Әр азаматтың әлеуметтік картасы болады
Елімізде «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID картасы» енгізілді. Бұл цифрландыру бағыты бойынша қолға алған пилоттық жоба. Аталмыш жобаны іске асыру Ақтөбе облысында 2019 жылдың шілде айында басталған болатын. Оның операторы – «Қазпошта» акционерлік қоғамы. Биылдан бастап бұл республика бойынша іске асырылып жатыр. Оның тиімділігі қандай? Осыған байланысты аудандық пошта байланыс торабының басшысы Ғ.Кенжебаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ғалымжан Арыстанбекұлы, алдымен әлеуметтік картаның не үшін қажет екеніне тоқталып өтсеңіз?
– «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID картасы» – бұл жәрдемақылар мен төлемдер түсетін пластикалық карта. Картаның көмегімен қызметтерге ақы төлеуге болады. Бұл ретте егер картаның иесі жеңілдік санатына жататын болса, ақша есептен шығарылмайды, бірақ төлем туралы хабарлама көрсетіледі. Әлеуметтік ID карта атаулы әлеуметтік көмек төлемін, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеуді, мектептерде көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына ақысыз тамақтануды көздейді.
– Бұл тәжірибеде бар ма?
– Әрине, әлеуметтік карта әлемдік тәжірибеден алынып отыр. Атап айтқанда, Ресей, Эстония, Жпония, Австрия, Малайзия мемлекеттерінде еңгізіліп, қазіргі таңда мемлекетімізде қолданысқа енген. Негізі өткен жылы пилоттық жоба ретінде Ақтөбе облысында іске асты. Оның тиімділігі болған соң биылдан бастап республика бойынша жүзеге асырылуда.
– Әлеуметтік картаның тиімділігі мен мүмкіндігі қандай?
– Мұның тиімділігі көп. Мәселен, карта арқылы зейнетақылар мен жәрдемақыларды есептеу, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, шәкіртақы және басқа төлемдерді есептеуге мүмкіндік бар. Шетелдік желіде қолма-қол ақшасыз сатып алулар кезінде Cashback 1%-ті құрайды. «Қазпочта» АҚ желісінде Post.kz сайтында 5000 теңгеден жоғары және Paypost-та 10000 теңгеден жоғары төлем жасаған кезде 50 теңге бонус беріледі. «Қазпочта» АҚ бөлімшелері банкоматтары арқылы толтыру тегін жүзеге асырылады. «Халық банкі» желісінде зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға ақшаны алу – 0 теңгеден 100 мың теңгеге дейін комиссия ұстамайды.
– Әлеуметтік картаны енгізу арқылы қандай нәтиже күтіледі?
– Алдымен, бұл арқылы әлеуметтік жеңілдіктер мен жеңілдік алатын тұлғалардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі жасалады. Сондай-ақ жеңілдік алатын тұлғалар бірыңғай сәйкестендіріледі. Мемлекет тарапынан халыққа берілген барлық әлеуметтік жеңілдіктің қолданылуы туралы нақты есеп жүргізу қамтамасыз етіледі. Бюджетті тиімді, мақсатты пайдалану және шамамен 10-15% бюджеттің үнемделу, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан бөлініп жатқан бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету, отандық тауарлар өндірушілерді қолдау, тұрғындардың тауар мен қызмет көрсетуге байланысты сұраныстарына үнемі талдау жасап отыруды қамтамасыз ету, тұрғындардың қызмет көрсету сапасына байланысты туындаған мәселелеріне жылдам жауап қайтару мүмкіндігі артады. Сонымен бірге дисконттық, жинақ карталар шығарылымында шығындарды азайту, карта эмиссиясының құнын төмендету, әлеуметтік карталар шығарылымы арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек.
– Әлеуметтік карта кімдерге ашылады?
– Халыққа тиімділігі мол карта мектеп оқушысына, студенттерге, жалақы алушылар, жәрдемақы және зейнетақы алушыларға ашылады. Картаның шығарылуы, жыл бойы қызмет көрсету, смс хабарлама тегін және шалғай пошта бөлімшелерінен 0% ақша қаражатын шығыстауға болады. Әлеуметтік картаны ашамын деушілер кез келген поштадан рәсімдеп алуға мүмкіндігі бар.
Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ