Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ПОЛИЦЕЙ ҚЫЗ ПӘРМЕНІ

ПОЛИЦЕЙ ҚЫЗ ПӘРМЕНІ

Ауданда соңғы жылдары полиция формасын киген кыздардың қызметке көптеп келуін аңғаруға болады. Ер азаматқа тән мамандықты таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін бір ғана табандылық пен қайсарлық аздық етеді. Ал мамандығына деген сүйіспеншіліктің болуы міндетті түрде өз қызметін мінсіз атқаруға жеткізетін қағида.
Назерке Пірназарова өзінің күнделікті жұмысы таңғы 8-де басталатынын және қызметіне әр күн сайын сергектікпен келетінін айтады. Тап-тұйнақтай, жинақы, әрі тың жүру оның бойына бала кезінен бастап сіңген қасиет. Оның құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманы осыдан 5 жылдай бұрын орындалды. Дәлірек айтсақ, небәрі 19 жасында полиция қызметіне кіріскен бойжеткен учаскелік полиция инспекторына көмекші болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Сол кезден бері құқық қорғау органынының ыстығы мен суығына төзіп, антына адал болып келеді. Өзінің ашық та жайдары, көпшілікпен тез тіл табысқыш мінезі қызметіне көп көмегін тигізетінін де жасырмайды. Жұртты жатырқап, ұяңдық таныту оның жадына жат нәрсе. Неғұрлым сыпайы, әрі ақкөңіл болсаң, адамдардың да саған деген сенімі арта түседі дегенге көзі жеткен.
–Менің үстімдегі формама қарап тұрғындар өздерін бізден аулақ ұстауға тырысатынын байқаймын. Әйтсе де «кісі сөйлескенше...» дегендей сөйлесе келе, біздің де қызметіміздің халық үшін жасалып жатқандарына көздері жетіп, түсіністік танытады. Мұны мен полиция қызметіне келген алғашқы жылдардан-ақ көрдім. Қай қызметті алсаңыз да оңайы кездеспейді, барлық жерде талап қатаң болуы заңдылық. Ал, талап болған жерде жұмыстың сапалы болатыны және рас. Дегенмен өз мамандығыңды шын сүю барлық кедергілерді жоятын алып күш секілді. Әлсіздік таныту да мамандығымызға жат. Сөзің нық, әрі шыншыл болу кездесетін қиыншылықты жоюдың жолы, – дейді полиция аға лейтенанты Назерке Фазылханқызы.
Әрине, жауапты жұмыста босаңсуға болмайтынын Назерке жақсы біледі. Оның бүгінгі таңда атқарып отырған міндеті бөлімдегі штаб тобының аға инспекторлық қызметі, яғни полиция бөлімінде құжаттармен жұмыс істеп, үйлестіреді. Аға инспектор бөлімнің статистикалық қызметін де қоса атқарады. Құжаттың уақытылы орындалуына жауапты болу, тапсырылған жұмысты сапалы орындау аға лейтенантқа жүктелген міндет. Ал қазіргі уақытта алдымен құжат сөйлейтіндіктен оның дұрыстығына мұқият қарамауға мүлдем болмайтынын жақсы түсінеді, жіберілген қателік соңы неге әкелетінін біледі.
– Менің бала кездегі арманым орындалды. Отбасымда менен үлкен ағам бар, ол мұнай саласында. Ата-анамның көзі мен қарасы екенімді жақсы білемін. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме менің табандылығым мен қайсар мінезім себепкер болды. Ер азаматқа тән мінезім де бар секілді. Екі сөйлегенді жек көремін. Тәртіпке бағынғандардың, шынайы болғандардың жағындамын. Болашағымды басқа саламен байланыстыра алмайтын сияқтымын. Құқық қорғау қызметі менің таңдауым. Елге адал қызмет етіп, қызметте абыройлы болу мақсатым, – дейді жас маман Назерке Фазылханқызы.
Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін болатын нәзік жанды Назерке полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейді. Әулетінде алғашқы шенді қызметті мойнына алғанын жақсы сезініп, оны адал атқаруға бел буған.
Міне, тағы да нұрын шашып таң атты. Алда жаңа күн, жаңа тапсырмалар. Оның қызығы мен шыжығы бір тәулікке дейін созылатынын біледі. Уақытпен санаспай елге қызмет етуге асығып бара жатқан Назерке биік белесінің алда екенін жақсы сезеді.


Б.ЖАНӘЛІ

07 наурыз 2019 ж. 1 146 0