Білікті бригадир
Осы бір үнемі жүзінен күлкі үйіріліп тұратын еңселі азаматпен Асқар ауылына іссапармен барып жүргенде таныстым. Шаруашылықта шөптің бригадирі екен. Аты-жөні – Бағлан Басқынбаев. Екеуара әңгімелесе келе байқағаным, отыздан енді асқан жас жігіттің бұған дейін нұр-сұлтан, Алматы қаласында жұмыс жасап, қала өмірінен гөрі туған жерге ешнәрсе жетпейтіндігін түсінгендігі.
– Алғашында үлкен шаһарға барғым келмеген. Бірақ «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, ауылда жұмыс болмады. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін диплом бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Жас жігітке үйде бос жату – абырой емес. Сонан соң қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына сапар шегіп, бас шаһарда С.Нұрмағамбетов атындағы әскери мектептің асханасында ет тураушы болдым. Айлығы да мардымсыз. Оның үстіне пәтер жалдап тұрасың. Бір жарым жылға әзер шыдадым, – дейді Бағлан өмір жолынан хабардар етіп.
Бұдан кейін ауыл баласы Алматы қаласындағы теміржол саласында күзетші болып еңбек етіпті. Жеті жыл Қазақстанның өз аумағынан бөлек Ресей, Украина, Латвия мемлекеттеріне дейін тасымалданатын жүкті күзетпен алып барған. Үнемі жол үстінде, желдің өтінде жүріпті. Ауылда шаруашылық жұмысы жанданған соң туған жерге оралған. 2015 жылы «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС-не шөп байлаушы болып қабылданыпты. Механизатор Серік Бекішевтің қарауында күніне 60-70, кейде 100 рулонға дейін шөп байлапты. Бұл іс жұмысшыдан асқан жауапкершілікті талап етеді. Өміріне қауіп төндірмес үшін үнемі техника қауіпсіздігін сақтап жүруің керек. Маусым бойы істе сыналып, жақсы жағынан көрінген жас жігітті шаруашылық басшысы егіс бригадирінің көмекшілігіне тағайындайды. Бұл жұмыста да табандылық, еңбекқорлық танытқан Б.Басқынбаев 2-3 жылдан бері шөп бригадасын басқарады. Қарамағында ауылдың 10 жасы еңбек етеді. 430 гектар жоңышқалықты күтімге алған бригада жаз бойы егістік жерлерді тыңайтуға, шаруашылық табысын еселеуге елеулі үлес қосты. Соның нәтижесінде жастар бригадасын басқаратын Бағлан Жанарысұлы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақовтың Алғыс хатымен марапатталды.
Адал еңбек етіп, туған жерін көркейту жолында белсенділік танытып жүрген білікті бригадирді ауыл жастары өздеріне үнемі үлгі етеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ