ЖАҢА ЛЕП, ТЫҢ СЕРПІН
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабылдады. Жолдауда нақтыланған мақсат-міндеттер халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал ететіндігі сөзсіз. Жолдаумен таныса отырып, кезекті құжаттың білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштерінің нақты бағдарламасы екендігіне көзіміз жетті.
Ұлт көшбасшысы «Барлық мемлекеттік орта білім ордаларына Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру әдісін енгізу қажет, яғни НЗМ-нің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды», – деп атап көрсетті. Аталған тапсырма оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде біздің аудан бойынша НЗМ-нің әдістемесі, бағдарламаларын, соның ішінде білім мазмұнын енгізуде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде мектеп бітіруші түлектер екі жыл қатарынан облыс бойынша мемлекеттік грант иеленуден көш бастап келеді.
Елбасы өз сөзінде бүгінгі күні республикада бүлдіршіндердің 95 пайызының балабақшамен толық қамтылып отырғандығына арнайы тоқталды. Қазіргі таңда ауданда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылып отыр.
Мемлекет басшысының келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдауға тапсырма беруі қоғам авангарды – ұстаздар қауымын тағы бір серпілтті. Ұстаздардың статусын көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Ұстаздар үшін бұл үлкен қолдау. Ұстаздар қауымын нақты қолдау – олардың тек лауазымдық жалақысын арттырумен ғана өлшенбейді, ұстаз мамандығының абырой-беделін көтеруге, өзін-өзі жетілдіруге, жаңашылдыққа ұмтылуға ықпал етеді. Сонымен қатар қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болса, ол мамандыққа деген болашақ жастардың қызығушылығы, ынтасы мен ұмтылысы зор болады.
Білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру бүгінгі күннің басты талабы. Заман талабының зор екендігін ұғынып отырмыз. Алдағы іс-қимылдың жобасы бар, арнасы анық. Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыруда ұстаздар қауымының озық білімдері мен үздік тәжірибелері сабақтасса, білім саласының қарыштап дамитындығына деген сенім мол. Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру бiлiм беру саласы қызметкерлерi мен ұстаздарды еліміздің баянды болашағы жолында еңбек етуге шақыратын маңызды құжат болуымен қатар білім саласында саннан сапаға көшетін мезгіл жеткендігін нақты айқындап берген тың бастама болды.
Б.СҮЮБАЕВА,
аудандық білім бөлімінің басшысы