Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертегі – ой бесігі

Ертегі – ой бесігі

Жаһандану дәуірі бесіктегі баладан бастап, еңкейген қартты да ұялы телефонға телміртіп қойды. Әсіресе, тәуліктің жиырма төрт сағатын ғаламторда өткізетіндердің қатарында жеткіншектердің көбейіп баратыны алаңдатарлық жағдай. Ұялы телефонның сіз бен біз білмейтін небір құйтырқы функцияларын шемішкедей шағатын балаларға қарап, таңданысыңды жасыра алмайсың. Алысқа бармай-ақ, өз отбасымды алсам, оқушы баламнан бастап, енді ғана мектеп табалдырығын аттаған кішкентайымның өзі қолы қалт етсе, көп уақытын осы әлеуметтік желіде өткізетінін көріп жүрмін. Сондықтан балаларымды осындай жағымсыз әрекеттен құтылдырудың амалын өзімше іздеп көрдім.

Қай кезеңде де адамның рухани азығы ол – кітап. Баланың анасынан ең алғаш еститіні бесік жыры болса, екіншісі – ертегі. Ертегі – ой бесігі. Бесікте жатқан сәбидің құлағы анасының нәзік дауысына, сөйлеу мәнеріне, дауыс ырғағына үйреніп, оның тұла бойынан тәрбиенің қайнар көзін алады. Сондықтан адамзат тарихында қашанда ертегінің тәрбиелік маңызы зор десек, артық айтқандық болмас. Демек, "ештен кеш жақсы" дегендей қолыма кітап сөреден "Қазақ ертегілері" кітабын алып, алғашқы бетін аштым. Ертегілер жинағы бала кезімізден анамыздан естіп, өскен "Ер-Төстік" ертегісінен басталыпты. Ертегіге көз жүгіртіп, баламның қолынан ұялы телефонын алып, кітаптағы суреттерге назарын аудардым. Балам түрлі-түсті суреттерге мән беріп, ондағы кейіпкер жайлы сұрай бастады. Дереу қызығушылығын бәсеңдетіп алмау үшін, ертегіні барынша мәнерлеп оқи бастадым.

"Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Төрт түлік малы сай болыпты. Қора толған қойлары болыпты..." деп әр сөйлем сайын баламның жүзіне қарап, оның шын мәнінде әрі қарай оқығанымды қалап тұрғанын байқадым. Содан соң ертегіні барынша түсінікті етіп, баламды жалықтырып алмас үшін оның мазмұнын өзімше жалғастырдым.

"Ерназар байдың сегіз ұлы үлкен жұтта елмен бірге мал айдап кеткеннен қайтып оралмайды. Ерназар мен әйелінің ішер асы таусылғанда олар шаңырақта керулі тұрған кер биенің төстігін асып жейді. Осыдан соң кемпірі жүкті болып, ұл туады. Ұлдың атын Төстік қояды. Төстік өзгеше бала болып, бір айда бір жасқа, екі айда екі жастағыдай, бір жылда он бестегі жас жігіттей үлкен болып өседі. Төстік өзінің сегіз ағасының болғанын естіп, оларды іздеп жолға шығады. Барлық қиындықтарды, кедергілерді жеңіп, ағаларымен аман-есен елге келеді. Бірде Ерназар жалмауыз кемпірдің айласына түсіп, оған Төстікті беруге уәде береді. Бірақ ақылды жары Кенжекейдің, жер астындағы адал достарының көмегімен көп қиындықтарды жеңіп, Төстік еліне оралады. Төстіктің жүйрік тұлпары бар. Ол – Шалқұйрық. Тұлпары сөйлейтін, алдағыны болжай алатын сенімді серігі екен. Ал Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар – Төстіктің адал достары" – деп ертегіні барынша қысқа етіп айтып бердім. Себебі ертегідегі әрбір оқиғаны кітап тілімен оқып беру баламның жасына ертелеу ме деп ойладым. Ұзақ сонар сөйлеммен баламды жалықтырып алмауым үшін осыны жөн деп санадым.
Ертесіне "ертегі тыңдауға қалайсың, балам" деген сауалыма "төстік жеп туған бала туралы тағы айтшы" деп сұрады. Енді ертегінің әрбір сюжетіне тоқталып айтудың реті келгенін түсініп, кітаптың беттерін ақтара бастадым.

Иә, ертегі арқылы бала өзін қоршаған ортаны барлап, табиғаттың сырларын сезіне бастайды. Әдептілік пен әдемілікті бойына сіңіріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінеді, адамгершілік қасиетінің алғашқы әліппесін қалайды. Сонымен қатар ертегі бала қиялына қанат бітіріп, кімдерден алыс жүруді, білмегенді білетін болады.

Бала тәрбиесінің жауапты тұлғасы ата-анасынан кейін оның бала бақшадағы тәрбиешісі. Бала бақшадағы тәлімгерінің аузынан естіген ертегі балалар үшін нұрын шашқан күн шуақ секілді. Сол жылы шырайлы шуақ көзі баланың тұла бойына дарып, одан сайын ертегіге құмарлығы арта түсуіне ықпал етеді. Ал мектеп табалдырығын аттаған соң баланың алғашқы мұғалімі де ертегі айтса, сөз жоқ, бұл да өзіне үйренісудің тамаша әдісі болмақ. Себебі баланың ойында өмір бойы есте қалатыны – оның алғашқы мұғалімі. Мұғалім бүлдіршіннің рухани дүниесінен ең алдымен ертегі ретінде орын алады. Бұдан мұғалім ұтпаса, ұтылмасы анық. Өйткені ол баланы қиялдауға, сөйлеуге үйретеді. Мейірімді, адал, әділетті, еңбек сүйгіш болуға, таза жүруге, достыққа, әдептілікке үйретеді. Жамандықтан, қулықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болу тәрбиесін жолға қояды. Әрдайым татулық, достық, бірлік пен ынтымақ жеңетінін көрсетеді.

Келешек қоғам – ұрпақ тәрбиесіне байланысты деп сеніммен айтамыз. Бүгінгі жылдам дамыған заманда балалардың ой-қиялын өз ертегілері арқылы жеткізу мүмкіндігі бар. Рухани баюдың кепілі – әр нәрсені білуге талпынып, білімнің тереңіне бойлау, дамуды кемелдікке жеткізу. Осы орайда қазақ халық ертегілері – тәрбиенің таптырмас құралы. Олар түсінікті тілмен өмір туралы, қиын жағдайдан шығу жолдарын көрсетеді. Ертегі адамдармен қарым-қатынасты қалыптастырып, шыдамдылыққа, сабырлыққа, қайсарлыққа, болашаққа міндеттер қойып, соған жетудің жолын үйретеді. Осындай тәрбиенің тамаша құралы бар қазақ халқының ұрпағы небір сұмдық, залым мен сойқанды көрсететін ғаламтордан арылып, елжанды, Отансүйгіш азамат болып өсуге әбден лайық.
Бибісара ЖАНӘЛІ

14 қаңтар 2020 ж. 861 0