Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Берік отбасы – есірткіден алыс»

«Берік отбасы – есірткіден алыс»

Адамзат тарихындағы қаншама қанды оқиғаның себепшісі, неше түрлі зұлымдықтардыңда бастаушысы «апиын» – болғанын білеміз. Біздің ғасырымыздың басты дерті – нашақорлық. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда,ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.
Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Жастық шақта бәрін көріп-білу керек деген түсінік саналарын жаулап алады. Есірткі оның өмірін ақырын құрдымға апара жатқанын сенбейді де.
Жастар психологиясына жүргізілген зерттеулер, олардың – орта іздейтіндігін, ортасы жоқ жасөспірімдер жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген. Ал ортада қай бала жан – жақты  пысық, соңынан өзгелерді де ерте алатындай қабілеті болса, сол балаға ұқсағысы келіп ұмтылады.
Бүгінгі күні баланы қызықтыратын орта аз,қала баласы түнгі клуб, би алаңдарын айналдырса, ауыл баласы  көше тоздырып, арақ – шарап ішуге әуес. Баланың жаман жолға түсуіне ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауынан. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі, қарның тоқ па,көйлегің көк пе дегендей. Өзім де ата-анамын, бірақ балама барынша көңіл бөліп, ортасы қандай, кімдермен дос, барлығына дерлік көңіл бөлуге тырысамын. Ал кейбір ата-аналар бар жұмыстан қолы тимей, бала тәрбиесіне көңіл аудара алмай жүрген. «Баланы жастан» демекші, баланы осы  бастан бастапқадағалау керек деп ойлаймын. Жастайынан есірткі тартқан адам ол тәуелділікке душар болады. Тәрбие отбасынан басталады демекші, отбасындағы жағдай да балаға қатты әсер етеді. Егер ата-анасы қолайсыз болса, ішімдікке, шылымға әуестігі болса ол да баланың  санасына ой салады. Есірткінің бір жаман қасиеті – оны шылым, арақ-шарап секілді тастау оңай емес. Оның үстіне жас организмге жабысқан есірткі оңайлықпен арылмайды.
Осыған байланысты, қоғамдық – қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде  оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлаймын. Жастарды спортқа, басқа мәдени шараларға тарта отырып, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге ата-ана да, мұғалім де атсалысса, бала жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға тырысады. Сондықтан баланың болашағы – біздің қолымызда. Оларға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, өмірдің кез – келген жағдайынан мүдірмей кетуіне септігімізді тигізген дұрыс.

Айгүл Мұса

21 ақпан 2020 ж. 533 0