Тоғыз айға қорытынды жасалды
Кеше Сырдария аудандық сотының мәжіліс залында аудандық сот төрағасы А.Абдулла журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Биылғы жылдың тоғыз айына аудан бойынша қаралған қылмыстық және азаматтық істердің жалпы қорытындысын баяндап, өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырды.
Шара барысында сот төрағасы аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, статистикалық мәліметтерге тоқталып өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында аудандық сотқа барлығы 35 қылмыстық, 294 азаматтық іс қаралса, оның ішінде 153 шешім қабылданып, 12 іс қараусыз қалдырылған. Сонымен қатар 193 адам әкімшілік жазаға тартылған.
Бүгінде дауды сотқа дейін жеткізбеу мақсатында медиаторлар жұмысы кең етек алуда. Арызданушы талаптарды бітімгершілікке бастайтын қызметте аталған сала мамандары 73 азаматтық істі қараған. Аудандық сот төрағасы қазіргі таңда барлық істер заманауи технологиялармен қамтылған сот залында аудио-бейне жазба арқылы қаралып жатқандығын тілге тиек етті. «Сот төрелігінің жеті түйіні» пилоттық жобасы аясында сот жүйесі жұмысына енгізілген жаңашылдықтармен таныстырды. Оның ішінде аудандық сот ғимаратынан ашылған фронт офис, медиация кабинеті, сонымен қатар іске асырылып жатқан «Виртуалды сот», «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Әділ процесс», «Оңтайлы орта» пилоттық жобаларына тоқталып, түсіндірме берді. Сырдария ауданы бойынша Бесарық, Амангелді, Қоғалыкөл ауылдық округтерінің әкімшіліктеріне орнатылған бейне байланыстар арқылы сотта істерді виртуалды қарауға мүмкіндік барын, өзге елді мекендермен істердің «TrueConf» мобильді байланысы арқылы қаралып жатқанын атап, Бесарық ауылдық округтерінің әкімшіліктеріне орнатылған бейне байланыс арқылы 2 іс және өзге елді мекендермен істердің «TrueConf» мобильді байланысы арқылы 44 әкімшілік іс, 10 азаматтық іс қаралғанын жеткізді.
Сотсыз татуласу пилоттық жобасының міндеттерін «Отбасылық сот», «Еңбек дауларының және жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың алдын алу» пилоттық жобасы тұрғысында олардың тиімділігін, дауды сотқа дейінгі реттеудің басымдықтары жайлы түсіндіру барысында үш дөңгелек үстел, жеті лекция, жеті семинар сабағы өткізілгендігін мәлімдеді.
Есепті мерзімде «Сот кабинеті» сервисі арқылы 309 талап арыз және 240 әкімшілік іс түскен.
Аудандық сотта іс жүргізу жүз процент мемлекеттік тілде яғни қазақ тілінде іске асырылуда.
Сот төрағасы А.Абдулла өз сөзінде: « Біздің басты мақсат – сот жүйесінің имиджін нығайту, заң үстемдігі, халықтың соттарға деген сенім деңгейін арттыру болып табылады, – деді.
Сот саласындағы қызметкерлерге мемлекет пен үкімет әділ шешім шығару үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Халықтың заң қызметкерлеріне деген сенімін ақтау үшін барлығын ашық жүргізуге тиісті.
Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ