Әкеге қарап ұл өсер
Әкенің балаға берер тағылымы мол. Оның ішінде «Әке көрген оқ жонар...» демекші, ұл баланың тәрбиесіне келгенде оның орны ерекше. Олай дейтініміз ер балаға туғаннан елінің қорғаны, ұлтының қамқоршысы болу маңдайына жазылады. Ал оған мүмкіндікті әке жасайды. Әке балаға сыншы бола жүріп, қайсарлық, мықтылық, жүректілік, ептілік, қырағылық, жалпы ер жігітке сай мінездерді үйретеді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтынның» себебі де содан.
Әкенің қоғамдағы рөлі, балаға берер тәрбиесі жөнінде №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде ер балалар арасында кездесу өтті. Ашық алаң форматындағы жүздесу еркін пікір алмасу бағытында өрбіп, оқушыларға бала өміріндегі әкенің орны туралы рухани азық болар әңгімелер айтылды.
Алдымен шараны ұйымдастырушылар әке тағылымы жөнінде бейнеролик көрсетті. Содан кейін құрметті меймандарға сөз тізгінін берді. ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жантемір Айсин бала әкеге қарап бой түзейтінін жеткізді.
– Балаға барлық ізгі қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Оның ішінде әкенің қайсарлық, өжеттік қасиеті ұлдың бойынан табылатыны анық. Өйткені әрбір ер баланың өмірдегі басты тұлғасы әкесі деп ойлаймын. Сондықтан ер жігіттер елдің қорғаны, патриоты болуы қажет. Олар елін, жерін, халқын сүйетін азамат болып өсуі керек, – деген мәдениет саласының ардагері өзінің ақыл-кеңесін айтты.
Сөз кезегінде ҚР білім беру ісінің үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов та өмірден көрген-түйгендерімен бөлісіп, ізгілік нұры әкенің тәрбиесінде екеніне тоқталды. Өнер саласының майталманы қазір оқушыларда білім алуға уақыт көп екенін жеткізді. Бұрынғы кездердегідей отын жарып, су тасу мәселелері түбегейлі шешіліп, қазір тек білім ізденіп, оқып-тоқудың заманы екенін, бүгінде білімділер ғана биіктерді бағындыратынын атап өтті. Сондай-ақ әркез әкеге құрмет көрсетіп, оның абыройын асқақтату қажеттілігін де тілге тиек етті.
Ашық алаңда баланың мамандық таңдауына әкенің ықпалы зор екендігі және оқушылардың ұстаздарға құрметі мол болу керектігі жөнінде аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов айтса, биылғы жылдан бастап заңдарға толықтырулар мен өзгертулер еніп, соның негізінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қатысты жауапкершілік күшейгені туралы аудандық прокуратура қызметкері Керейтбай Нұрымов түсіндіріп өтті. Ал Nur Otan партиясы аудандық филиал кеңесшісі Берік Ахметов пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Нұржан Жұмабеков қандай қиындық кездессе де оны ерік-жігермен жеңе білу керектігіне тоқталды.
Кездесу барысында ата-аналар да әкенің қоғамдағы рөлі зор екенін айтса, оқушылар өздерінің пікірлерін білдірді. Ашық алаң қорытындысында мектеп-лицей директоры Үміт Жұмабаева бұл кездесуден оқушылар рухани азық алғанын айтып, алғысын білдірді. Сондай-ақ мектеп-лицей инспекторы Бауыржан Әбіләзиев шараны ұйымдастырудағы мақсат-міндетті жеткізді.
Ердос Беркінбаев