Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Курчатовта әскери борышын өтеген

Курчатовта әскери борышын өтеген

Осыдан 31 жыл бұрын 26 ақпанда «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс құрылды. Қоғамдық-саяси ұйым қатарында сырдариялық азаматтар да белсенділік танытып, әскери міндеттерін атқарды.
Тарихи деректер Қазақстан аума­ғында көптеген адамның өмірін жал­маған сынақ алаңдары болғанынан хабардар етеді. Солардың бірі – Семей полигоны. Аса маңызды стратегиялық объектіні ашуға 18 миллион гектар жер бөлінген. Әдепкіде сынақтар жер бетінде жүргізілсе, кейін жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастаған. Полигон Семейдің Курчатов қаласында «Сары-өзен», «Г», «Балапан», «Ш» сынды алаңдарда жүргізілген. Барлығы 456 ядролық жарылыстың 116-ы ашық аспан астында өткен. Тұрғындар үшін ауыр да қасіретті жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған қазақстандықтардың қатарында сырда­риялық азаматтар да бар. Солардың бірі – Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы Ерғазы Жұмабаев. Ол әскери борышын Семейдің Курчатов қаласында өтеген.
Ерғазы аға 1971 жылы қараша айында аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге аттанған оншақты бозбаланың қатарында болды. Ол кезде қайда, қандай әскери бөлімшеге алынып жатқандығы туралы ешқандай дерек берілмеген. Қызылорда облысынан 8 вагонға мінген сарбаздар ұзақ жол жүріп, Курчатов қаласына келіп түскен. Негізгі әскери қызметтің нақты қандай түріне алынғандығынан бейхабар жігіттер құрылыс жұмыстарын атқарады. Тас шауып, алаңдар ашып, қол жұмыс істейді.
– Қолымызға қару алып, атыс-шабыс түрлерін үйренудің орнына күндіз-түні құрылыс жұмыстарын атқардық. Қолымызға қару ұстадық десем артық айтқан боламын. Дегенмен арагідік барлығымызды үлкен алаңға жинайтын. Аспанды айналдыра 2-3 ұшақ жүретін. Барлаушылар болуы керек. Сол кезде жерде күшті толқын пайда болып, жер сілкінісі болғандай күй кешетінбіз. Бас-аяғы жарты сағатта аяқталатын. Әскери бөлімшедегі ғимараттарды тіреуіштермен не үшін тіреп қойғанын кейін білдік. Қатты толқыннан ғимараттар қирап қалмасы үшін солай жасаған екен. Бірақ біздерге жер астында атом бомбаларына сынақ жүргізіліп жатқандығы туралы ешкім хабардар етпеді. Барлығы құпия болса керек, – деді 19 жасында әскери борышын нағыз жарылыс алаңында өтеген жауынгер Ерғазы Жұмабаев.
Шын мәнінде, мамандардың айтуынша, Семей полигонында өткізілген ядролық жарылыстардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған. Бұл жа­йында халыққа 1953 жылдан бастап айтыла бастаған. Жалпы алғашқы сынақ 1949 жылы жүргізілген дейді ресми мәліметте.
Өкінішке орай ядролық сынақтың салдары орасан зор болды. Осы өңірде дүниеге келген ұрпақ кемтар болып туылды. Бұл радиациялық сәуленің әсерінен түрлі ауруға шалдыққан аналардан туылған балалар еді. Адамдармен қатар жер де зиян шекті. Темір, мыс, магний сынды металдар дәнді-дақылдар арқылы адам ағзасына енді.
– Жергілікті тұрғындардың кемтар екендігін көзіміз көрді. Ергежейлі адамдардың көптігінен шошынатынбыз. Аяқ-қолы жоқ балаларды да кездестірдік. Он екі мүшесі сау адам жоқтың қасы. Мұ­­ның барлығы сондағы сынақтардың сал­дары болатын. Бір сағатқа жетер-жетпес болатын белгісіз толқын адам денсаулығына қаншама зардап әкелетінін білмедік. Біздер жауынгерлер бір-бірімізбен бұл жайлы талқыламаймыз. Кейін басылым беттеріне жарияланғанда, атом бомбасының сынағы жүргізілгенін білдік, – дейді өзінің әскери міндетін мінсіз атқарған азамат.
1989 жылы қазан айынан бастап Семей қаласындағы полигонда сынақ жасау тоқтатылды. Бұл қырық жылға жалғасқан сынақты тоқтату үшін арнайы құрылған «Невада-Семей» қозғалысының арқасында қол жеткен жетістік еді. Дегенмен 1989 жылдың ақпанында сынақтан өткен бомбадан шыққан улы газ Курчатовтың Шаған қаласы мен Алтай өңіріне дейін жеткен. Содан соң полигонды жабу үшін күрес жүргізу белсенді жүргізіле бастады. Газдан уланған халықты қорғау, оларға көмек көрсетуге «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Нәтижесінде Елбасы Н.Назарбаевтың қаулысымен 1991 жылы полигон жабылды. Қазақстан ядролық қарудан толықтай бас тартты.
Семей өңірінде әскери борышын өтеген Ерғазы Жұмабаевтан басқа ауданда қазіргі таңда 30-дан астам азамат бар. Олар Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес Семей атом сынақ полигонында зардап шеккендіктен Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар ретінде мемлекет тарапынан жәрдемақы алады. Олардың мүддесін қорғайтын аудандағы қоғамдық ұйымға Шырынхан Садық жетекшілік етеді. «Семейліктерміз» деп өздеріне атау берген ұйымның құжаттарын реттеп, қандай да бір көмектің алуына атсалысады. Атау­­лы күн қарсаңында бастарын қосады. Оларды күллі адамзатқа қасірет әкелген атом бомбасы сыналған аймақта Отан алдындағы борышын өтегендерін бүгінде ел біледі. Және сол үшін кейінгі ұрпақ олардың алдында мәңгі қарыздар.


Бибісара ЖАНӘЛІ 

25 ақпан 2020 ж. 623 0