Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандардың да сыры бар

Сандардың да сыры бар

Ежелгі грек ойшылы Пифагордың «әлемді сандар билейді» деген пікірі бар. Арифметика саласының майын ішкен мықты математик бұлай деп бекер айтпаса керек. Адамзаттың өзі мен өмірі сандарға бағынышты. Біріншіден, ақшаға тәуелді. Екіншіден, адамзат жаратылысынан секундтардан басталып, ғасырлар мен мыңжылдықтарға созылатын уақытқа тәуелді. Сырғып өтіп жатқан уақытты тоқтата алмайтынымыз рас. Яғни өмір ұзақтығы, тұрмыс-тіршілік, ішіп-жеу барлығы санмен өлшенеді емес пе? Адам ағзасындағы әрбір клетканың өзі салмағына дейін өлшеулі. Яғни, уақытпен өлшенетін сандардың атқарар рөлі бар. Осы сандардың өзінің сіз бен біз білмейтін сырлары көп.
«Қырық» санының көне дәуірден келе жатқан ескерткіш, қолжазба, әдебиет мұраларынан білеміз. Бірақ олардың ерекше ие болуы жөнінде ешбір жазба деректер қалмаған. Себебі мифтік сандардың адам мен табиғатқа қатысты сиқырлық пен балгерлік қолданылуы, өте құпия үйретіліп, атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған. Бұл санның этимологиясы анық емес. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқында қырық саны діни тотемдік ұғымдарға байланысты айтылады. Өмірден өткен кісінің артынан қырық күннен соң еске түсіру, қырық қасық суға түсіру, ауыз әдебиетінде кездесетін қырық күн, қырық түн тәрізді қолданыстар сондай ұғымнан тууы мүмкін. Жалпы қырық санының грамматикалық сипатын алып қарайтын болсақ «қырық» және «төрт» сөздерінің арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Қырық санының қасиеттілігі де, киелілігі де баланың ана құрсағында қырық апта болуынан бастау алған.
«Қырқынан шығару» тұрақты тіркесі баланы қырқынан шығару ғұрпынан, ескі наным-сенімнен өрбіген. Ертеректе сәби дүниге келгеннен кейінгі қырық күнге дейінгі уақытты қауіп-қатерлі кезең деп есептеген. Осы аралықта балаға тіл-көз тимес үшін көпшілікке көрсете бермеген. Кейін ыдыстың түбіне қырық қасық су құйып, күміс салып, тырнақ, шашын алады. Ал адам дүниеден озған соң қырқын береді. Яғни адам дүниеге келгеннен кейін қырық күнде жаңа ортаға қалыптасса, дәл сол секілді дүниеден өткен соң да «қырық күнде сүйегі етінен ажырайды» дейді халық. Қазақтың діни салтын ұзақ уақыт зерттеген этнограф Ш.Уәлиханов: «Қазақ ұғымы бойынша, аруақ қырық күнге дейін өз шаңырағына келіп-кетіп бала-шағасының жай-күйін біліп кетіп жүреді. Сондықтан да бұрын өлік шыққан үй қырық күн бойы ымырт жабылғанша, үйдің есігін ашып, оң босағаға шырақ жағып қоятын болған». Қазіргі уақытта жарықты сөндірмейді, «қырқын беру» деген сөз осыдан қалған деседі.
Ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған қазақ халқы қыз балаға ибалы келін, одан соң абзал ана атанасың деп, оған бала кезден ұлтымызға тән асыл қасиеттерді бойына дарытуда да қыз балаға «қырық үйден тыйым» деп тәрбиелеген. Белгілі этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ қызды көзінің қарашығындай қорғап, аялы алақанына өсіріп, болашақ ана деп оны жарқын жүзбен, тәртіппен, арлы, ибалы, мәдениетті, берекелі, бірлікті етіп өсірген. «Болашақ келіні ретінде дайындаған. Қазақтың отбасы – әрбір қызды болашақ ана, келін ретінде тәрбиелейтін үлкен этнографиялық мектеп. Сол университеттің ұстазы, сол үйдің анасы, жеңгесі, қыздың қамқоршылары болып есептеледі. «Қызға қырық үйден тыйым деген осындай нәрсе», – дейді этнограф.
Ал ауыз әдебиеті нұсқаларында қырық күн, қырық түн, қырық қыз, қырық жігіт, қырық уәзір болып қолданылуына себеп, орта ғасыр магиясы мен көне дәуір мифологияның әсерінен. Магия ертедегі Вавилон шумерлерінде пайда болып, көне дәуірдегі ғылымның әр саласы, әсіресе магия өнері күшті өріс алып, Вавилон құдайлардың қақпасы, мифологияның ота­­ны, астрологияның ата мекені аталынған. Бұл өнер арабтарға гректерден Рим, Византия арқылы ауысады да, Орта ғасыр дәуірінде ол кең өріс алып, 2000 жыл бойы (18 ғ.д.) халық санасына мол сіңген. Осыған орай қырық саны Орта Азия халықтарына, қазақтарға арабтардың діни ықпалы арқылы еніп, өзіндік қасиетке ие болған. Осындай ұғымға ие боған қырық саны қазақ халқына да еніп, қоғамның дамуына байланысты мағыналық өзге­ріс­терге ұшырап, о бастағы ұғымнан сар­қын­шақтар ғана қалған. Қыр­ық туралы ұғым ескі дәуірдің желісі болған­дықтан, онымен тіркесіп келген сөз тіркестерінің басым көпшілігін сол дәуірге жатқызуға болады. Қырықтың діни ұғымы басқа елдерде де бар. Мысалы, Стамбул түріктерінде біреуге қырық санымен келетін «қайыр-садақа беру» бар. Бұл туралы «бер қырқы кепар қорқу» деген сөз бар. Қырыққа толтырып ақша берсең, қорқыныш болмас деген мәнді білдіреді. Ислам дініне сенетін халықтың барлығы өмірден кеткен кісінің қырқын береді. Мысалы, татарларда бұл салтты «қырқын оздырмақ», орыста «сорок дней» дейді.
Қырық саны эпостық жырларда өзге сандардан ерекше көп қолданылады. Қобыланды жырында, қыз Құртқаны ұзатқан кезде оған жасау ретінде қырық түйе қазына, қырық құл мен қырық күң беріледі. Қалмаққа қарсы аттанатын Қараман батырдың серіктері – қырық. Қобыланды күресетін Қызыл ердің бойы – қырық бес кез.Тайбурылға Құртқа қырық күн қулықтың сүтін емізеді. Тайбурылдың қырық үш күн кемдігі болады. Қобыланды мен Қараман бет алған қалмақтар бекінісі – Қазан – қырық күншілік жерде, Қазан – қырық қақпалы шаһар. Қобыланды батыр қырық мың атты қызылбасты қырық кісідей көрмейді. Аңыз бойынша, Көрұғлы өлі анасының кеудесін қырық күн сорып көрген, ал қырық бірінші күні ғайып ерен қырық шілтендер ана сүтін емізбей қояды. Көне түркілік жырлар «Оғызнаме» мен «Қорқыт ата» кітабында қырық саны тұрақты қолданылатын сөз. «Оғыз-намеде» – қырық сіре, қырық сәкі, қырық құлаш ағаш, «Қорқыт ата» кітабында – қырық күн тойлау, қырық шатыр, қырық жігіт, қырық қыз, қырық күң, қырық жара, қырық зұлым. Бұл сөз тіркестері дәстүрдің ескілігін аңғартады. Әрі бұл сөз эпостық жырлардың барлығында кездеседі.
Сандардың сиқыры тұрмыста ғана емес, біздің әдебиетімізге де сіңіп, етене араласып кеткен. Мысалы қырық өтірік – ғұрыптық фольклор үлгісі. Ұқсас нұсқалары қарақалпақ, татар, өзбек, түрікмен, моңғол халықтарының ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бұл қырықтың ерекшелігін туыстас елдерде де бар екенін тағы бір қырынан көрсетеді. Негізгі сюжеті тазша баланың немесе жас жігіттің қырық ауыз өтірік сөз айтып, ханның қызына үйленуі туралы оқиғаға құрылған. Сондай-ақ «Қырымның қырық батыры» – қазақтың эпостық жыры. Жырды үш циклге бөлуге болады. Көптеген батырлардың ерліктері суреттелгендіктен, қырық көптік ұғыммен байланысты. Әрі қырық жырдан құралған. Аталған жырдың қырық жырдан құралуы жайдан-жай емес. Қырық сан есімі эпостық жырларда өзге жырларда өзге сандардан ерекше көп қолданылады.
Қорыта келе қырық саны қасиетті сандар қатарына жатады. Оның мән-маңызын мақалада атап көрсеттік. Сондықтан қырық санына қатысты әдет-ғұрыпты дұрыс орындасақ болғаны.

Майя ҚОЖАБАЙ 
14 наурыз 2020 ж. 726 0