Полицейлер әулеті
Ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтау – абыройлы міндет. Бұл жауапты жұмысқа Отансүйгіш, патриот азаматтар лайық. Тереңөзек кентінде тұратын Серік Бексейітовтер отбасын көпшілік жақсы біледі. Отағасы доғарыстағы полиция подполковнигі болса, екі ұлы бірдей әкесінің жолын қуып, құқық қорғау саласында қызмет атқарады. Серік Сәдуұлы Бексейітов екі жоғарғы білім иесі. Қызылорда педагогикалық институтын және Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін бітірген. Еңбек жолын Тереңөзек аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы болып бастап, 1984 жылдан 2004 жылға дейін құқық қорғау саласында абыройлы қызмет жасады. Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімінде түрлі лауазымды жұмыс жасап, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Одан кейін Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасына ауысып, онда лаузымды қызмет атқарды. С.Бексейітов 2004 жылы зейнет демалысына шықты. Әкесінің жолын қуған үлкен ұлы Алтынбек Бексейітов бүгінде полиция майоры. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 2004 жылы Сырдария аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа қабылданып, қазіргі таңда осы бөлімде абыройлы қызмет атқарып келеді. Кіші ұлы Асылбек Бексейітов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің полиция академиясын 2014 жылы бітірген. Сонан соң Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасында 3 жыл тергеуші болып қызмет атқарды. 2017 жылы Алматы қаласында полиция академиясы магистратурасының күндізгі бөліміне түсіп, оны биыл үздік бітірді. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиция басқармасында аға тергеуші болып қызмет атқарады. Бексейітовтердің екі ұлы әке жолын қуса, үш қызы анасы Роза Досмағанбетованың ізін жалғап мұғалімдік қызмет атқаруда. Өскен-өнген, мамандықтарына адал отбасы облыстық еңбек әулеттерінің ҮІ форумында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың қолынан Алғыс хат және бағалы сыйлық алды. – «Еңбек – бәрін жеңбек» дегендей, бұл марапат менің балаларымды еңбекке ынталандыра отырып, қоғамға жақсы қызмет етуге шақырады, – дейді С.Бексейітов. Олай болса, полицейлер әулетінің көптің құрметіне бөлене беретініне сенімдіміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ