Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қыз тәрбиесі

Қыз тәрбиесі

«Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде қыз баланы ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де бірегейлі де – біздің қазақ». Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ қыздары хақындағы пікірі. Расында да қазақ халқы қыз балаға ерекше қарап, тәрбиесіне аса мән берген.
Халқымыз ықылым заманнан бері «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» деген тәмсілді алғашқы орынға қойып, болашақ ана ретінде қараған. Ұлы Абайдың анасы Ұлжан секілді ұрпақ тәрбиесіне мән берсек бүгінде талай ғалым, ғұламалар мен ойшылдар дүниеге келер еді. Ал бүгінде қыз бала тәрбиесіне қалай көңіл бөліп жүрміз, нені басты назарға алуымыз тиіс? Осы секілді сұрақтардың жауабын табу мақсатында ауданға қарасты №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей ұстаздары тағылымды кездесу өткізді. Газетіміздің өткен санындағы әкелердің қоғамдағы рөлі мен оларға артылар жауапкершілік турасында жиын өткізген аталған білім ошағы бүгінде ұрпақ тәрбиесіне белсене кіріскен секілді.
«Қыз – өмірдің қызғалдағы» тақы­рыбында өткен шарада 8-9 сыныптың қыз балалары екі топқа бөлініп, өзекті мәселені арнайы плакаттағы суреттер арқылы түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Мұнымен қоса медицина, құқық қорғау, білім саласы ардаргерлері сөз алып, өз ақыл-кеңестерін жеткізді.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздігімізді алып, әлемдік қауымдастыққа қазақ деген халықтың қандай екенін танытатын мүмкіндік туған кезеңде өзгенің қаңсығын таңсық көр­мей, ұлтымызға тән, өзгелер қызыға қарайтын құндылықтарды жаң­ғырт­сақ нұр үстіне нұр болар еді. Ал қазір, өкінішке орай, асылы мен жасығы араласып, сел болып жатқан ақпараттар ағыны ұрпақты баурап, «тәрбиелейтін» құралға айналғаны анық.
Қазір кейбір қазақ қыздарының жүріс-тұрысы мен киім киісін, өзін-өзі ұстауы мен үлкен-кішіге қарым-қатынасын көргенде көңілің құлазиды, арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын естігенде, жаның түршігеді. Оспадарсыз қылықтарының салдарынан қыздар жүкті болып қалады да, жасанды түсік жасатып немесе өмірге келген бейкүнә шарананы кез келген жерде қалдырып, аналық құқығынан айырылып жатады. Батысқа еліктеуден туындаған сондай сұмдықтар біздің салт-санамызға кері әсерін тигізіп отырғаны мәлім. Міне, қоғамды тәрбиелейтін кейбір қыздарымыздың бүгінгі келбеті осындай екені – ащы да болса ақиқат.
Жаңа ғасырдағы жаңалықты қабылдағанның жөні осы деп, шетелдік немесе ғаламтордан көрген керексіз дүниелерді қабылдағаннан ұтпаймыз. Көргеннің көзін сүріндіретін ашық-шашық киінуден аулақ болып, заман ағымынан қалмай, жарасымды киініп, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтағаннан адамның бағасы арта түспесе кемімейді. Өзінің ана тілін білмейтін, оны қадірлемейтін қыздар ұлтжанды ұрпақты өмірге әкеле алмайды. Себебі, ана тілін білмеген адам, ұлтының салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Ал балаға ондай қасиеттер анасының ішінде жатқаннан бастап берілетінін ғалымдар дәлелдеген. Сондықтан тәрбиені тал бесіктен емес, құрсақтан бастау керек. Қазақта «жатыры оңбай, бала оңбайды» деген сөз бар, ұрпағының текті болғанын қалаған бабаларымыз текті жердің қызын алуға ұмтылған. Қыз баланың тәрбиесін ұлттың тәрбиесі деп қарамасақ, келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болатыны екіұдай...
Ертедегі ешқандай жоғары білімі жоқ аналарымыз «бәрін қалай біледі» деп қайран қалатын едім, есейген соң оның сыры дәстүрді ұстанып, дінмен рухтануда екенін түсіндім. Құстың қос қанатындай дәстүр мен дінді қадірлегендіктен, аналарымыз ешбір теорияға сүйенбей-ақ мықты тәрбие берген. «Оқыған-тоқыған өзіміз балаларымызға сол оқымаған аналарымыздай тағылым бере аламыз ба?..» деген ой мазалайды кейде.

Майя ҚОЖАБАЙ 
18 ақпан 2020 ж. 1 276 0