Үлгілі инспектор
Қатаң тәртіп пен талапты қажет ететін құқық қорғау саласы қоғам өмірімен біте қайнасып жатыр. Жауапты қызметте қырағы сақшыға зор жауапкершілік артылады. Қай кезде де ел тыныштығын, бейбіт адамдар өмірін қорғау жолында кәсіби маманға қырағылық талап етіледі. жауапты қызметте ер азаматпен қатар нәзік жанды арулар да еңбек етеді. Олардың кәсіби тұрғыдан түрлі оқиғамен бетпе-бет келуі ғана емес. олар Тек темірдей тәртіптің арқасында қиындықты еңсереді. Осы салада жауапкершілікпен дараланған полиция қызметкерінің бірі – Сәуле Көштаева.
Құқық қорғау саласында заңнан асқан мәртебе жоқтығын бала күнінен ұғынған Сәуле Жеңісбекқызы жауапкершілігі мол мамандықты таңдайды. Қыз баласына айтарлықтай қиындық туғызатынын білсе де, полиция қызметінде еңбек етуге нық бекінеді. Құқықтық сауаттылық пен заңдылық тұрғыдан білімді бойына сіңірген ол Жетікөл ауылында дүниеге келген. Отбасында төрт баланың үшіншісі. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «заңгер» мамандағы бойынша жоғарғы білім алады.
Бүгінде Сәуле Көштаева – аудандық полиция бөлімінің Ювеналды полиция тобының инспекторы. Полиция аға лейтенанты №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде қызмет атқарады. Ол өз тәжірибесінде жасөспірімдердің тілін таба отырып, дұрыс қарым-қатынас жасауды алдына мақсат етіп қойған.
Жас маман ұстамдылық пен шыдамдылықты жанына серік етіп, ақ пен қараны ажырата білуді осы қызметі арқылы біліп, үйренуде. Әр күн сайын мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біле білген адамға инспектордың жұмысы тәулік бойы жалғасады. Баланың психологиясы мен мінез-құлқына зерттеу жасап, оның жүріс-тұрысын бақылау полиция инспекторының міндеті.
Сәуле Жеңісбекқызы үшін өткен жыл жемісті болды. Өз саласында бірнеше жетістікке жетті. Аудан әкімінің және облыстық полиция департаментінің Алғыс хатына ие болған полиция аға лейтенанты жыл қорытындысы бойынша Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атанды.
– Жұмыс барысында бізге қойылатын талап жоғары. Барлық жағдайға дайын болуымыз қажет. Халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғам тыныштығын сақтау – міндетіміз. Зәбір көрушілердің арасында балалар да болуы мүмкін. Сондықтан да өз қызметіме немқұрайлы қарау кешірілмейтінін жақсы білемін. Ал құқық қорғау саласында кәсіби жетістікке жету – үлкен абырой. Өткен жылы аудан бойынша үздік он жастың қатарынан көрінуім ата-анама ерекше қуаныш әкелді. Мен алдымен ата-анамның сенімін ақтауға тырысамын, – дейді Сәуле Жеңісбекқызы.
Білімі мен біліктілігі жоғары жас маман адамгершілікті бойтұмары санайды. Рухы мықтының қажырлы қайраты сын-қатерде сыналатындығын біледі. Жаңа буынның көшін бастаған С.Көштаева алдыңғы толқынның үздік тәжірибесін қызмет барысында пайдалана бермек. Өйткені қырағы жас инспектор – өз саласының кәсіби маманы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ