Рекең өткен шақтарды еске алып.
«Ерінбей еңбек еткенге, бақыт басын иеді» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Рекең алдынан қанша қиын жұмыс кездессе де оны қайсарлықпен жеңіп отырған. Нарықтың өтпелі кезеңінде аудандық ауруханада қиын жағдайды бастан кешті. Әсіресе электр қуатының іркіліспен берілуі, науқастардың өмірін ажалдан арашалап қалу үшін ота жасауға кері әсерін тигізді. Осыған орай бас дәрігер Р.Садықов тыңбай ізденіп жүріп, Байқоңырдан дизель моторын алдырды. Қиын уақыттың өзінде әр ауылға маман-дәрігерлерді бекітіп, тұрғындардың, оның ішінде ана мен бала денсаулығын ұдайы назарда ұстады.
Астрахан Қожақов, медицина саласының ардагері:
– Рекең Ақтөбе мединститутында менен екі курс жоғары оқыды. Ол бір өткен ғасырдың 60-жылдардың бас кезіндегі қиындау уақыт еді. Төрт жыл екеуміз бір пәтерде тұрдық. Ол ұйымдастыру қабілеті жоғары, белсенді студент болды. Жалағашта төрт ауылдың денсаулық саласын жақсы жолға қойып, екі аурухана ашты. Ауылға келген соң он жылдай ауданның бас дәрігеріне орынбасар болып, тәжірибе жинақтады, басшылық қызметін шыңдай түсті. Басшы болған кезде ауданның медицина саласы үшін қыруар жұмыс атқарды. Рекең алған бетінен қайтпайтын, алға қойған мақсатын орындамайынша тыным таппайтын елгезек, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат. Мұндай іскер жанмен бірге оқып, бірге жұмыс жасағанымды әркез мақтан тұтамын.
Шынтас Зетов, ауданның медицина саласының ардагері:
– Рүстем Садықов ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы болды. Кадрларға да орынды талап қоятын. Нарықтың өтпелі кезеңінде жаңа аурухана салынуына үлкен еңбек сіңірді. Жалағаштан жұмыс ауыстырып келгеннен кейін бас дәрігердің ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болды. Бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын жоғары дәрежеде алып жүрді. Бас дәрігер кезінде қыруар іс тындырды. Рекең бүкіл бір дәрігерлер әулетінің көшбасшысы.
Ауданның қай ауылына барсаңыз да Р.Садықов туралы осындай жылы пікір естисіз. Бір жылдары аудандық ардагерлер кеңесін де басқарып, ардагерлердің белсенділігін арттыруға, жастарға патриоттық тәрбие беруге лайықты үлес қосты.
Ширек ғасырға жуық уақыт ауданның медицина саласын басқарған іскер азаматтың еңбегі бағаланып, ол «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
Ақ халатты абзал жанның ұлы Байтабын, қыздары Манат, Гүлзада, келіні Гүлфарида және немерелері әке, ата жолын жалғастырып келеді. Бүгінде сексен жасқа толып, ұл-қыздарының, немерелеріне саялы бәйтерек болып отырған абзал жанға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі