Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балталаса сынбайтын аяқ

Балталаса сынбайтын аяқ

1945 жылдың наурыз айы болатын. Германия жеріндеміз. Немістердің теңізші десантшыларымен соғыста жүріп, оларды Данциг қаласына дейін қуып келдік. Бірақ қаланы алу бізге өте қиын болды. Жау әскері қатты қорғанған. Қаланы қоршаған биік-биік мұнараларда пулеметтер орнатылған. Сақылдап басыңды көтертпейді. Бірнеше күн бөгелдік. Дегенмен, күшіміз басым болғандықтан, алдымен темір жол бекетін алдық. Сосын көше-көшеде ұрыс жүргіздік. Тұрғындар жертөлеге тығылған. Ал үйлерге жау әскері бекініп, атысып жатыр. Үйлерді жаудан тазартып, тұрғындарды жертөледен шығарып келе жатқанымызда, бір көше қиылысына келгенде дәл қасыма снаряд келіп түсті. Екпініммен құлап бара жатқанымда бірінен соң бірі екі аяғымның да жараланғанын сездім. Бір аяғымның басы опырылып қалған. Әупірімдеп жылжып үйдің тасасына бардым. Етіктерім мыжылып қалған, іші толған қан. Жүгіріп келген жолдастарыма дереу екі аяғымды жгутпен байлаттым. Командирім де келді. Ол санитарларды шақыртып, бі­рін­ші дәрігерлік көмек көрсетіп, қасы­ма политрукті қосып, 70 шақырым жердегі госпитальға жіберді. «Қорықпа, елге тірі оралатын болдың», – деп арқамнан қағып қояды. Политрук машинамен госпитальға жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды. Сөйтсек, Мәскеуден ұшақ келіп, бірқатар жаралыны сол жердегі госпитальға алып кетпекші екен. Төрт қыз дәрігер қарап, тексеріп жүр. Маған да келіп, қызуымды, қан қысымымды тексерді. Біреу «жарайды» деп, санитарларға: «Ұшаққа апарыңдар!» – деді. Сөйтіп, ИЛ-18 ұшағына 20 адамды тиеп, ұшып шықтық. Варшаваға келіп бір қонды. Өте әлсірегендерді сол жерге қалдырып, басқа жаралыларды алды. Мәскеуге қонғанда мен де әлсіреп түстім. Дәрігерлер дереу жәрдем көрсетіп, ота жасауға жатқызды. Қалғанын біле бермеймін. Екі аяқ та таңулы, гипстелген, орнымнан тұрмай жатамын, ауырады. Ауырып қиналған кезде «Неге мұны кесіп тастамағансыңдар» деймін дәрігерлерге. Сонда олардың ең үлкені орыс кісі «Қорықпа, шыда, мұны балталаса сынбайтын аяқ етіп береміз» деді күліп. Алты айдан кейін І топтағы мүгедектік алып, емханадан шықтым. Осы бас жағының бәрі мыжыра­йып қисайған аяғыммен қырық жылдан аса көп жүріс пен күшті қажет ететін шаруашылықтарда еңбек еттім.
Кейін менің мүгедек екендігіме ешкім сенбейтін болды. Тіпті, мүгедектігімді бір комиссияда алып тастап, ту жоғары жақтан Подольск қаласынан анықтама алдырып, әрең қайта қалпына келтірттім. Міне, соғыс кезіндегі дәрігерлер қандай болғанын осыдан-ақ біле беріңдер. Оларға мен тәнтімін!

Яхия ТАСЫРОВ
11 ақпан 2020 ж. 413 0