Қандай жағдайда құрылысқа рұқсат қажет?
Аудан әкімдігінде аудандық соттың ұйымдастыруымен «Өз бетімен салынған құрылыс» тақырыбында семинар өтті. Оған аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы А.Абдулла және тиісті сала мамандары қатысты.
Семинарда аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы А.Абдулла Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес, өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тану санатындағы азаматтық істерді қарау тәжірибесін қорытумен таныстырды. Сол бойынша аталған санаттағы азаматтық істерді қарау барысында орын алған мәселелерге тоқталды. Оның ішінде Азаматтық кодексімен және жер кодексінің, азаматтық-процесстік заңнамасының қолданылуына тоқталып өтті. Яғни тиісті құжаттарды рәсімдемей, көпшілік өз бетімен құрылыс салып қояды. Кейіннен соған қатысты мәселе туындап, тараптар арасында дау туындайды. Сондықтан осы мәселе тұрғысында халықтың сауатты болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ сала мамандары халық арасында түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізуі тиіс. Соның нәтижесінде мұндай олқылықтарға жол берілмейді.
Жиында аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы А.Ерішова хабарлама жасап, тиісті заңдылықтарын түсіндірді. Сонымен қатар семинарда азаматтық іс жүргізу заңнамасының қолданылуы, талап қоюмен жүгіну, соттылық ережелері, істі қарауға тартылуға жататын тұлғалар, мемлекеттік баж төлеу мәселелері, материалдық құқық нормаларын қолдану, дәлелдемелер және дәлелдеу, өз бетімен салынған құрылысты бұздыру мәселелері сөз болды. Іс-шарада осы мәселе тұрғысында сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ