Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпістің керіп желкенін

Жетпістің керіп желкенін

Ауылдастарының әркез жағдайын ойлайтын, қолынан келсе жақсылық жасауға бейім тұратын бір адам болса, ол – Қанекең. Жетпіс жасқа келсе де, әлі де ширақ ағамыз Шіркейлідегі барша игі істердің бастамашысы, қолдаушысы болып келеді. Бүгінде ауылдық Қоғамдық кеңесінің төрағасы. Әрине, Шіркейліні айтқасын әңгіме кім жайында екенін көзі қарақты оқырман іштей бағамдап отырған болар. Олай болса, жаңылысқан жоқсыз. Біздің кейіпкеріміз – 48 жыл ұлағатты ұстаз болған, ауылдың белсенді азаматы Қанатбек Әбілқасым.
Биыл жетпіс жасқа толған ағамыз барлық саналы ғұмырын туған жерді түлету жолындағы жарқын істерге арнады десек, қателесе қоймаймыз. Қанатбек Әріпханұлы – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол спортшы, музыкант, аңшы, ұстаз, ауылда қоғамдық тәртіптің сақталуына бас-көз болып жүретін қоғам белсендісі. Қ.Әбілқасым – талай жақсы мен жайсаң шыққан Шіркейлі ауылының тумасы. Бұл елді мекен иісі қазаққа белгілі Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішевтың ата қонысы. Аға ұрпақтың өнегесін әрдайым жадында берік ұстаған Қанатбек Әріпханұлы туған жердің түтіні түзу ұшсын деп жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл мектебінде 48 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет жасады. Туған ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектепте ұзақ жыл музыка пәнінің оқытушысы, психолог, әскери пән жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы болды. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы баба Әл-Фараби айтқандай, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Бұл ұстаздық қыры болса, Қанекеңнің музыкаға өлең жазуға да бейімі бар. Ақындық өнер Әбілқасым әулетінде атадан балаға мирас болып жалғасып келеді. Қанатбек ағаның әкесі Әріпхан – Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер. Майданда жүріп, елге өлеңмен хат жазады екен. Одан өрбіген Қанекеңнің ақындығы көпке мәлім. Ал енді Әріпхан атаның немересі Нұрмұхамедтің таланты тас жарады. Бірнеше өлең кітаптардың авторы. Халықаралық «Шабыт» сыйлығының, республикалық байқаудың «Алтын қауырсын» номинациясының, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері.
Қанатбек Әріпханұлы – қайрымды азамат. 1974 жылы туған Владимир Мухин деген панасыз қалған орыс баласын асырап алып, бауырына басты. Бүгінде Владимир үйлі-жайлы. Өз еркімен мұсылман дінін қабылдады. Қызылорда қаласында жұмыс істейді.
Азаматтық белсенділігімен көп құрметіне бөленген Қ.Әбілқасым ауылда қылмыс атаулыны болдырмау және ұрлық-қарлықпен күресіп келеді. Ауылдастарына болысып, аудандық құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп, талай мал ұрлығының алдын алуға ықпал етті. Ауылда қоғамдық тәртіптің сақталуына белсенді қызмет етіп жүрген Қ.Әріпханұлына мектепте ұзақ жыл психолог болған мамандығының да септігі тиіп жүр.
– Мен өзім бала күнімнен тәртіпті сүйемін. Тәртіп болған жерде жұмыс та үйлесімді жүреді. Сондықтан ауыл ішінде ұрлық-қарлыққа, тәртіпсіздікке жол бермеу үшін күресемін. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыс атаулыға тосқауыл қоямыз. Өз ауылымыздан ғана емес, малдары жоғалған көрші ауылдың тұрғындары да бізден көмек сұрайды. Оларға қолдан келген көмегімізді береміз. Аудандық полиция бөлімінің ардагерлері Б.Төлешов, Р.Салхадинов тағы басқалар кезінде ауыл­дарда қылмыс атаулыны болдырмауға мықтап атсалысты. Олардың жұмысына ризамын, – дейді Қ.Әбілқасым.
2018 жылы Қанатбек ағаның отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Талантты ұлы Нұрмұхаммед ауданның Құрметті азаматы атағын алды. Осы жылы Қ.Әбілқасым отбасы облыстық байқауда «Өнегелі отбасы» номинациясын иеленді.
Қ.Әріпханұлы зайыбымен бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Нұрмұхаммедті ел таниды. Ал үлкен ұл Дінмұхаммед те мықты азамат болып қалыптасты. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей Димаш құқық қорғау саласында еңбек етуді қалады. Бүгінде доғарыстағы полковник. Бес қызы бар. Үлкені Диана көркем гимнастикадан облыс бойынша бірінші спорт шебері. Кіші ұл Қалмұхаммед «ПетроҚазақстанда» жетекші инженер, 3 ұл, 2 қыздың әкесі.
Үлкен қызы Жадырадан туған жиені Нұрзат Мәскеуде Тимирязев атындағы академияны қызыл дипломға бітіріп, Ресей астанасында гүл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Одан кейінгі жиені Нұртілеу жақында Әзербайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық жарыста грепплингтен қола жүлдені жеңіп алды. Жалпы Қанатбек ағаның ізінен ерген ұрпақтары өнегелі істермен атасын қуантып келеді.
– Қанатбек Әріпханұлының шәкірті еке­німіді мақтан тұтамын. Мектепте сабақ берді. Оқушыларының барлығын өзі тәрізді әділ, турашыл болуға тәрбиеледі. Қанатбек ағай секілді ұстаз болуды армандап, жоғарғы оқу орнын бітірдім. Ағаймен бірге қызмет жасадым. Ұлағатты ұстаз Қ.Әбілқасым бүгінде зейнеткер болса да, ауылдағы қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Алдымызда осындай ақылшы ағаның болғанына қуанамыз, – дейді ауыл әкімі Т.Құламқадіров.
Қ.Әбілқасым 4 жылдан бері Шіркейлі ауылдық Қоғамдық кеңестің төрағасы. Қоғамдық кеңеске 11 адам мүше. Қоғам белсенділері ауылдың ішкі мәселелерін әділдікпен шешіп келеді.
– Ауылда игі істердің өркен жаюына шаруашылық әкімдігі мұрындық болуда. Биыл ауыл орталығынан 20 комбайн тұратын бокс салынды. Шаруашылық мектеп-лицейге су жаңа микроавтобус алып берді. Оқушыларға тегін қызмет көрсететін шаштараз ашылды, – дейді Қоғамдық кеңес төрағасы.
Ақжарқын, көңілі даладай кең Қанатбек ағамыз қолы қалт еткенде аудандық газет редакциясына да соғып тұрады. Туған ауылының жаңалықтарымен бөліседі. Кезінде жергілікті басылымда еңбек еткен әзиз ағаларды еске алады.
– Аудандық басылым тарихында өзіндік ізі бар Сұлтан Қожаниязов ағамызды бүкіл ел біледі. Редакция қашаннан руханияттың ордасы болғандықтан, осылайша сәлем беріп келгенімде сол ағамыз: «Қанатбек, сенің атаң мені мұсылман қылған, атаңа маңдайың ұқсайды. Әрі сені елгезектігің үшін сыйлаймын», – деп жан сырын ақтарғаны бар. Осы орайда өзіміз білетін тарихты көппен бөліссек артық болмас. Ескі Карл Маркс пен қазіргі Нағи ауылының ортасында «Шаққан» деген жер болған. Сонда қажыға барған атақты мойнақ Мекебайдың төңкеріске дейін мешіті тұрыпты. Осы мешітте Қанатбек ағаның атасы Әкім молда көп жыл бас имамдық еткен. Сұлтекеңді мұсылман етіп жүрген осы кісі.
Бұдан ұғатынымыз, Қанекеңнің атасы да, әкесі де текті адамдар болғаны. «Жақсыдан жақсы туады жарқылдаған» дегендей, игі істердің қолдаушысы болып жүрген жанға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
24 желтоқсан 2019 ж. 642 0