Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таксист Талғат

Таксист Талғат

Қалаға жақын орналасқан шағын ауылда тұратын Талғаттың отбасы шағын болатын. Оның  анасы, əйелі жəне бір ұлы бар. Тұрақты жұмысы да жоқ емес. Артық ақша қалтаны теспес деген оймен демалыс күндері қалаға барып, «такси» болып аз-кем ақша тауып қайтатын. Бүгін күн сенбі болғасын ерте тұрған Талғат таңғы асын ішіп алды да, көлігін оталдырып, қалаға қарай жол түзеді. Жол бойында көлік тоқтатып тұрған екі кісіні қаланың базарына ала кетті.
Күнінің табысты басталғанына қуанған ол бұны жақсылыққа балап, кешке дейін тыным таппады. Өзінің шаршағанын сезген соң, күн кешкіріп кетіпті-ау, үйге қайтсам ба екен деп ойланып келе жатқанда екі қыз бала қол көтеріп тоқтатты. Тоқтап:
- Қайда барамыз? - деп сұрады.
- Қызылжармаға, 400 теңге, - деп толықша денелі қыз бала  тықылдап жауап берді де, асығыс артқы есікті ашып, құрбысы екеуі жайғасты. Ақшасын азсынып тұрса да, Талғат сұлу қыздардың көңілін қимай, айтқан бағытына қарай бет алды. Қаланың қызылды-жасылды көшелеріне қарап қойып, екеуі өздерінше əңгімелесіп, күлісіп келеді. Талғаттың ойы: неге келістім екен, ақшаны аз береді, қарным да ашты, үйге қайта беруім керек па еді, бұлар неге күле береді екен, менің бір жерім ұятты болып тұрған жоқ па деп өз-өзімен əлек...
Талғат көліктің жылдамдығын түсіріп, артына бұрылып қарады да:
- Қыздар, келіп қалдық. Қай көше? - деп сұрады.
- Алдыңыздағы көшеден оңға, сосын екінші орналасқан қоршауы жоқ үй, - деп манағы қыз тықылдап жауап берді. Тоқтаған көліктен құрбысымен жылы қоштасып түсіп жатып:
- Мінекей, ағай, ақшаңызды алыңыз. Менің сұлу құрбымды келесі көшенің аяғынан түсірерсіз, - деп сөйлей жүріп, есікті жапты.
Талғат "жарайды" деп те айтып үлгерген жоқ. "Не деген пысық қыз өзі?" деп ойға батып бара жатты да, əлдене есіне түскендей, жүруге оңтайланды. Көлігін оталдырып, келесі көшенің аяқ шеніне келіп:
- Қарындас, қайсы үйден түсесіз? - деп сұрады.
- Оң жақтағы қызыл дарбазалы үйден тоқтаңызшы, - деп жауап берген қыздың сыңғыр үнді даусы жақты ма, əйтеуір Талғат қызбен қоштасқысы келер емес:
- Осы үйде тұрасыз ба? - деп қалай сұрап үлгергенін өзі де байқамай қалды. Қыз жылдам жауап берді:
- Жоқ, бұл ағамның үйі. Қонаққа баратын болғасын баламды осы үйге қалдырып кетіп едім, - деді Раушан.
Тізгіндеген көлігін тоқтатып жатып Талғат егер үйіне қайтатын болса жеткізіп салатынын айтты. Түнде өз үйіне қайтуы жайлы ойланып келе жатқан Раушан күте тұруын өтінді де, үйге кіріп кетті.
 Көп айналмай екі жасар шамасындағы ұл баланы жетектеп алып шықты. Ол келем дегенше Талғат Раушан туралы "қыздай қылықты, сүп сүйкімді екен, бала туған келіншекке ұқсамайды" деген оймен отырды. Кішкентай бала анасымен бірге көлікке отырды да, ұйықтап кетті.
- Біздің қаламыз күннен-күнге əдемі болып келеді, иə, - деп əңгімені Талғат өзі бастады.
-Иə, жақында ғана ашылған мына ғимараттың өзі неге тұрады? - деп оң қол жағындағы əдемі ғимаратты қолымен нұсқады. Екеуі қаланың шет жағына шығып, Тасбөгетке жеткенше біраз əңгімелесті.
Тасбөгетке жетіп, Раушанды баласымен бірге екі қабатты ескілеу үйдің алдынан түсірді. Осы кезде ғана Талғаттың есіне қарны ашып тұрғаны, үй ішіне бүгіндікке хабарласпағаны түсті. Сұлу келіншекке тамсанып, өз отбасы есінен шығып кеткені ме?! Анасына қоңырау шалмақ боп қалта телефонын қолына алды да, қуаты бітіп өшіп қалғанын көрді.
Көлігіне отырып, ауылына қарай тартты. Тасбөгет пен Талсуаттың арасы біршама алыс.
Жалпы, табиғатынан Талғат көп сөзге жоқ, тұйықтау мінезді болатын. Бейтаныс келіншекпен емен-жарқын ашылып сөйлескеніне өзі де таңқалып келеді.
Сөйлеген сөзі, күлген күлкісі, киінген киімі өзіне жарасымды келіншектің бейнесі көз алдынан кетер емес. Өз ойын басқа нəрсеге бөлгісі кеп, қаладан шыға берістегі жанармай құю бекетіне соқты... Көлігіне жанармай құйды, кассадан өзіне энергетикалық сусын алып алды. Аш қарынға сусын ішіп алды да, ауылына қарай басты... Раушанның жымиған жүзі көз алдынан кетер емес. Өз үйіне келді де, ұйқыдағы келіншегі Дананы оятпай, асүйден оны-мұнымен жүрек жалғап, тықырсыз келіп төсегіне қисайды. Көзін жұмып, қанша ұйқыға талпынса да, ұйықтай алмай ұзақ жатты. Əрі-бері дөңбекшіп жатып, таңға жуық көзі ілінді.
Таңертең баласының ойнап жүрген даусынан оянып, орнынан тұрды. Дана дастархан жайып, таңғы ас қамымен жүр екен. Сəлден кейін үстел басына шақырды. Төртеуі отырып таңғы ас ішті.
Талғат апыл-ғұпыл асын ішті де тысқа шығып кетті. Далада қыстың аязы бет қариды. Талғат көлігін оталдырды, көлігінен қышқыл иісті түтін иісі бұрқ етті. Талғат тағы да ой үстінде...
Ойланып жүр, Талғаттың ойы: бес күн мектепте жұмыс жасаймын, демалыс күндері де қарап жатқаным жоқ. Қу дүниеде ақша ешқашан жетпейді. Қанша ақша тапсам да, баланың керек-жарағы мен үйдің ай сайынғы тамағынан артылдырып, жарытып киінбеймін. Апамның дəрісіне де (аурушаң анасын ол солай атайтын) кірістің жартысына жуығы жұмсалады. Жаз бойы тынбай кесек құйып, кімнің қосалқы жұмысы болса соны жасап, ақша табамын. Артық жүріс жасап, ішімдікпен не шылыммен əуестенбеймін. Көп таныстарым менің өмірімді кереметтей көреді. Ал мен болсам, жұпыны тірліктен қажып кеттім... Осы сарынды ойлар жетегінде жүріп Талғат қалаға тартты. Көлікке əдеті бойынша даусын бəсеңдетіп ескілеу əуен қосты. "Сырымды айтсам жасырмай, жағдайым менің осындай... бір тамшы көздің жасындай" əуеннің мəнін жүрегіне жақын тұтып, қосыла шырқап келеді. Жолдың шетінде екі жас жігіт қолдарын сермеп көлік тоқтатып тұр екен, соларға келіп тоқтады.
- Ассалаумағалейкум, ағасы. Қалаға барасыз ба? - деп атжақты, өңі қоңырлау жігіт сұрады. Талғат:
- Уалейкумсалам, отырыңдар, - деді.
Қаланың "ескі базар" атанып кеткен танымал базарының маңынан екі жігітті түсірді де, Тасбөгет қайдасың деп тіке тартты.
Не үшін барады, не айтады, ол жайлы ойлап жатқан Талғат жоқ. Бір білері, Раушанның сүйкімді жүзін бір көрсе болды. Сосын қала ішінде аздап ақша табамын да, кеш қалмай үйге барып демаламын деп жоспарлап келеді. Түндегі өзі əкеліп тастаған үйдің маңына тоқтады да, көліктен түсіп үйдің дəл алдына жаяу келді. Подъезд есігі жабық тұр екен, сол жерде ұзақ жүрді, кіріп-шығып жатқан жан баласы жоқ. Шамамен екі сағаттай айналған болар, денесі тоңазып қалды. Қаланың халқы кеш ояна ма, əлде күн жексенбі болғасын ба, адамдары кеш қимылдайды екен. Бұл уақытта біздің ауылдың адамдары біраз тірлік тындырып, түскі ас қамына кіріскен шығар деп ойлады. Аяқтары сіресіп, икемге көнбей бара жатқасын қайтуға оқтала бергенде, есік ашылып, ішінен Раушан мен ұлы шықты.
Сəлеметсіз бе? - деді Талғат.
- Сəлеметсіз - деп Раушан селқостау жауап берді. Шамасы танымады-ау немесе осы үйге келіп, есік кодын аша алмай тұрған болар деп болжаған болу керек.
 Не кетерін, не кетпесін білмей, ойланып қалған оны:
- Біреуді іздеп жүрсіз бе? - деген егделеу жастағы кісінің даусы селк еткізді.
- Жоқ, кешірерсіздер, - деп сасқалақтап шегіншектей берді. Есін бірден жия алмай, бұл жерден кеткісі келіп, өз ойымен жеке қалғысы келді ме, өзгеше күй кешіп, көңілі құлазып көлігіне келді...
 Көлігін оталдырмақ боп еді, ескілеу көлігі еркелікке салып барып, əрең оталды. Талғат ауылына тікелей тартты. Жол үстінде келе жатып өзін жегідей жеді: ол жерге неге бардым екен, үйде ертеңгі жұмысыма неге дайындалып, қағаздарымды неге реттемедім екен, көп негелерді ойлай-ойлай басы да қатты.
Үйіне келіп, мазам болмай тұр деген сылтауды желеу етіп, жатып қалды. Дана зыр жүгіріп, біресе дəрісін, біресе ыстық сорпасын əкеп бəйек болды да қалды.
Неге жолдасының ерте келгенін сұраған енесіне "ауырып қалыпты" деп жауабын берді де, ұлының ертеңгі сабағына киетін киімдерін реттеп, үйдің шаруаларын атқарып жүре берді.
Талғат кеш қарайғанша жатты. Ойы онға бөлініп, ой жетегінде жатқанда анасы келді:
- Осы үйді асыраймын деп, күні-түні жүресің. Көлігіңнің де əр темірі сынғыш болып алды. Суық тигізіп алған боларсың, - деп сөйлей кіріп, жас бала секілдендіріп маңдайын қолмен тексерді.
Кешке дейін дөңбекшіп жата бергесін бе денесін ауырсынып, Талғат та орнынан тұрды. Кешкі асын ішіп болды да, жұмысқа апаратын қағаздарын реттестіріп қойып, жатып қалды. Көрші бөлмеде ойнап жүрген ұлын дауыстап шақырды. Дастан арсалаңдап жүгіріп келді. Ұлын құшақтап, сүйіп, еркелетіп ойын басқа жаққа бұрмақ болған ниетінен түк шықпады. Қалың ой шырмауынан шыға алар емес...
Бұрын демалыс күндері ғана қалаға шығатын Талғат енді əр нəрсені сылтау ғып қалаға қарай барғыш болып алды. Барған сайын сыртынан Раушанды бір рет болса да көріп қайтуға тырысатын. Оны бір көру үшін таң азаннан қара кешке дейін күткен күндері де болды...
 Бір күні əйелі Дана ойда жоқ жерден:
- Осы, Талғат, сен ауырып жүрген жоқсың ба? Соңғы күндері жүдеп кеттің? - деп сұрады.
- Жоқ, оны қайдан шығардың?
- Мүлдем ештеңеге зауқың жоқ. Бұрын үйдің тірліктеріне араласатын едің. Ал қазір бірге отырып қашан соңғы рет шəй ішкенімізді де ұмытып қалдым.
- Дана, маған тыныштық берші.
- Əне, тағы басталды, ештеңені ұнатпайсың, ешқайсысымыз жақпаймыз, - деп дымды түсінбеген əйелі сөйлей жүріп шығып кетті.
Аздан соң ас-суын даярлап болды да, енесіне ескертіп ұлын жетектеп төркініне бірнеше күнге кетті. Көптен бері көрмеген анасы мен аға-жеңгелеріне, олардың төрт қызына сыйлықтарын алып, ұлы екеуі Қармақшыға қарай жолға шықты.
  Сол түні Талғат кқрер таңын көзімен атырды. Таңға дейін дөңбекшіп жатты да қойды. Дананың айтқан сөзінің де жаны бар. Расында да, соңғы кездері мінезі өзгеріп жүргенін өзге түгілі өзі де сезіп жүр. Түнімен ойлана-ойлана енді Раушаннан аулақ жүремін деп шешім қабылдады.
 Анасының берген шəйін ішіп алып таңертең жұмысқа кетті. Жұмысына селсоқ болып жүр, үйдің ер азаматқа тəн шаруаларына тіпті қолы барар емес. Бір тірлік бастаса, кері кетіп, өзі де шаршап кетсе керек, жұмысынан ақысыз еңбек демалысын алып, Дананың артынан Қармақшыға жолға шықпақ болып ойға келді. Дананың əкесі мен Талғаттын анасы алыс ағайындар болатын. Сүйек жаңғыртамыз дегенді желеу етіп, екеуін он сегіз жасында үйлендірген еді.
 Енді, міне, бүгін Талғат анасын ертіп əрі алыс туысы, əрі қайын жұртына бармақшы болды. Аздаған сый-сияпатын алып, көлігімен бірнеше сағаттық жердегі ауданға тартты.
Талғат асыға бастады. Ұлын сағынды, Құдай қосқан келіншегінің алдында да айыбы бар.
Анасына көптен бері бірінші рет ашылып сөйлеп келеді. Алдағы жылы жерге кезегі келу керек екенін, неше бөлмелі үй салатынын, ең соңында есік-терезесінің түсі мен үй ішіне төсейтін төсеніштерінің түсіне дейін ойша таңдап қойыпты. Бір қызығы, осы ойларының бірімен де Данамен бөліспепті. Себебі неге екенін өзі де білмейді. Анасы ұлының осыншама ақтарылғанына таңырқаса да, аса мəн бермеді. Жол бойы ұлының болашаққа құрған жоспарларын тыңдап отырып, қуанды, ұлының ақылдылығына тамсанды, келініне риза болды.
Бірақ, ана жүрек жалғыз баласының өзгеріп кеткен мінезінің сырын ұқпады...
Жолдың шамамен жартысына жеткен кезде көлігі бұзылған Талғат көлігін əрі-бері шұқылап жөндей алмады. Бір сағаттай əурелеген соң, тоңып қалмасын деген желеумен жолаушылар мінген автобусты тоқтатып, пакеттерімен анасын мінгізіп жіберді. Өзі кештеу болса да артынан баратынын жеткізді де, көлігін айналшықтап, елсіз жерде, жол бойында қалды.
Біраздан соң қара түсті шетелдік биік автокөлік келіп жанына тоқтады. Ішінен шыққан жастау жігіт жөн сұрасып қасына келді, екеуі көлікті əурелеп жүріп оталдырды.
Талғатта ес жоқ, жас балаша қуанып, үсті-үстіне рақметін үйіп-төкті. Əрі қарай жолға шықты. Ендігі анам жеткен болар, шəй ішіп, əңгіме-дүкен құрып отқан шығар деп ойлап келеді.
Кенеттен, өзіне бір соққы тигендей болды да, көзі қарауытып, басы айналып, бүкіл дүние теріс айналып кеткендей болып, есін жинай алмай қалды.
Белгілі болғаны, Талғат ой үстінде көлік тізгініне ие бола алмай қалып, қарсы беттегі көлікке соққан. Ал ол ауыр жүк көлігі екен. Жан сақтау бөлімінде үш күн жатып, есін де жимастан, өмірімен қоштасып кете барды.
Артында ұлы мен келіншегі, анасы мен армандары қалды. Үш жылдан кейін Дана екінші рет отау құрды.
 Сəл кері шегінеміз, Раушанның тағдыры.
Раушан тұрмыс құрған соң көп өтпей-ақ аяғы ауырлаған. Бірақ, мінезі қиын енесі оны бір жақтырмай қойды, еш жұмсаудан жалықпады. Үйдің де, түздің де тірлігін жас келіннің мойнына артып қойып, өзі теледидар қараудан ары аспайтын.
Мал жайлау, су тасу, үйдің бар тірлігі қаланың қызы үшін оңай болмаса да, барынша шыдап бақты. Аяғым ауырласа, сəл болса да енем жаны ашып қарайтын болар деген үміті де орындалмады.
"Енесінің көңілін таба алмаған қиқар келінсің" деп енді күйеуі қол көтере бастады. Бір күні ішіп келіп, күйеуі енді демалайын деп жатқанда, көрші үйдің келіншегі келіп, аз ғана ұн сұрайды. Соған ұн бергеніне жазықты болған Раушанды əбден сыбады. Қол көтеріп, шу шығарды. Байғұс қыз ішін қорғап əлек, жалынып жатқанына қарамай, тепкінің астына алды. Осылай Раушанның жас өмірі қор боп жатты.
Бір келгенінде қызын ұрып жатқанының үстінен түскен анасы Раушанды алып кетті. Артынан іздеген күйеуі не енесі болмады.
Раушан ұлын анасының үйінде босанып, баласын анасы екеуі тəрбиелеп өсірді. Раушанның күйеуі бес жылдан кейін ғана іздеп келді. Ұлын көріп өкініп, кешірім сұраса да Раушан қайта қосылмайтынын кесіп айтты.
Тағдыр тартуымен келді, Талғат қайтыс болған соң үш жылдан кейін Дана ұлының туған күніне сыйлық алмақ болып, ойыншықтар дүкеніне келген. Сол жерде Ғабитпен кездесіп қалды. (Ғабит-Раушанның бұрынғы күйеуі)
Ғабит екеуінің таныстығы осы жерден басталып, алты айдан кейін "екі жарты бір бүтін" болумен аяқталды.
Кейіпкерлер өмірде бар жандар. Бүгінгі өмірі қандай деген сұрақтың жауабы:
Раушан ұлының тəрбиесімен айналысып, одан кейін тұрмыс құрмады. Мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды. Тасбөгетте анасы екеуі күн кешуде.
Талғаттың анасы ауылда жалғыз өзі тұрады. Дана мен ұлы екеуі мейрам-демалыстарда барып тұрады. Ғабит араласуына мүлдем қарсы болған емес.
Ғабиттің анасы бүгінде өмірден озған.
Дана мен Ғабит бүгінде бес баланың ата-анасы атанып отыр.


Гүлжайна Серікқызы
27 қаңтар 2020 ж. 721 0