ТҮЙЕ БАҚҚАН ЖАНСАЯ
Қызылдың қойнауында орналасқан Іңкәрдария ауылында түйе шаруашылығымен айналысып, кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер көп болмағанымен бар. Солардың арасында Жансаяның еңбегі елеуге тұрарлық екені даусыз. Ол кәсіпкерлікке бейім оңтүстікке жақын Жаңақорғанның қызы. Осыдан 6 жыл бұрын құтты мекен Іңкәрдарияға, Жөнеровтер отбасына келін болып түсті.
Жас келін үйдің тірлігін тап-тұйнақтай етіп ғана қоймай, бұрыннан түйе сауып, өнімін ауылдастарына ұсынатын енесі Қыдыркүл апаға қолғабыс етті. Осы орайда Жөнеровтер отбасының шалғай ауылда түйе шаруашылығымен айналысуы дәстүрлі кәсіп екендігін айта кеткен орынды болмақ. Отағасы Әжәкбар Жөнеров Іңкәрдария шаруашылығының құрылған күнінен бастап жұмыс жасап, ауылда ойсыл қара тұқымының өсіп-өнуіне маңдай терлетіп еңбек етті. Сол кезеңде Әжекеңмен бірге жолдасы Қыдыркүл апа түйе сүтінен шұбат, құрт жасап, кәсіп етті. Ұлы Қанат ата кәсіпті жалғастырып, қорасында бірнеше түйе ұстап, өнімін ауылдастарына, аудан орталығы, қалада тұратын тұтынушыларға ұсынды. Осылайша кәсіп өркен жайып, ауылдан тыс жерлерден Жөнеровтердің шұбаты мен құртын тұтынушылардың өздері іздеп келіп алатын болды.
Жансая енесіне көмекші бола жүріп, бұл кәсіптің қыры мен сырын жақсы меңгерді. Түйе сауудан басталған жұмыстың өрісі кеңейіп, шұбат пен құрт жасаумен қатар дәмі тіл үйіретін, денсаулыққа пайдалы түйе етінен тұшпара дайындап өткізуді қолға алды. Соңғы аталған жаңа кәсіп ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жол ашты деуге болады.
Жансая Жаппасова «Баһадүр» жк ашып, 2018 жылы «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауылда түйе шаруашылығын өркендету үшін 2 млн. теңге несие алып, қорадағы ойсыл қара басын бірнеше есеге көбейтті.
– Биылғы жастар жылында Елбасы елімізде кәсіпкерлікті дамытуға үлкен қолдау білдіріп отыр. Жастардың орны қашанда алғы шеп. Бойда қажыр-қайрат бар да қандай кәсіпті де дөңгелетуге болады. Ол үшін ешкімге алақан жаймай, өзіңнің күшіңе сенген абзал. Іңкәрдарияда мал шаруашылығының, оның ішінде өнімі денсаулыққа пайдалы түйе шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Жастар осы мүмкіндікті құр жібермей, кәсібінен береке тапсын, – дейді Ж.Жаппасова.
«Мал жылда туады, сауда күнде туады» дегендей тұтынушылардың сұранысы бойынша түйелерді ертемен сауып, шұбат, құрт, тұшпара дайындауға кіріскен Жансая күнделікті дағдысымен сергек қимылдап, жұмысын едәуір еңсеріп тастады. Арасында үйелмелі-сүйелмелі екі баласын тамақтандырып, отбасының түскі асын әзірледі. Осылайша күн ұзағына бір тыным тапқан жоқ. Жас болып, жұмыс десе жалындап тұрған Жансаяның кәсіпкерліктен биік белестерге жететініне сенім мол.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ