Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық еңбектің жемісі

Ұстаздық еңбектің жемісі

Ұстаздық – қасиетті де, қадірлі мамандық. Мұғалім болып еңбек еткеніме міне, тура 35 жыл болды. Осынша жыл мен табан аудармастан аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келемін.

Мектеп табалдырығын алғаш имене аттаған бүлдіршіннің жүрегінен орын алу үшін бастауыш сынып мұғалімдері көп еңбек етеді. Мұндайда бір ғана тәжірибе аздық етеді дер едім, адамның мінезі мен қадір-қасиеті де мамандыққа сай болғанда ғана еңбегің өз жемісін береді.

Қазіргі заман талабы мұғалімдерге зор міндет жүктеді. Сенім үдесінен шығу жолында ұстаздар қауымы шығармашылықпен айналысып, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіруде. Ізденімпаз ұстаздың алдындағы шәкірт қана биік шыңдарды бағындыратын білімді азаматқа айналады. Алғаш рет әріп танытып, оқу мен жазуды үйрететін бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі қашанда жоғары бағаланады.

Жылдағы дәстүр бойынша білім қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Райкүл Байназарова мектепті Алтын белгіге бітірген оқушылардың алғашқы ұстаздарына арнап арнайы сый – Нұр-Сұлтан қаласына саяхатқа баруға жолдама берді. Бұл әрине, біздер үшін үлкен қуаныш. Сондай облыстағы 130 бақытты ұстаздардың қатарында менің де болғанымды мақтаныш етемін. Ауданнан 15 бастауыш сынып мұғалімдері биылғы қысқы каникул кезінде есте қаларлық керемет саяхатқа барып қайттық.


Сапар кезінде ізгі құрметтің, қошеметтің барлығы мұғалімдерге жасалғандай әсерде болдым десем артық айтқандық болмас. Ұйымдастырушылар біздерді вокзалдан күтіп алып, жайлы автобуспен аяғымызды жерге тигізбей қонақ үйге орналастырып, Елорданың көрікті жерлеріне апарды.


Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың музейінде, Оқушылар сарайында, "Бәйтерек" кешенінде, "Думан" ойын-сауық кешенінде, "Ханшатыр", "Әзірет Сұлтан" мешітінде болып, қаланың көрікті көшелерін араладық. Бір сәт еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның күн сайын ажарланып, сәулетіне сәулет, келбені көрік қосып, жаңарып келе жатқанының куәсі болдық.


Осындай сый-құрметке ұстаз ретінде менің екінші рет кенелуім. Оның алғашқысы 2011 жылы оқушым Әсия Нұрлыбаева мектепті Алтын белгіге бітіргенде және биылғы оқу жылында Нұрбол Амануллаев пен Әлфия Жақсыбаева есімді шәкірттерім Алтын белгі иесі атанып, мені осындай қуанышқа бөленуіме себеп болғанын да айта кеткен жөн.
Жалпы соңғы жылдары ел Президентінен бастап, Үкімет мүшелері, ел басқарған азаматтар білім саласына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Соның бірі де бірегейі "Мұғалім мәртебесі туралы" Заңның қабылдануы. Еліміздің барша ұстаздар қауымына ерекше серпіліс берген құжатты зор құрметпен қабылдап, қолдау білдіремін.


Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың ұшқыр ойлы, ізденімпаз, білімді азамат болып қалыптасуына білім негізін қалап жүрген әріптестерімнің атынан облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Райкүл Мансұрқызына, аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаровқа, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Есназарға алғысымды білдіремін.

Шолпан Абенова,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің
жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі
10 қаңтар 2020 ж. 1 210 0