Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз мерейі үстем болуы тиіс

Ұстаз мерейі үстем болуы тиіс

Ұстаз мамандығының беделін арттыру – кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды.
Ұстаздар қауымын көптен толғандырып жүрген мәселелер, қызметтегі ауыртпалықтар, құқықтық кемсітушіліктер, орынсыз талаптар және басқа да мәселелердің нақты шешімдері заңда анық көрсетілген. Баспасөз беттерінде «Бұл заңның бекітілуі білім саласына жаңа серпін береді» деген пікірлер жазылуда, бұл пікірді мен де қуаттаймын.  45 жылдық ұстаздық, 30 жылдық мектеп басшысы ретіндегі тәжірибеме сүйенсем, шынында соңғы жылдардағы  ұстазға жүктелген жұмыстар, толған таусылмайтын реформалар, тағы басқа әлеуметтік мәселелер ұс­таздың қоғамдағы рөлін әлсіретіп, нәтижесінде мек­тептегі білім сапасының төмендеуіне әкелді. Соның әсері болар мұғалімнің де қадір-қасиеті төмендеп кетті. Олай дейтінім, бұрындары ұстаз десе оқушылар тік тұрып құрмет көрсетіп, алдын кесіп өтпейтін. Ал қазір оның ауылы алыстаған. Тіпті ұстаздың ар-намысына тіл тигізетін оқушылар пайда болды. Міне соның бә­ріне тосқауыл қою үшін осы заң қабылданып отыр.
Негізі әрбір мұғалім өз беделін түсірмеуге аянбай еңбек етіп, оны көтеруге ұмтылмаса, талаптанбаса Заң жұмыс жасамайды. Сол себепті бірінші кезекте ұстаздар Заңға сай келетіндей жұмыс жасау керек. Өйткені кейде өз беделімізді өзіміз түсіріп жүрген жағдайлар кездеседі. Соның әсерінен «Ортаңқол мұғалім» деген ұғым пайда болды. Міне осындайға жол бермей, ұлы мамандық иесі атанған ұстаз деген атаққа әрбір педагог дайын болуы қажет деп санаймын.
Жалпы ұстаздар қауымы білім сапасын және мұғалім мәртебесін көтеру үшін  тың әрі тегеурінді серпінмен жұмыстар атқару қажет. Сонда ғана мұғалімнің мәртебесі биік болып, білім сапасының артатыны анық. «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деп педагог К.Ушинский айтқандай, болашақта ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деп сенемін.

Асылхан ДҮЙСЕБЕКОВ,
ардагер-ұстаз,  
«Ы.Алтынсарин» медалінің иегері

*****
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәрте­бесі» туралы заңның ресми жариялануы ұзтаздар қауымын зор қуанышқа бөлегені сөзсіз.
21 баптан тұратын бұл заңдағы ережелер мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған. Алаштың ақиық ақыны Мағжанның «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзін осы Заң бүгінгі күні қайта жаңғыртқандай.
Жаңа Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының 25%-ке өсуі, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы алуы, әсіресе жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленетін жаңалықтар өз ісінің шебері, майталман мамандарды елең еткізді. Ауылдық мектептер үшін, білім беру ұйымдарында кәсіптік  қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін  бір аптаға  нормативтік оқу жүктемесінің 16 сағат болуы, апталық жүктеменің азаюы біздің ұстаздар үшін жақсы жаңалық болды.
Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы қасиет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың  басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген ұлағатты сөздерінің еленгені осы болар.
Мемлекетіміздің ұстаздарға жасап отырған бұл құрметіне, біз де зор жауапкершілікпен қараймыз.
       
Жанболат НАЗАРОВ,
№129 Ә.Жәмішев атындағы
мектеп-лицей директоры

*****
Ұлағатты ұстаздардың мерейін асырған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға Ел Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылдың 30 жел­тоқсан күні қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті.
Аталған Заң 2019 жылы Президенттің қатысуымен өткен педагогтердің Тамыз конференциясында айтқан тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленгені белгілі. Мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері ескеріліп, халық қалаулыларының талқысынан өтіп, қабылданған заңда педагогке тән емес функцияларға тар­туға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нор­малар көзделген. Сонымен қатар педагогтердің балаларын балабақшаға орналастыруға басымдық беру, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауыл мұғалімдерінің жалақысын арттыру және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты бар мұғалімдердің материалдық емес ынталандыру қарастырылған. Мұғалімдер үшін маңызды ынталандырулардың қатарында ерекше атап өтерлігі – сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту шаралары көңіл қуантады. Енді магистр дәрежесі бар мұғалімдер 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы алатын болады. Мұнан басқа 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтері үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма іске асады.
Педагог қауымын қуантқаны – енді мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нор­малар және қайталанатын ережелері бар нормалардың алы­нып тасталғаны. Бұл өз кезегінде мұғалімнің алаңсыз шығарма­шылықпен айналысып, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беру жолында кедергісіз еңбек ететінін көрсетеді.
Еліміздің болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Олардың жан-жақты білімді, көп тілді меңгерген, ізденімпаз тұлға етіп қалыптасуына әріптестеріміз аянбай қызмет ететініне сенім мол.

Сәуле ТАЮПОВА,
№210 О.Әбілпаттаев атындағы
орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі



24 қаңтар 2020 ж. 783 0