Біз білетін бір ана бар ардақты...
Асыр салып ойнаған көп баланың дабырлаған дауысын «Тыныш, бастық апай келе жатыр...» деген сөз бұзып жіберді. Достық көшесінің шаңын көкке көтеріп жүрген бәріміздің еркелігіміз сап тыйылды. Тез үсті-басымызды ретке келтіріп, бастық апайға қос қолдап амандасып, ізет көрсеттік. Әдеттегідей маңдайымызды сипап «Айналайын, қалайсыңдар» деген сөзі мерейімізді өсірді. Бұл біздің үйге қарама-қарсы үйде тұратын Ұлмекен апай еді. Балалар да, үйдегі ата-анамыз да ол кісіні «Бастық апай» дейтін.
Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екі адам болса, оның бірі – біздің бастық апай Ұлмекен Жанәлиева. Сөйлеген сөзі де, істеген ісі де ерекше. Көшенің барлық тұрғыны ол кісіні құрметтейді. Үлкені де, кішісі де сыйлап, төрден орын береді. Үйдегі басты ұстазымыз анамыздың айтуынша, ол саналы ғұмырын ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған абзал жан. Сондықтан көшеде көре қалсақ, қос қолдап амандасып, құрмет көрсету – бізге міндет. Оның үстіне біз қарама-қарсы үйде тұратын көршіміз. Қазақ мұндайда «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» демей ме?!.
Кейіпкеріміздің ауданның дамуы, қоғамның ілгері басуы үшін еткен еңбегі жөнінде әңгіме тиегін ағытпастан бұрын, сәл кейінге шегінсек. 1996 жыл. Біздің отбасы Достық көшесінен жер алып, үй салуға кіріскен қарбалас кезең. Мен ол кезде небәрі үш жаста екенмін. Әкем үнемі Ұлмекен апайдың әділдікті ту еткен ізгі ісін ұмытпай айтып отырады. Бүгін сол оқиға есіме түсіп отыр. Атақ-абыройы ауданға ғана емес, облысқа да белгілі Бақыт Мыханов бізбен құдайы көрші болыпты. Сол жылдары Мыхановтар отбасы да құрылысқа қарқын қосып, жаңа қоныстану аймағынан үй салуға кіріскен екен. Бірақ біздің үйге тиесілі жерге бірнеше метр кіріп кетіпті. Бұл көршілер арасындағы әдеттегі жағдай ғой. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тәмсілден аса алмаған әкем бұл мәселеге аса мән бермепті. Десе де бір-екі метр емес, көрші үй бірнеше метрге дейін кіріп кеткені анық аңғарылады екен. Өткен-кеткен «Ау, ескертпейсіз бе?! Айтпайсыз ба?!» дейтін көрінеді. Бәрін білетін бастық адамның өзі байқамаса, оған түсіндіру артық әрі ол кісі қарапайым көлік жүргізушісі болып қызмет атқаратын әкемнің сөзін тыңдай қояр ма екен?! Көп кешікпей көршілермен қатар бұл мәселені аңғарған Ұлмекен апай әкемнің ойын біліпті. Әкем болашақта бау-бақша еккісі келген орынға көршісі көлік қоятын гараж салуға мықтап кіріскенін айтыпты. Мәселенің мәнісін ұққан Ұлмекен апай ертеңіне Бақыт Мыхановпен сөйлесіп, қарапайым отбасыға тиесілі жерге жүргізіліп жатқан құрылысты тоқтатуға кеңес беріпті. Бұл басшы адамға жараспайтын іс екенін айтып, әкемнің айта алмаған уәжін жеткізіпті. Арада апта өтпей құрылыс бұзылып, жер тазаланыпты. Бұл әділдікті ту етіп, қай іске де сындарлы көзқараспен қарайтын Ұлмекен апайдың қарапайым отбасының қамын ойлаған жанашырлығы деп білемін. Айта кету керек, қазір бұл жер бау-бақшаға айналған. Жеміс ағаштары да жайқалып тұр.
Жанашыр жанның көпшіліктің санасында жатталып қалған жақсы істері көп. Оның бәрін жаза бастасақ, мақаламыздың ауқымы кеңейіп кетеді. Кейде таралымы көп, оқырманы аз кітаптар қолға түскенде «Ұлмекен апай неге өзінің өмірінен, атқарған еңбегінен сыр шертетін бір кітап шығармайды» деп ойлаймын. Меніңше, ол кітаптың оқырманы көп болары сөзсіз. Өйткені тарихы терең ауданнан, қоғамнан апайды бөлек қарастыруға келмейді. Өңірге аян өмірбаяны елдің көз алдында, артқа тастаған әр жылы аудан үшін істелген іргелі істермен сабақтасып жатыр.
Ұлмекен Шанайқызы 1950 жылы 18 қаңтарда дүниеге келіпті. 1957-1967 жылдары кенттегі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы орта мектебінде білім алған ол еңбек жолын өзі бітірген мектепте аға пионервожатый болып бастаған. Кейіннен Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқыған. Оқу орнын тәмамдаған соң ұстаздық қызметін жалғастырады. 1976 жылы С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінде бастауыш пәнінің мұғалімі болып, оқушыларға тәлімді тәрбие берді. 1979 жылы Тереңөзек кентіндегі №88 кәсіптік техникалық училищесінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ауысып, 1987 жылы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектебінің директоры болып жұмыс жасады. Мектепке басшылық еткен жылдары білім жүйесіне жаңашылдықтарды енгізіп, балалардың заманауи білім алуына ұйытқы болды. Әр жыл сайын ұстаздардың біліктілігін арттыруға ықпал жасап, білім ошағының биіктерден көрінуіне атсалысты. Білім саласына 25 жылдай қызмет істеп, 1989-2008 жылдары Халық депутаттары поселкелік Советі атқару комитеті председателі, Тереңөзек кентінің әкімі, Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық мұрағаттың директорлығы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Поселкелік, аудандық кеңестің депутаты болды.
Өмірі өнегелі жан ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Егемендігіміздің 10 жылдығында, Президент сайлауында Президенттің «Алғыс хатымен», ҚР Білім Министрлігінің «Құрмет грамотасымен», облыс әкімінің, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. 2011 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алды.
1993 жылдан бастап аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқаруға кіріскен ардақты жан аудандағы нәзік жандылардың мұң-мұқтажын шешу жолында аянбай тер төгіп келеді. Ақ жаулықты аналар атынан сөз сөйлеп, оларға әркез құрмет көрсетуді басты міндеті санайды. Осы абыройлы міндетінің жалғасы ретінде 2006 жылы заңды тұлға ретінде тіркеліп, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып, бүгінгі күнде абыройлы жұмыс жасауда.
Қоғамдық бірлестік жұмысын ұйымдастыра жүріп Ұлмекен Жанәлиева қоғамдағы әлжуаз топтарға көмек пен ардақты аналарға құрмет көрсету, жастарға үлгі-өнеге болу тұрғысында да ұлағатты іс-шаралар өткізіп келеді. Атап айтқанда, аналардың жүріп өткен жолдарын және бала тәрбиесіндегі тәжірибелерін жас отбасыларына үлгі ету, насихаттау мақсатында «Ғасыр жасаған аналар» шарасын өткізіп, құрмет төріндегі ақ жаулықты әжелерге сый-сыяпат көрсетті. Оның жалғасында «Өмірлері өнеге» тақырыбымен түрлі салада еңбек еткен, ауданның экономикасының дамуына үлес қосқан ардагер аналармен кездесу ұйымдастырып, оларды марапаттады. Бұл бір жағынан аяулы жандардың көп жылғы еңбек жолдарын үлгі ету болса, екінші жағынан қоғамдық өмірге белсене араластыру және белсенділіктерін арттыру болып табылады. Сонымен бірге ұлттық дәстүріміз бен қолөнерімізді кейінгі ұрпақтарға насихаттау мақсатында «Алтын қолды аналар» әжелер мектебіндегі әжелердің қатысуымен қолөнер бұйымдарының көрмесін де ұйымдастырды. Мұның бәрі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді ауданда жүзеге асыруға қосылған айрықша үлес.
Аймақты абыроймен басқарған Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен дарияның сол жағалауынан бой көтерген облыстық «Жастар орталығына» өткен жылы жол түсті. Ол кезде аудан әкімінің көмекшісі – баспасөз хатшысы қызметін атқаратын едім. «Жастар орталығында» басшылық лауазымда жұмыс істейтін Гүлнәр Сәрсенбай есімді әріптесіміз менің сырдариялық екенімді біліп, ауданымыз туралы сөз қозғады. Айтуынша, біздің ауданда бір үлгілі кісі бар екен. Ол адал еңбекті бағалайтын, істеген жақсылығын міндет қылмайтын, өзінен гөрі өзгені көп ойлайтын парасатты тұлға екен. «Ол кісіні өзіме және барлық қыз-келіншекке үлгі етіп жүремін» деп аяқтады Гүлнәр Сәрсенбай әсерлі әңгімесін. Жиналған жастар қызыға қарап қалдық. Қуаныштысы сол, әңгімеге арқау болған ардақты жан біздің Ұлмекен Жанәлиева апай болып шықты. Мерейіміз өсіп, облыс жастарының алдында абыройымыз артып қалды. Кейін білдім, апай Гүлнәр Сәрсенбайды танымайды екен. Меніңше, апайдың өзі танымаса да, апайды танып, сырттай құрмет тұтып, үлгі етіп жүретін жастар көп.
Қайбір жылы фейсбук әлеуметтік желісінде айтары бар, өмірден түйгені мол Серік Есназар «Талай басшымен бірге жұмыс істедік. Бұл кісіні басқалардан ерекшелейтін ең басты қасиеті – қолының тазалығы. Қолы таза болған соң әлі күнге дейін жұртпен еркін, именбей сөйлеседі. Ағайын-туыс, жора-жолдас, қызметтестер әлі күнге дейін қандай жағдайда да Ұлекеңді іздейді, ол кісімен ақылдасуға асығады» деп пікір қалдырыпты. Артынша ауданға белгілі азамат Батырбек Маншарипов «Ұлмекен Шанайқызы елдің, шәкірттерінің құрметіне бөленген ардақты жан. Бұл құрмет талай қиындықпен, қажырмен, қайратпен, сабырмен, тынымсыз еңбекпен келгенін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Сондықтан еңбегі әркез жоғары бағаланады» деп өз ойын жазыпты. Білім саласының үздігі Ләззат Палымбетова ардақты тұлғаны өмірдегі ұстазы санайтынын айтса, өзге де жүздеген желі қолданушылары Ұлмекен апайдың аналардың ардақтысы, ұстаздардың ұстазы екенін жеткізіпті. Бұл ел-халықтың, қоғам мүшелерінің ықыласы, пейілі, ниеті.
Қазіргі кезде отбасы құндылығын насихаттау – күн тәртібіндегі мәселе. «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы мұны естен шығарған емес. Барлық тәрбиенің бастауы отбасы екенін назарға сала отырып, аудандағы мерейлі отбасылармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Отбасы бюджетін үнемдеу тұрғысында да ауқымды іс-шара ұйымдастыруда. Мәселен, отбасында кездесетін кейбір жағдайлардан шығу жолдарын үйрету, тәжірибелі отбасыларының тәжірибесімен бөлісу үшін жас отбасылармен кездесу өткізді. Оның барысында отбасында жанжалды болдырмау, жас келіндердің өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруына ықпал жасау секілді тәрбиелі жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ «Отбасылық бюджетті үнемдеу – басты назарда» тақырыбымен өткен дөңгелек үстелдің де жас отбасыларға берері мол. Бұдан бөлек, көптеген мәдени-спорттық шаралар, тәрбиесі мол кездесулер өткізіп, ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді. Осындай жұмыстарды атқара жүріп құрметті жан түрлі марапаттарға ие болды. 2010 жылдың қорытындысымен ауданның «Үздік қоғамдық ұйым жетекшісі», 2011 жылдың қорытындысымен облыс әкімінің «Үздік азаматтық қоғам өкілі», 2012 жылы «Алтын қазына» номинацияларының иегері атанды. Сонымен қатар Сырдария ауданының 90 жылдығы мерейтойы аясында «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталды. Облыстағы, аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмыс жасауына қосқан үлесі үшін республикалық Азаматтық альянсының ІҮ, ҮІ форумдарына делегат болып қатысты. Қазіргі таңда жетпістің белесіне шыққан абзал жан ұрпақтарының қызығына бөленіп отыр. Қашан көрсеңіз де Ұлмекен Шанайқызы қоғамның тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келеді.
Тағдыры тағылымға толы жан туралы жазыл-ған мақаланы өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.
...Біз білетін бір ана бар ардақты,
Парасатты, пайымды һәм салмақты.
Жүреді ылғи игілікке елді үндеп,
Тәңір оған берсе екен бар бақты.
Отбасы, Отан ол анаға бір ұғым,
Ұлы тұлға демейді еш «Ұлымын».
Адалдықтан ауытқымай арнауда,
Туған елді түлетуге ғұмырын.
Еңбегімен тәнті еткен талайды,
Асыл жанға қызыға жұрт қарайды.
Қайраткерді еңбегі ерен, көпшілік,
«Ұстаздардың ұстазы» деп санайды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ