МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫНАН ТАРАҒАН МЕРЕЙЛІ ҰРПАҚ
“Ел болам десең - бесігіңді түзе!” деген данагөй халқымыздың ежелден келе жатқан ұлағаты, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өсиеті. Бұл өсиет қазақ халқы әуел бастан бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, айрықша мән бергендігін дәлелдейді.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейінгі жылдар ішінде Отанымыздың болашағы – жас ұрпақтарды тәрбиелеу ісіне әрдайым сан түрлі қамқорлықтар жасалып келеді. Соның аясында республикада “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы жыл сайын өткізу жүзеге асырылуда.
Өткен жылы ұйымдастырылған “Мерейлі отбасы” конкурсында Бәйменовтер отбасы облыстық деңгейде марапат тұғырынан көрінді. Аталмыш байқауда жанұя мүшелерінің саны мен маңызды отбасылық дәстүрі, балалардың жетістіктері мен қоғамдағы беделі ескерілген болатын.
Бәйменовтер отбасында осындай өнегелі істер биылғы жылы да жалғасып келе жатқандығы әулетті мақтаныш сезімге бөлеп отырғаны анық. Биыл Рахымжан Бәйменовтың немересі Бақытжан пен Әділет немерелері университет бітіріп, қалаған мамандық иелері атанса, Ботакөз бен Мағжан білім ошағын үздік бітіріп, грант иегері атанып, жоғары оқу орнына түсті.
Ал жақында мерейлі отбасы мүшелері халықаралық байқаудан жүлдемен оралды. Алматы қаласында “Жеті өнер” халықаралық балалар мен жастар фестиваль-байқауы өткен болатын. Байқаудың “Бейнелеу өнері” сайысында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің бір топ оқушысы қатысып, бақ сынады. Оған Қазақстан мен көршілес елдерден 2000-нан аса жас өнерпаз қатысып, оның ішінде №36 мектеп-лицейдің “Бейнелеу өнері” пәнінің мұғалімі Әділбек Бәйменов жетекшілік еткен топ марапат тұғырынан көрінді.
Топ құрамында аталған әулеттің мақтаныштары 3 сыныпта оқитын Әлсина айрықша өнері мен дарынды еңбегі үшін бас жүлдемен (гран-при) марапатталып, “Қазақстан үздігі” төсбелгісін кеудесіне тақса, 4 сыныпта оқитын Нұртөре ІІ орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Ауданымыздан осы топта халықаралық фестиваль-байқауғақатысқан Нұрайым Аралбай мен Мария Әбенова І орын, Берік Кенжебай мен Жанбибі Төлеген ІІ орын алды. “Жеті өнер” Шығармашылық Орталығы, балаларды өнерге баулып, кемел келешектің ұрпағын ұлттық бағытта тәрбиелеу жолындағы еңбегі үшін топ жетекшісі Әділбек Бәйменовті “Құрмет” грамотасымен және “Көшбасшы педагог” медалімен марапаттады.
Жас жеткіншектердің халықаралық жарыста осындай үлкен жетістікке жетуі аудандық Оқушылар үйінің жемісті жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ