ҰЛТ ҰЯСЫ – БЕСІК
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің алғашқы жататын жылы орны ана кеудесі мен қасиетті бесік. Қазақ қашаннан бесікті қасиет тұтқан. Тіпті әр отбасының атадан келе жатқан дүниесі десе де болады. Қазір әр қазақтың үйінде кездеспесе де бір отбасының тұңғышына ырымдап бесік дайындалады. Бесікте жатқан бөбек анасының бесік жырын тыңдап ұйықтайды.
Соңғы жылдары техниканың дамығаны соншалық электр қуатымен тербелетін бесік те пайда болды. Анасының үнін бесік жыры арқылы естіп өскен баланың миы да жақсы дамып, жүйке жүйесі бірқалыпты қалыптасады. Мұны ғалымдар да дәлелдеген. Дегенмен, бесікті қоларбаға айырбастаған келіншектер көбейіп кеткені жасырын емес. Үнемі жаялықтың орнына памперсті пайдаланатын аналар оның қаншалықты зиян екенін біле ме екен? Әрине, жас аналардың жалқаулығы мен еріншектігі өз ұрпағының денсаулығына кері әсер етіп жатқаны өкінішті.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам» деген емес пе? Қазір бесікке бөленбеген, бесік жырын естімеген ұрпақ өсіп келеді. Олардың бойында ауру-сырқауға бейімделгіш, денсаулығы әлсіз, әлжуаздық байқалатыны рас. Сондықтан Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұрпағымыздың рухани жан дүниесі киелі тамырынан ажырамау үшін ұлттық код туралы айтты. Сол кодтың нәрі – бесікте. Бесік бөбекті тәрбиелейді, таза, жылы жатуына себеп болады. Бесік бала бойына жақсы қасиеттерді сіңіреді.
Роза Бекзатқызы: Әрине бесік – киелі. Әр отбасының өз бесігі болады. Сол үйдің ұрпағы бір бесіктен өсіп шығады. Өз балаларымды бесікте бөледім. Немерелерім де әкесі жатқан бесіктен өсті. Бір мезгіл болса да бесікке жатқызып, әлдилеп, тыныш ұйықтағанын қалаймын. Ескіліктің қалдығы деген жас келіндермен келіспеймін.
Фатима Жолдасова, зейнеткер: Заманымыз қанша өзгерсе де дәстүрімізді сақтап келеміз. Немерелерімнің барлығы бесікте өсті. Ақтөбеге тұрмысқа шыққан қызымның балалары да бесіктен ажыраған емес. Өз әулетінің көне бесігі бар екен. Бесікте әбден қатайып, аяғынан тұрып кеткенше жатады. Ата-бабамыздан қалған дәстүрмен үйімізде «бесік тойы» жиі болғанын қалаймыз.
Мирамкүл Маханова, зейнеткер: М.Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген әдемі сөзі бар. Бесіктен безген бөбек ертең мейірімсіз болып өссе, оған анасы кінәлі. Әдепкіде тым кішкентай деп бесікке салмай, кейін бесікке жатқыза алмай жүрген келіншектерді көріп жүрміз. Аяқ-қолын ербеңдеп жататын бала қайдан тыныш ұйықтасын. Сондықтан біз нәрестемізді бесіктен ажыратпауымыз керек. Оның қасиетін келіндерге айтудан шаршамасақ үлкендігіміз сол.
Иә, ұлттық құндылығымыз саналатын бесік – әр үйдің төрінде тұруы тиіс. Ол ұрпақ жалғастығын тілейтін қасиетті дүние. «Бесік саудаламайды» деген сөз бар. Мұның мәнісі де оның қасиетінде.
Жақында баспасөз бетінде «Қазаққа бір төл мереке керек – ол бесік той» деген мақала жарық көрді. Несі бар қолдайтындай-ақ нәрсе. Ұлттық мереке етіп бір күнді бесік күніне арнасақ, айналамыз сәби үніне толмай ма? Оның құндылығы туралы көбірек айтылып, бесік жыры да насихатталады. Қайсы бір жылдары ауданда жақсы мерекелік шаралар өтті. Бесік жырына арналған байқауда ақ жаулықты аналарымыз бесік тербетіп, бесік жырын айтты. Мына заманның тез өзгеруіне таңырқаймыз деп жүргенде бесігімізді тек сахнадан немесе музейден көріп жүрмейік. Мәңгілік елді мұрат еткен халқымыз бесігінен ажырамасын.
Б.ЖАНӘЛІ