Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғақтың қабығы

Жаңғақтың қабығы

Әйелдер шаштаразында адам­ның көптігі сонша алма түгілі шаш түсер жер жоқ. Жұмыс қызып-ақ тұр: бояйды, қияды, бұйралайды ма, басты жуады ма, әйтеуір көп. Қатар тұрған жұмсақ орындықтан бір сәтте екі жас келіншек көтерілді. Олар жалтылдаған шаштарын айнадан қарап әуре. Тіпті бір-бірін байқар емес. Пальтосын киіп жатып біреуі екіншісін шынтағымен итеріп жіберді де асығыс кешірім сұрады.
– Оқасы жоқ, – дейді анау қалпағын басына қоқитып киіп жатып.
«Жәбірленушінің» даусын ести сала пальтосын киіп тұрған тез бұрылды да таңдана айқайлай жөнелді.
– О-О-Уалида, сенбісің?
– О-О, Халида жаным-ау, сен бе көріп тұрғаным?! Рас па? - деп құшақ жайды.
– Халида, сен түк өзгермепсің.
– Ол не дегенің, қымбаттым! Қанша дегенмен үш жыл өтті ғой. Қалай өзгергенсің? Әдемісің! Тіпті танымай қалдым, – деді Халида.
Құрбылар шаштараздан шығып, әңгімелері жарасып көше бойымен келе жатыр.
– Жо-жоқ, достар бір-бірін бұлай тез ұмытпайды. Мені іздемедің, не болғанымен де хабарың жоқ. Екеумізді университетте бес жыл қатар оқыды деп кім айтады? – деп Уалида наз айтты.
– Дұрыс қой, бірақ мен мұнда болғаным жоқ. Күйеуіммен бірге екі жыл шет елде болып қайттық.
– Күйеуің кім?
– Ол – дәрігер. Біздің бір ұл, бір қызымыз бар. Ал сен қалайсың?
– Менің жұбайым – инженер. Қызымыз бар. Сол бір баланың өзімен әлекпіз.
– Айтпа деймін. Жұмысымның мұндай болған жақсы болар ма, қалай десем екен... Біздің бастығымыз сондай жақсы адам. Күннің ұзағына бір жерде табжылмай отыру міндет емес дейді.
– Құдайға шүкір, бұл жағынан менің де жағдайым жаман емес.
Қызметке мен де барамын, бірақ көбінесе...
– Түсіндім, түсіндім, – деп сөзді Халида бөліп, шашының жаңа үлгісін көрсетіп «мынау объектіге бардым деген сөз» деп күлді.
– Ал мен болсам, кітапханадан келдім деймін, – деді Уалида. Екеуі де қосарлана күліп алды.
– Сенің үйің жұмысыңа жақын ба?
– Екі аттам жерде. Ал сенікі?
– Метромен бір аялдама. Күйеуіңнің табысы қалай?
– Қанағаттанарлық.
– Бөлмелерің қанша?
– Үшеу. Сендердікі?
– Біздікі де үш бөлме. Мәшинелерің бар ма?
– «Жигули».
– Ал біздікі «Москвич». Күйеуім «сенің жұмысыңның қажеті шамалы, үйде отыр жұмысыңды таста» дейді.
– Жоқ, ешқашанда, – деймін мен.
– Біздің үйдегі де сол.
– Айтатын несі бар, Уалида, қызмет дегенің рахат қой. Үйде не қызық бар дейсің? Асүйден шықпай тамақ пісіресің. Ешқайда шыға алмайсың.
– Үйге айналсаң, не шаштаразға, не дүкенге бара алмайсың, – деп құрбысының сөзін Уалида іліп әкетті.
– Үйдегілерге «объектіге не кітапханаға кеттім» деп қалай айтарсың? Жоқ, не десең де жұмыс дегенің керемет қой.
– Ұжымың жақсы ма?
– Тіпті білмеймін. Менің онда барғаныма көп болған жоқ. Бір жылдай ғана. Директорды және көзілдірікті кассиршаны ғана танимын. Есімдері кім еді, түһ, ұмытып қалдым ғой?! Несін айтасың, жақсы кісілер.
– Біздің есепшіміз де сүйкімді әйел. Сыпайы. Басқасын тіпті де танымаймын. Менің де бір жылдай болды онда жұмыс істегеніме. Білмеймін, маған қарама-қарсы отыратын адам өте ұқыпты кісі. Оның үстелі әрдайым таза тұрады.
– Жас па өзі?
– Қайдам? Әлі көргенім жоқ. Бастық оған «күннің екінші жартысында кел» деп рұқсат етіпті. Ал мен болсам түске дейін ғана жұмыстамын. Күннің жартысында «объектіге» барамын. «Бір бөлмеде кім отырады екен» деп кейде кешігіп те қаламын. Кездеспей жүр.
– Сен бақыттысың. Ал менің көршім өзі ұқыпсыз, салақ адам ғой деймін. Мен де оны кездестірген емеспін. Кейде ерте келіп көмекші де болып жүрмін. Оған «сен осы не қылған адамсың, қоқысыңды неге жинап жүрмейсің, ұятсыз» деп айтқым да келеді. Жаңғақ шағудан жалықпайтын не қылған адам. Ең болмаса бір рет те жинамайды. Неге ол үшін мен тазалауға тиіспін?
Осы сәтте Халида кілт тоқтады да, кекештене:
– Не? Қалай дедің? Жаңғақ дедің бе? – деп сұрады.
Құрбысының таңданысын сезген Уалида жалғастыра түсті.
– Иә, иә, кәдімгі жаңғақ. Әр келген сайын бөлме бос, ал үстел үсті жаңғақтың қабығына үйіліп тұрады. Әйел ме, еркек пе білмей-ақ қойдым. Шамасы еркек шығар, әйелдің мұндай салақ болуы мүмкін емес.
– Уалида, сен қай мекемеде жұмыс істейсің? – деді бәсең дауыспен Халида.
– Міне, мынау, – деп Уалида 16 қабатты үйді нұсқады.
– Қырық жетінші бөлме ме?
– Сен оны қайдан білесің? – деп таң қалды Уалида. Сөйтті де құрбысына қарап:
– Не болды саған, неге маған бұлай қарайсың? – деп сұрады.
– Құдай үшін Уалида, мені кешіре гөр, – дейді даусы дірілдеп Халида. – Шын сөзім, егер сен екеніңді білсем, мен жаңғақтың қабығын жинап жүрер едім. Ол қолын қалтасына салды да бір уыс жаңғақты Уалидаға ұсынды.
Құрбылар біраз уақыт бір-біріне үнсіз қарады да ішектері қатқанша қатты күліп жіберді.
Ентігін басқан соң Уалида сағатына қарап:
– Ой жұмыс аяқталғанша бір сағат уақыт қалды. Жүгірейік, ең болмағанда бір көрініп қалайық. Сен барасың ба?
– Жоқ, мен таңертең табельге тіркелгенмін...

Орыс тілінен аударған
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙҚЫЗЫ
16 шілде 2019 ж. 426 0