Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨШПЕС ТАҢБА ҚАЛДЫРҒАН

ӨШПЕС ТАҢБА ҚАЛДЫРҒАН

Жақында  аудандық жұмыспен қамту, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің  қолдауымен, аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Семей полигонында әскери борышын өтеген жауынгерлер қауымдастығы бірлестігін құру жайлы» аудандық конференция өткізілді. Конференцияға облыстық Семей ядролық полигоны қозғалысының төрағасы С.Ыдырысұлы, Қызылорда қалалық Семей-Невада қозғалысының төрағасы Д.Ақылбеков, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Е.Сағидоллаұлы, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы А.Усербаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Мырзағалиева, аудандық  жұмыспен қамту, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі бастығының орынбасары А.Мұқан, аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы Б.Сауытбаев, аудан бойынша Семей полигонында әскери борышын өтеген жауынгерлер бірлестігінің мүшелері қатысты.
Конференцияны аудандық «Мүге­­дек­тер қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Б.Са­уытбаев ашып, шараның мыңыздылығына тоқталды.  Қазіргі таңда әскери борышын  аталған өңірде өтегендер арасында денсаулықтары сыр бергендігі жөнінде айтылды.  Оларға мемлекет тарапынан түрлі көмектер қажеттілігі айтылды.  Конференция  барысында арнайы бірнеше адамнан тұратын басқарма мүшелері сайланды.  Бұдан бөлек тексеру комиссиясының құрамы да жасақталды.  Өз кезегінде конференция қонақтары сөз алып, зұлматты жылдардың адамзатқа әкелген залалдарын жеткізді.  Сала мамандары Семей полигонында әскери борышын өтеген жауынгерлер бірлестігінің мүшелеріне  қолдау болатындығын айтты. Өз  салалары бойынша мәліметтер келтірген басшылар тиісті жұмыстар атқарылатынын  тілге тиек етті. Конференция жұмысының  барысында әскери борышын өтеген азаматтар өз естеліктерімен бөлісті.  Негізінен Семей полигонының қырық жылдық тарихында 459 жарылыс жасалған. 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ ауданы бойынша Кеңес әскері қатарында 150- ден астам сырдариялық қатысса, бүгінде  содан 82 адам қалып отыр.
Жиын соңында аудандық Семей полигонына қатысқан ардагерлер қауымдастығы бірлестігінің жаңадан құрамы жасақталды. Бірлестік төрағасы болып  Ж.Құттыбаев сайланды. Мүшелері қатарына кент, ауылдық-округтен азаматтар кіргізілді.  Алдағы уақытта аталмыш бірлестік жұмысы үлкен нәтиже әкелетіні анық. Ендеше, талай жыл зардап салдарымен күрескен азаматтар ел игілігі  үшін  әлі де қызмет ете бермек. 

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

20 қараша 2017 ж. 1 890 0