Мен өмірді қалаймын
Менің балалық бал шағым алаңсыз өтіп жатқанына қуанамын. Қазір мектеп оқушысы ретінде менің алдымда тек бір ғана мақсат бар. Ол – сабағымды жақсы оқу. Алайда айналамызды қоршаған ақпарат ағыны жан-жаққа мұқият болуды ескертетіндей. Себебі үлкендерден бастап баланың қолында қалта телефоны жүр. Бұл ғаламтор арқылы көптеген оқиғаларды жедел таратып қана қоймай, түрлі жағымсыз әрекеттерге әуестенуді үйретіп жатыр деген сөз. Сондай жаман әдет немесе тәуелділік есірткі мен нашарқорлық дер едім. Бұл бүкіл адамзаттың хас жауына айналған қауіпті кесел. Онымен күресті қоғамның әрбір мүшесі жүргізу керек. Біздің мектепте ұстаздарымыздан бастап, ата-анамыз да үнемі адам өміріне, денсаулығына қауіпті осы тажал туралы көп айтады. Тәрбие сағаттарында нашақорлық жайлы бейнероликтер көрсетіп, оның салдары неге әкелетінін көрсетеді. Шын мәнінде бір рет қана татып көрушілік өмір бойы тәуелді болуға әкеледі. Ал оның салдары қылмысқа, өз өміріне балта шабуға жеткізеді. Жақында біз сыныбымызбен нашақор бала туралы деректі фильм көрдік. Дені сау болып туылған баланың ата-анасы нашақор болған. Олар балаларына дұрыс тәрбие бермек түгелі, оның да нашақор болып өскеніне де мән бермеген. Үйдегі күнделікті жанжал, ақшаның жоқтығы баланың теріс әрекетке баруына ықпал етеді. Ақыры қылмыскер атанған жасөспірім баланың өміріне балта шабылды. Ол енді өмірін абақтыда өткізеді. Қандай өкінішті оқиға. Бұл бір ғана мысал, айналамызда осындай сұмдықтың болып жатқанынан хабардар етеді. Меніңше ең алдымен ата-ана өзінің тәрбиесіне жауап беріп, баласына барынша үлгі болуы керек.
Дегенмен, бұл қасірет біздің ұлтымызға да төніп келеді. Сондықтан өзім секілді жасөспірімдерге бос уақытын тиімді өткізу үшін спортпен айналысуға, сүйікті іспен шұғылдануға шақырамын. Мектеп жанындағы түрлі үйірмелер кез-келген баланы қызықтырады. Робототехника, спорттың түрлі үйірмелері, әуез мектебі, бәрі-бәрі біз үшін есіктерін айқара ашқан. Болашақ тәуелсіз еліміздің тұтқасы ретінде аты өшкір есірткіден аулақ болайық!
Жақсылық абыройға дақ түсірмес,
Қателік еш уақытта оң түзелмес.
Есірткі есіңді алар қайран жұртым,
Шын құныққан ар ісіне жүгінбес.
Дертіне дауа таппай мүшкіл қоғам,
Тәртіпке бір мезетке бағынбаған.
Расында келешекті аңсар едім,
Санасы есірткімен уланбаған.
Марлен АМАНҚОС,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің
9 «а» сынып оқушысы
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің
9 «а» сынып оқушысы