45 ШАҚЫРЫМ ҺӘМ 18 МИНУТ
Таңғы сағат жеті. Орталық көшенің бірінде такси жүргізушісінің «қалаға екі адам» – деген дауысын ести сала солай қарай бұрылдым. Менімен қатар жұмысына асыққан келіншек те отырды көлікке. Жүргізуші де асығыс екен белдігін таққан бойда алды-артына қарамастан жылдымдықты арттыра жөнелді. Жанжағыма елеңдеп, сыртқа көз саламын. Тасбақадай жерге жабысқан көліктің көбісі мұз үстінде әрең жүріп келеді. Ал, біз мінген көлік уақыт өткен сайын жүрісін күшейтіп келеді. Көлік ішінде отырған егде тартқан кісі «шыбын жанын шүберекке түйіп» «балам ақырын айдасаң болмай ма?» – деген сұраулы жүзбен әлсін-әлсін рөлде отырған жігітке қарап қояды.
Ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып, «ұшып» келеміз. Ешкімде үн жоқ. Барлығымыздың мақсатымыз – межелеген жерге аман-есен жету. Негізінен аудан орталығынан қалаға дейін арақашықтық 45 шақырым. Күре жолдың бойында жағалай орналасқан саяжайдан шыққан төрт-түлік малдың ерсілі-қарсылы жүруі автокөліктің қозғалысына кедергі бола алмады. Оларды айналып өткен жүргізуші жылдамдықты азайтар емес. Кейде, тоғай ішінде мекен еткен қырғауыл, қоян, шағал секілді құс-жануарды жол үстінен кезіктіріп жатамыз. Көпшіліктің айтқанына құлақ аспаған жүргізуші кәдуілгі тәжірибесіне сенгендей көрінеді. Жас шамасы отызға да келмегендігі көрініп тұр. Иә, жол бойы қайнаған тірлік. Ерсілі-қарсылы ағылған тынымсыз тірліктің белгісі. Оның сыртында сол көліктің ішінде отырған сан мыңдаған адамның тағдыры тұр. Әрине, көлікпен адам тасып, күнделікті нәпақасын тапқан кісіге тағар кінәміз жоқ. Десе де, адам толы көлікпен қара жолда келе жатып, жылдамдықты арттырмаса дейміз. Тағы бір жаман әдет бар. Жүргізушілердің арасында ол бір-бірімен жарысу.
Арманын арқалап, бірі – қызметке, бірі – оқуға, бірі – той-тоймалаққа, ас-құдайыға шыққан жолаушы сол сапардан аманесен оралсам деп ойлайды. Сондықтан әр жолаушының тағдыры, өмірі үшін такси жүргізушісі жауапкершілікті сезіну керек.
Бірде бір танысым қалаға барып-қайту үшін сабырлы, салмақты, тәжірибесі мол жүргізуші сұрастырып жүргенін байқадым. Демек, қазіргі талғампаз жолаушы да өз өміріне бей-жай қарамайды. Біздің айтпағымыз қара жолда қайнаған тірлік көшіне ілескен жандардың өмір-тірлігі әрі қарай жалғаса берсе деген тілек тұғын.
Ауылдан шыққанымызға он бес минуттан енді асқан. Жүйткіген көлік қаланың бас қақпасына жақындай түсті. Сонадайдан жол полициясы көлігін көрген соң ғана ол жылдамдығын тежегендей болды. Сонда такси жүргізушіні адам тағдыры емес, қалтасын қағатын айыппұл ойлантатын секілді. Қанша дегенмен автокөліктің шинасы қыс мезгіліне жарамды болғанымен, айтып келмес жазым демде орын алатыны тағы бар. «Сақтанғанды Құдай да сақтайды» демекші, бір-бірімен жарысқан жүргізушіге әркез тоқтам болу қажет. Біз бір сағатқа жуық уақытта келетін қала орталығына 18 минутта келіп жеттік. Жанымда отырған жолаушыға қарасам түрі боп-боз болып, теңселіп тұр екен. Барлығымыздың қорқынышымыз көлік тұрағына жеткен мезетте әрең басылғаны белгілі. Аман-есен көліктен түскенімізге қуандық.
Осы ретте айтпағымыз бұрыннан ғылыми зерттеу жүргізу барысында автокөліктің жылдамдығын «аттың күшімен» байланыстырады. Ең алғаш ХІХ ғасырдың соңында шотланд инженері Джеймс Уат бу машинасын құрастырған мезетте су айналымының қуатын өлшеуге ат күшін тәжірибеге алады. Жалпы алғанда кейіннен аталған тәжірибені машина шығарушы кез-келген өндіріс иесі қолданысқа енгізе бастайды. Жылқының негізгі күші бір секундта 30,48 см биіктікке 247,5 келі салмақты көтеру энергиясына тең. Әрі қарай жылдамдықты аттыруға байланысты нақты күшін есептеп шығаруға болады екен.
Б.ОРДАБЕКОВ